Коллаж El.kz

Анарбеков жақсы ойын өткізді, бірақ оның болашағы туралы айта алмаймын - Артета

29.01.2026 12:04

«Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады. Сегіз матч өткізіп, жеті гол соқты. Любянада бастаған жолын Лондонда түйінеді. Атақты «Эмирейтс» стадионындағы матч туралы әлемдік БАҚ та жарыса жазып жатыр. Бір қызығы, «Арсеналдың» бас бапкері Артета матчтан соң  Темірлан Анарбеков туралы айтқан.

Иә, «Арсенал» мен «Қайрат» арасындағы кездесу 3:2 есебімен аяқталды. Football.london-ның жазуынша, мачтан кейінгі баспасөз мәслихатында журналистер Микель Артетадан қақпашы Анарбековтың аяқ-алысы туралы сұрақ қойған.

Журналист «Арсенал» бапкерінен «Қайрат» қақпашысы туралы ойын сұрап, оның бүгін жақсы матч өткізгенін,  Қазақстандағы болашағынан үміт күттіретін ойыншы екенін атап өткен. Оған қоса Анарбековтың келешекте  үздіктердің қатарына ілігіп, топ 5-ке кіруге мүмкіндігі бар-жоғын сұраған.

Артета болса, шынымен, Анарбековтың «Арсеналмен» жақсы ойын өткізгенін айтқан. «Қайрат» қақпашысының бұдан бұрынғы бірнеше кездесуде тамаша ойын өрнегін көрсеткенін жеткізген. Ал болашағына қатысты болжам жасай алмайтынын нұсқаған.

Sky Sport басылымы болса, «Арсеналдың» «Қайратты» оңай жеңгенін, Артетаның құрамды түрлендіріп, барынша еркін көсілгенін жазған. Сондай-ақ бапкердің 357 күн алаңға шықпаған Кай Хаверцті алматылық клубқа қарсы алаңға шығарғанын атап өткен.

Әдеттегідей, ESPN эксперттері матчтан соң эфирге шығып, жалпы кезеңнің қорытындысын жасайды. Бір-бірінен есте қалған ең жарқын сәт, гол немесе ойыншы туралы сұрайды. Сонда футбол сарапшысы Габриэле Маркотти Шерхан Қалмырзаның «Спортингке» қарсы ойынын атап өтті:

Жалпы кезеңнің 1 айналымы басталды. Турнир дебютанты «Қайрат» «Спортингке» қонаққа барады. Іріктеу кезеңінде «Селтикке» қарсы кездесуде негізгі қақпашылары жарақат алады. Онымен қоймай, Лиссабонға аттанарға төрт күн қалғанда екінші қақпашысы чемпионатта жарақат алып қалады. Сөйтіп, 18 жастағы Шерхан Қалмырза кәсіби мансабында бірінші рет негізгі құраммен алаңға шығады.Кездесудің 21 минутында «Спортинг» пенальти алады. Мортен Хюльманд пенальти орындағанымен, Қалмырза доптың бағытын дәл табады. Бірақ бұл көпке созылмай, артынша «Спортинг» төрт гол соғады. Бір апта өткен соң «Реал Мадридтің» бес гол соққаны тағы бар. Дегенмен мұның маңызы жоқ еді. Өйткені «Спортинг» гол соққанға дейін 18 жастағы дебютант-қақпашының 44 минут бойы берілмегені ертегідей әсер қалдырды – деді Маркотти.

Алматының «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин болса, «Қайраттың» Еуропадағы жолын және жинаған тәжірибенің маңызын атап өтті.

«Біздің футбол ертегіміз аяқталды. Жинаған баға жетпес тәжірибеге өте қуаныштымыз. Біз үздік командалармен ойнап, топ-клубтарды Қазақстанға әкелдік», – деді бас бапкер.

Оның айтуынша, алматылық клубтың Чемпиондар лигасындағы өнері жанкүйерлердің футболға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық футболдың дамуына серпін берді.

«Арсеналға» қарсы ойын жайлы сөз қозғаған Уразбахтин қарсыластың жоғары деңгейін ерекше атап өтті:

Біз Еуропаның үздік командаларының бірімен ойнадық. Бұл біз үшін үлкен сабақ. Алғашқы минуттарда біраз абдырап қалдық, үшінші минутта қателік жіберіп, гол өткізіп алдық. Соған қарамастан, жігіттер мінез көрсетті, – деді ол. 

Бас бапкер матчтың қиын өткенін, бірақ команда ойынына риза екенін айтты. Оның сөзінше, «Қайрат» бұл ойында ерекше жетістікке де қол жеткізді:

Балалар үлкен қысымға төтеп беріп, екі гол соқты. Жалпы кезеңде «Арсеналға» екі гол соға алған басқа команда болмады, – дейді ол.

Сондай-ақ Уразбахтин Лондондағы қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын ерекше атап өтті:

Бізді осыншама көп жанкүйер қолдайды деп күтпедік. Миланда да, Лондонда да қолдау күшті болды. Біз сол үшін ойнаймыз, – дейді бапкер.

Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне алғаш рет қатысып отыр. Жалпы кезеңде алматылықтар 8 матчтың 7-еуінде жеңіліп, бір кездесуде тең ойнады. Команда 7 гол соғып, 22 гол жіберіп алды және турнир кестесінде 36-орынға тұрақтады.