Жаңалықтар

АНАСТАСИЯ ТИМОЩЕНКО-БОРОВИКОВА: АССАМБЛЕЯ - МЕНІҢ ӨМІРІМНІҢ СӘНІ ДЕ МӘНІ

20.11.2018 09:42 1868

Анастасия Тимощенко-Боровикова –ҚР Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» мақаласының шеңберінде ұсынған «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасына қатысушы.  

Ол – Астана қаласының «Оберег» украиндар қоғамы» бірлестігі жастар қанатының жетекшісі және Астана қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының штаб төрағасының орынбасары.

Анастасия Целиноград қаласында дүниеге келген. Бала кезінен белсенді болып, түрлі мерекелік шараларға үнемі қатысып жүретін. Мектепте, кейін университетте құрбыларының арасында топ жарып, «староста» қызметін атқарды, соның арқасында жауакершілігі де мол болды. Музыкаға әуес. Тарас Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің түлегі. Сонымен қатар Қазақ Гуманитарлық заң университетін және Дизайн жоғары мектебін тәмәмдаған. Қазір кәсіпкерлікпен бірге ұстаздық қызметті де қатар алып жүріп, оған қоса қоғамдық өмірге де белсенді араласады.  

— Анастасия Юрьевна, «Чаривни Джэрэла» жастар қанатының бүгінгі тіршілігі жайында құлағдар етсеңіз.

— Астана қаласының «Оберег» украиндар қоғамы» бірлестігінің жастар қанаты бүгінгі таңда ең белсенді әрі табысты ұйымдардың бірі. Біз қоғамдық өмірдің көптеген салаларында жастармен тығыз жұмыс жүргіземіз. Соның ішінде – қайырымдылық, ардагерлер мен қарттарға демеушілік жасап, қолдау көрсету. Шығармашылық, іскерлік қарым-қатынасты дамыту. Халықаралық және республикалық конференциялар мен съездерді ұйымдастыру.    

Өзім құрдастарыма, замандастарыма іс жүзінде бүгінгі таңда ел тарихын, жеке өзіміздің тарихымызды өзіміз қалыптастырып жатырмыз дегенді көрсеткім келеді. Уақыт созудың ешқандай қажеті жоқ. Өзіміз дәл қазір және үнемі оң істерді қолға алып отыруымыз қажет.

Біздің қоғамдық бірлестіктің көлемді концерттері мен фестивальдарын ұйымдастырып, бұл жұмыстарға мейлінше көп жастарды баулуға тырысамын. Бірлестіктің әрбір мүшесі оның жұмысына тығыз араласып жүреді. Соның арқасында біз үлкен жанұя, берік команда болып қалыптастық деуге болады. 

— Сіз «Anastasia TB» атты үй-жайлардың және жиһазбен көркемдеушілер Мектебінің негізін қаладыңыз. Осы туралы толығырақ айтып кетсеңіз. Бұл сіздің хоббиіңіз ба?

— Көркемдеушілер мектебін 2016-шы жылы ашқанбыз. 2018 жылдың тамыз айында мен оның Алматы қаласындағы филиалын құрдым. Мен түрлі дизайнерлік шешімдерді өз қолыммен іске асыруды қалайтынмын. Түрлі түстерді араластырып, оларды үйлестіру, үй-жайдың сәнін келтіретін, оның кескінін ашатын шешімдер өзінен-өзі туындайтын. Сөйтіп, бұл сала маған өте жақын екенін түсіндім.   

Мен өз басым тәжірибе ретінде көптеген іспен айналыстым. Шабытым оянған кезде біраз нәрселерді жасап үлгеремін. Көне жиһаздарға деген махаббатым оянып, оларды қалпына келтіру амалдарын ойластырдым. Сол кезде, оларды қалпына келтіре алатын мамандар жоқтың қасы екеніне көзім жетті. Ал, мұндай жиһазды күрделі жөндеуден өткізіп қана қоймай, оларға жан бітіруге болады. Сонда олар үй-жайдың сәнін ашады. 

Мен үйрететін әдістемелердің барлығы - авторлық. Олар интернеттен алынған жоқ. Көне орындықты қалай қайта бояп шығару керек, оны қалай жөндеу керек, қалай өңдеуге болады - мұның бәрі менің жеке тәжірибем. Мен оған өз шәкірттерімді үйретуге әзірмін және соған қуанамын.   

— Сіз жаңа мұндай мектептер Қазақстанда жоқ деп айттыңыз. Оның ерекшелігі, бірегейлігі неде?

— Қазақстанда шығармашылық студиялары мен шеберханалар бар, әрине. Бірақ олардың барлығында қолөнер немесе ұсақ-түйек өңдеу тәсілдері оқытылады. Менің мектебімде осы іске қажетті білімнің барлық жаһандық жиынтығы оқытылады деуге негіз бар. Оны үйренген адам жаңа кәсіпті меңгереді жне өз еркімен кәсіпкер де бола алады.  

Басты мақсат - сабақтың аяқталысымен ұмытылып кететін тәсілдерге үйрету емес. Менің мақсатым - дайын, білікті мамандарды даярлау. Кейін олар еліміздің түпкір-түпкірінде жүріп, қазақстандықтардың үй-жайларын ажарландыра түсуге, ескі жиһаздарын қайта қалпына келітіріп, ақшаларын үнемдеуге қолғабыс етсе, құба-құп болар еді.

Көркемдеушілер мектебінің ерекшелігі - біздің оқушыларымыздың жасы 12-ден 60 жасқа дейін барып қалады. Мен әртүрлі жастағы түрлі кәсіп иелерін үйретемін. Олардың көбі біздің мектепке мүлдем бейхабар болып келеді. Әрбір сабақ - олар үшін жаңа әлем ашумен тең десек артық болмас. Көп жағдайда олар маған алғыстарын білдіріп жатады. "Бұл оңайға соқпайды деп ойлап жүрсем, еш қиындығы жоқ екен", деп кететіндер де баршылық. Мектеп түлектерінің барлығы үй жайларыңызды, жиһаздарыңызды көркемдеп бере алатындай дәрежеге жеткен.   

Кәсіпкерлік саласындағы және көркемдеушілер мектебіндегі ұстаздық қызметімнен басқа мен Н. Литошко атындағы «Оберег» украиндар қоғамы» бірлестігінің вокалдық-хореоргафиялық ұжымында ән айтамын.

Ән  - бұл біздің болмысымыздың айқын көрінісі ғой. Үлкен залдағы қалың көрермен алдына сахнаға шығып, қазақ, украин әндерін орындаған кезде халық бірлесіп айтып жатқанын естимін. Сол сәттерде бірыңғай үлкен бір тірі организм іспеттес болып кетеміз-ау деймін.

— Бәлкім, Сіздің өмірге деген көзқарасыңызды өзгерткен немесе қандай да бір принциптеріңізден бас тартуға итермелеген бір кітап бар шығар?

— Тұлғаның қалыптасуы, дамуы, адамның ойлау қабілетінің өркендеуі туралы кітаптарды жақсы көремін. Демек, шын мәнінде жаңа бір леп әкеле білетін, жеке кәсібімнің, өзімнің дамуыма сеп бола алатын кітаптарды тәуір көремін.

Менің басты кітабым - П. Потс жазған "Әдеп" атты туынды. Менің пайымымша, әрбір адам қоғамда әдепті болуы керек. Мінез көрсетпей, өзгелермен санасуы шарт.

— Өміріңіздің қиын сәттерінде шешім қабылдауға не көмектеседі? Сіздің өмірлік ұстанымыңыз не?

— Мен - жауапкершілігі өте жоғары адаммын десек те болады. Бастаған істі аяқсыз қалдыруға болмайды. Себебі артыңда адамдар бар. Бұл өте маңызды. Жақындарыңның қолдауы болу керек. Олар қолдаса, кез келген міндет қолдан келеді.

— Әлеуметтік жұмыс, қайырымдылық, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері үшін шеберлік сыныптар өткізу  - мұның бәріне қалай үлгересіз? SOS балалар ауылынің тәрбиеленушілері үшін тренингтер өткізу идеясы қалай туындады?

- Елордалық «Оберег» украиндар қоғамдастығының өкілдері ұзақ жылдар бойы SOS балалар ауылына қол ұшын созып келеді. Жастар қанатымен бірлесіп, біз түрлі мерекелік шараларды жиі-жиі ұйымдастырып отырамыз. Көркемдеушілер мектебін құрған сәттен-ақ мен осы балаларға өз білгенімді үйретіп қоюым керек деген ой мазалап жүрді. Бұл ойлау қабілетін дамыту, шығармашылықтарын шыңдау, ең бастысы, тікелей қарым-қатынас кезінде балалар қамқорлыққа бөленеді. Біздің әрбір сабағымыздың соңында көзіңді жас алады. Бұл – бақыттың жасы, себебі балалар шынайы ризашылықтарын білдіріп жатады. Жылы шырай танытып, келесіде құшақ жая қарсы алады.    

— Сіз Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін көптеген шараларға жиі қатысасыз. Жеке өзіңіз үшін Ассамблеяның ролі қандай?

— Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына мен 11- жасымнан араласып келемін. Әрине, мен үшін бұл жай ғана қоғамдық қызмет емес - бұл менің өмірімнің сәні де мәні. Тіпті, мен үшін Ассамблеясыз өмірімді елестетудің өзі қиын. Күн сайын мен біздің еліміздегі толеранттылық, көпұлттылық принциптерін нығайтуға бағытталған жұмыстарды атқарамын. Біздің Елбасымыздың ең үлкен жетістігі - меніңше, бұл көпұлтты халқымызды біріктіре білуінде. Әрқайсымыз бір елдің азаматымыз. Дегенмен, әрқайсымыз өз ұлтымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін, әндер мен билерін сақтап қалып, әрі қарай дамытуға мүмкіндік алдық. Украина ұлттық киімін киген кезде, ал, мен оны аптасына бірнеше рет киемін, мен өз ұлтымның мәдениеті өшпейтініне көзім жетеді. Оған қоса, Қазақстанды атамекенім деп таныған барлық ұлттардың өкілдері де өз дәстүрін, тілін сақтап, ары қарай дамытуға зор мүмкіндік алып отыр.    

Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін іс-шаралардың арқасында біздің қоғамдық бірлестік ұйымдастырған фестивальдерде маған Президентіміз, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ас пен тұзбен қарсы алып, көзбе-көз тілдесу бақыты бұйырды. Бұл ұлы адамның теңдессіз энергетикасы бойыңа күш-қуат береді. Осындай дәстүрлерді орындатып қана қоймай, оған сыйластықпен қарап, қол тартып көрген емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы менің ұйымдастырушылық қабілетімді арттыра түсті деуге болады. Еліме деген мақтаныш сезімі кеудемді кернейді.   

— Соңғы кездері "сана мен қоғамды модернизациялау" ұғымы кең тарай бастады. Қандай да бір дәстүрлі әдеттерден бас тартып, жаңа жолдарын іздестіру жүріп жатқандай. Президент жастардың ой-өрісін кеңейту керек деп үнемі айтады. Ал, Сіздің модернизацияңыз не?

 — Қазіргі жастар тым шектеулі сияқты. Өз үйінің шеңберінде, өз айланасы, әлеуметтік желілермен шектеулі сияқты. Өмірдегі жаңашылдықтарды смартфонның экраны арқылы біліп отырады. Бұл, меніңше, дұрыс емес. Қоғам өміріне белсенді араласу керек, қоршаған ортаны өзгертіп отыру керек. Өз тарихымызды өз қолымызбен жазуымыз қажет. Болашақ жастардың қолында ғой. Өскелең ұрпақтың қолында. Бізде зор мүмкіндіктер бар. Ата-анамыздың, аға буын өкілдерінің мол тәжірибесін қазіргі заманға сай бейімдеп, жетілдіріп, жаңашыл бағыттарда кеңінен қолдануға болады. Бұл таптырмас мүмкіндіктер деп санаймын.  

— 5 жылдан кейін немен айналысқыңыз келеді? Шамалап айтып бере аласыз ба?

— 5 жылдан кейін де мен өзімнің өмірлік ұстанымымнан тайынбаймын. Алға қойған мақсаттарға жету үшін барымды саламын. Бес жылдың көлемінде көркемдеушілер мектептерінің санын арттырып, мыңдаған шығармашыл адамдарды даярлауды көздеймін. Менің мектептерімнің өкілдері, демек, менің оқушыларым, өз елінің гүлденуіне сүбелі үлес қоса алады деген сенімім зор.

— 2019 жылды Президент Жастар жылы деп жариялады. Оған өз жоспарларыңыз бар ма?

— 2019 жылда біздің, «Қазақстан украиндар Радасы» атты жастар қанаты үлкен көлемді форум ұйымдастыруды қолға алмақшы. Мен сол ұйымның төрайымымын. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен барлық жастар ұйымдарының көшбасшыларын шақырамыз. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының аясында жастар саясатын жүзеге асыру үшін түрлі жобалар мен идеяларды ұсынып отыруға тырысамын. Меніңше дәл осы қозғалыс пайда болғалы жастардың жұмыс сапасы екі есе арта түсті. Біздің жастардың белсенділігі артып, ел дамуына сүбелі үлес қоса бастады. 

— Жастарға не тілер едіңіз?

— Түрлі тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізген шақта үнемі айтатыным - жастар тек ойын-сауық құрып, оқып немесе хоббимен ғана шектеліп қалмауы қажет. Әрқайсымыз өз еліміздің қоғамдық өміріне белсенді түрде араласуымыз қажет. Тек өз үйіміздің ішімен шектеліп қалмағанымыз абзал. Өмірдің қызығына тоймай, сонымен қатар ол ұсынған мүмкіндіктерді де қалт жібермеу керек. Ассамблея бизнесте де, шығармашылықта да, қайырымдылықта да өз қабілеттеріңді алуан қырларыңнан көрсетуге мүмкіндік береді. Соны қалт жібермей, алға жылжу үшін талпыныс қажет екенін естен шығармаған дұрыс.  

Асан ҚАЛИАХМЕТ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға