©El.kz/Ажар Лаубаева

Anadolu Ajans: Медиа индустриясы аудитория сұранысына қарай қайта қалыптасады

05.11.2025 14:38

Астанада өтіп жатқан «Astana Media Week 2025» форумында Түркияның Anadolu Ajansı агенттігінің стратегиялық коммуникациялар және сыртқы байланыстар менеджері Билгехан Өзтүрік медианарықтың болашағы және жасанды интеллекттің әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Медианарықтың алдағы бес жылда қалай өзгеретінін нақты болжау қиын. Бірақ бір нәрсе анық, аудитория не қалайтынын өзі анықтайды. Медиа осы сұранысқа бейімделуі керек, – деді Билгехан Өзтүрік.

Оның сөзінше, қазір медианың алдында басты міндет – аудиторияның қызығушылығын дәл түсініп, контентті соған қарай бейімдеу. Егер аудитория саяси жаңалықтарға назар аударғысы келмесе, медиа күнделікті өмір, тренд және әлеуметтік тақырыптарға көбірек көңіл бөлуі мүмкін.

Ол сонымен қатар жасанды интеллекттің медиадағы рөліне тоқталды.

Жасанды интеллект жаңа ақпаратты нөлден жасамайды. Ол бар деректерді талдап, өңдейді. Сондықтан дерекке қол жеткізу, оның сапасы және сол деректермен жұмыс істеу қабілеті медиа үшін шешуші факторға айналып отыр, – деді ол.

Билгехан Өзтүрік медианың келешектегі трансформациясы тек технологияға емес, контентті тұтынушының мінез-құлқына бейімделуге тәуелді болатынын атап өтті.