Жаңалықтар

Аналар кеңесі отбасындағы тәрбиені талқылады

Аналар кеңесі отбасындағы тәрбиені талқылады
20.11.2019 12:26 4073

Қызылорда қаласында Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысы «Отбасы. Тәрбие. Қоғам» тақырыбының аясында өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, облыстық, қалалық және аудандық аналар кеңесінің төрайымдары, мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері, мәдениет, білім салаларының қызметкерлері қатысты.

Жиынға қатысушылар «Анамның бейнесі» суреттер және «Орамал – әйел-ананың байрағы» қолөнер көрмесімен танысты.

Аналар кеңесі отбасындағы тәрбиені талқылады

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Л.Төрешова Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Н.Мұсаева, "Сырдария әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жиеналиева мен "Мерейлі отбасы" республикалық байқауы жүлдесінің жеңімпаз отбасының анасы Б.Ишанқұлованы құрметпен сахна төріне шақырып, жиын жұмысына сәттілік тіледі. Жиынды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева жүргізді. Ол алғы сөзінде кеңестің жыл бойы атқарған нәтижелі жұмыстарына тоқталып өтті. «Облыстық және аудандық Аналар кеңестері қоғамда өздеріне лайықты орынға ие болды. Бүгінде облыс көлемінде барлығы 1104 адамнан құралған 118 Аналар кеңестері тиімді әрі нәтижелі жұмыс жасайды. Олар отбасы институтын нығайтуда және отбасы құндылықтарын дәріптеуде түрлі шараларды іске асырып келеді. Осы уақытқа дейін Аналар кеңестерінің ұйымдастыруымен түрлі форматтағы 100-ге жуық шара өтті. Оған 5000-нан астам адам тартылды. Сонымен бірге, кеңес жас отбасыларға әлеуметтік-психологиялық кеңес беру орталығымен, «Сыр аналары» қоғамдық қорымен, «Шаңырақ» жас қыз-келіншектер ұйымымен, «Абысындар» клубымен, Қорқыт ата атындағы ҚМУ жанынан құрылған «Қыз Жібек» қыздар клубымен тығыз байланыста жұмыс жасайды», - деді Н.Мұсаева. Қатысушылардың назарына «Аналар кеңесі – ұлағат мектебі» бейнеролигі ұсынылды. Басқосу барысында отбасы мәртебесі, ұлттық құндылықтар, бала тәрбиесі және өзге де маңызды мәселелерге байланысты сөз қозғалып, пікірлер айтылды. «Отбасы – тәрбие бастауы» тақырыбында «Сырдария әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жиеналиева сөз алды. «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбында Қармақшы аудандық «К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі» директорының орынбасары Бидас Рүстембеков, «Бала тәрбиелеуде отбасы мен мектептің байланысы» тақырыбында Қармақшы ауданы №108 мектеп директорының орынбасары Дильфура Байрактарова, «Балаларды балабақшада тәрбиелеу тәжірибесі» туралы «Күнекей» балабақшасының меңгерушісі Салтанат Қасенова келелі ойларын ортаға салды. Сонымен бірге №267 орта мектебінің 8 сынып оқушысы, Ертегілер кітабының авторы Алтынай Берік әже тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды. Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек бөлімінің қызметкері Шаризат Алмашова атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдері туралы мағлұмат беріп өтті.

Аналар кеңесі отбасындағы тәрбиені талқылады

Келелі жиынды облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов қорытындылап, қаймағы бұзылмаған Сыр елінде де жас отбасылардың ажырасуы көбейіп кеткендігіне қынжылыс білдірді. «Өкінішке орай, облыс бойынша 2018 жылы 35,6 пайыз, 2019 жылы 40,5 пайыз отбасы ажырасты. Соны осы кезден бастап ойлану керек. Шаңырақты шайқалтпай, оны берік ұстау ең басты мақсат. Міне, бүгінгі жиында Сіздер қоғамдағы осы өзекті мәселеге бей-жай қарай алмайтындарыңызды көрсеттіңіздер, - деді Н.Байқадамов.

Жиын соңы «Менің Қазақстаным» атты республикалық байқаудың гран-при иегері К.Луцаның орындауындағы «Ана туралы жыр» әнімен аяқталды.

    

Бөлісу:

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға