Жаңалықтар

Ана мен бала денсаулығы жіті назарда (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Ана мен бала денсаулығы жіті назарда (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Фото: Марат Амиров 18.01.2023 09:49 5660

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жыл бастала салысымен сүйінші жаңалығымен бөлісті. Жаңа жыл қарсаңында республиканың перзентханаларында 240 сәби өмірге келген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ана мен бала денсаулығы жіті назарда (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Нақтырақ айтқанда, 125 ұл және 115 қыз дүниеге келген. Олардың арасында егіздер де бар. Ұлттық статистика бюросының ең соңғы дерегіне сүйенсек, Қазақстандағы халық саны 19 741 283-ке жеткен. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.

Бұл ретте мемлекет ана мен бала денсаулығын қатаң қадағалауға алған. Сонымен қатар қолдау көрсетіп отырады. Мысалы, жұмыс істемейтін ата-анаға жәрдемақы ретінде бірінші бала үшін 19 872 теңге, ал екінші балаға 23 495 теңге көлемінде ай сайын төленіп отырады. Сонымен қатар үшінші балаға 27 083 теңге, ал төртінші және одан да көп балаға 30 705 теңге көлемінде 1 жарым жыл бойы жәрдемақы төленеді. Бұған қоса бала тууға байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы жұмыс істейтін және істемейтін әйелдерге де төленетінін ескеріңіз. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірінші бала үшін берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі - 131 100 теңге болып бекітілген.

Ана мен бала денсаулығы жіті назарда (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Дені сау баланы өмірге әкелу үшін ата-ана жауапкершілігінен бөлек дәрігер-акушерлердің де кәсібилігі аса маңызды. Біздің бұл сөзімізді жақында екінші сәбилері өмірге келген Абзал мен Әсел есімді жас отбасы қуаттады. Олар ақ халатты абзал жандардың көмегімен еш қауіп-қатерсіз екінші сәбилерін құшағына басыпты. Бұл азаматтармен бізді елордадағы 8-емхана қызметкері байланыстырды.

«Перзентханадан үйіне жіберілген нәресте емхана мамандарының жіті қадағалауында болады. Әр кез ата-аналарға хабарласып, жағдайларын бақылауда ұстаймыз. Жаңа ғана біздің участокта тіркеуде тұрған жас ананың үйіне барып, сәбидің жағдайымен танысып келдім», - деді Астана қаласының 8-емханасының №42 участогына жауапты Дамира есімді медбике.

Біз емхана қызметкері барған жас анамен байланыс жасап көрдік. Медбикенің қандай қызмет көрсеткенін және баласының жағдайы жайлы сұрап білдік.

Ана мен бала денсаулығы жіті назарда (ФОТОРЕПОРТАЖ)

«Иә, емханадан белгілі бір уақыт  аралығында келіп, тексеріс жасайтыны рас. Баламның қанында билирубин деңгейінің көтерілуі байқалады. Анализ тапсырғаннан кейін бұл болжам расталды. Бізге жауапты дәрігерлер баланы арнайы шам астында ұстап, жағдайды баяндап отыру керегін айтты. Әзірге айтқандарын орындап отырмыз», - дейді Әсел есімді жас ана.

Нәрестелердің денесінің сарғыштануы жаңа туған балаларда кездесетін жағдай. Қанда билирубиннің жоғары деңгейі кезінде тері және шырышты қабаттар сары түске боялады.

«Нәресте туылғаннан кейін бірден билирубин деңгейінің кішкене жоғарлауы қалыпты жағдай. Терінің сарғыштануы көптеген нәрестелерде болады. Оны «физиологиялық сарғыштану» деп атайды. Бұл жағдай қауіпті емес және сәбилерде туғаннан кейінгі 2-4 күн аралығында пайда болады. Симптомдар 2 апта ішінде жоқ болып кетуге тиіс», - деді емхана қызметкері Дамира.

Жас ана перзентханада жатқанда баланың денесінде «желтуха» байқалмағанын жеткізді. Мұндай өзгерісті ол үйге келгеннен кейін байқаған. Сондықтан үй жағдайында ем қабылдауға рұқсат алыпты. Әдетте, мұндай жағдайдағы ем-шараларды перзентханаларда да жасауға мүмкіндік бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға