Жаңалықтар

«Ана мен бала» орталығы

Үздік медициналық орталық
22.10.2015 03:41 36384

«Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ Астана қаласында 2007 жылы ашылды. Медицина орталығы сол уақыттан бері 50 мыңнан жоғары емделушілерді қабылдаған.

Ана мен бала орталығына отандастарымызбен қатар Орталық Азия, Еуропа, Америка және Ресейден арнайы келген науқастар қаралады.

«Ана мен бала» орталығы

Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының басты мақсаттарының бірі – Орталық Азиядағы педиатрия, балалар хирургиясы, акушерия-гинекология, ерлер мен әйелдердің репродуктивтік денсаулықтары саласындағы жетекші ғылыми-танымдық және емдеу-диагностикалық институты болып қалыптасу.

Клиниканың қуаттылығы 500 жатын орынға есептелген. Медициналық қызмет заманауи талаптарға сай жабдықталған 31 бөлімшеде көрсетіледі, әрі мұнда  пациенттер үшін  барлық жағдай жасалған. Орталық мемлекеттік тегін медициналық көмектің кепілді көлемі бойынша қызмет көрсетумен қатар  жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға келісім-шарт бойынша (отандық және шетелдік сақтандыру мекемелері, дипломатиялық миссиялар) медициналық қызметтерді ұсынады.

«Ана мен бала» орталығы

Орталықтың жетекші мамандары дүниежүзілік алдыңғы қатарлы медициналық технологиялар мен ғылыми-техникалық жобаларды енгізіп, пациенттердің қызығушылықтарын ескере отырып оларды емдік-диагностикалық  бағыттарда жоғары деңгейде  қолданады. Сонымен қатар, біліктілігімен әлемді мойындатқан отандық және шетелдік мамандардың қатысумен шеберлік сағаттар  мен түрлі оқытулар ұйымдастырылады.

ҚР Ғылым және білім министрлігі 2012 жылы жүргізген Ұлттық рейтингтің қорытындысы бойынша Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ғылыми қызмет көрсеткішінің арқасында  екінші орынға ие болды. Жоғарыда аталғанның барлығы аталмыш орталықтың еліміздегі ғылыми-тәжірибелік конференция, мастер-класс ұйымдастыратын ірі медициналық клиника болуына ықпал етіп, әрі Назарбаев университеті Медициналық мектебінің дамуына жол ашты.  

«Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» – 2012  жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңістігіндегі халықаралық Joint Commission International аккредитациясына қол жеткізген алғашқы клиникалардың бірі. Аталған аккредитация Орталықтың дүниежүзілік стандарттарға сай сапалы қызмет көрсететінін дәлелдейді.

Балалар жілік майының трансплантациясын жасағаны үшін 2013 жылы Орталық жыл сайын өтететін «Фармацевтикалық жұлдыз» атты байқаудың нәтижесі бойынша  «Жыл жаңалығы» марапатына ие болды. Бұл жетістік отандық денсаулық сақтау саласындағы гематоонкология бағытының дамуына әрі нәтижелі көркеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қатерлі дертке шалдыққан балалардың өмірін сақтап қалу деген үміттің өшпеуіне әсер ететіні сөзсіз.

«Ана мен бала» орталығы

2014 жылдың тамыз айында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына  Ұлттық бизнес рейтингі халықаралық одағының  «Сала көшбасшысы 2014» атты сертификаты табысталды.

Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы осы күнге дейін медицина саласына 65 жаңа технологияны  енгізді. Осындай жаңашылдықтардың бірі шала туылған нәрестелер ретинопатия жобасы бойынша емдеудің «алтын стандарты», көру қабілетін  55-88% -да сақтап қалуға мүмкіндігі бар «көз торының лазерлік коагуляциясы» - енгізілді.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, медициналық қызметкерлердің білімін үнемі жетілдіріп, тәжірибе жинақтау Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының басты бағыттарының бірі. Орталық ашылғаннан бері дүниежүзін шеберліктерімен мойындатқан профессорлар, медицина ғылымдары докторларының қатысумен  130-дан аса шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Орталықта жүйке, бүйрек, сүйек және эндокриндік жүйе, ішек-қарын жолы және т.б. аурулары бар жаңа туған кезінен бастап 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге және жүктілік патологиясымен қоса ауыр патологиясы бар гинекологиялық аурулармен ауыратын науқастарға, жүктілікті аяғына дейін көтере алмайтын әйелдерге, көпұрықты жүктілік кезінде, ЭКҰ (Экстракорпоралды ұрықтандыру) кейінгі жүктілікте, ЭКҰ шараларын жүргізуде; өте төмен шала туған балаларды күтуде мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

Деректер http:www.nrcmc.kz сайтынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға