dw.com

Ан-24 ұшақ апатына байланысты үш күндік Аза тұту күні жарияланды

24.07.2025 20:00

Ресейдің Амур облысы Тында қаласының маңында апатқа ұшыраған Ан-24 ұшағының барлық жолаушысы қаза тапты. Бұл ақпаратты Ресейдің Тергеу комитеті растады. Осыған байланысты үш күндік аза жарияланды, деп хабарлайды DW сайтына сілтеме жасап El.kz интернет порталы.

Ресейдің Тергеу комитетінің мәліметінше, Амур облысында "Ангара" әуе компаниясына тиесілі Ан-24 жолаушы ұшағының апатынан тірі қалғандар жоқ. Кейін бұл ақпаратты Амур облысының губернаторы Василий Орлов та растады. Ол 27 шілдеге дейін өңірде үш күндік аза жариялады.

Бұл қайғылы оқиға 48 адамның өмірін қиды, – деді ол.

Бұған дейін ол ұшақ бортында 43 жолаушы, соның ішінде бес бала және алты экипаж мүшесі болғанын айтқан еді.

Апаттың мән-жайы

Ан-24 ұшағы Хабаровск – Благовещенск – Тында бағыты бойынша рейс орындаған. Тында қаласына жергілікті уақытпен сағат 13:00 шамасында (Мәскеу уақытымен таңғы 7-де) қонуға кіріскен кезде ұшақ екінші айналымға кетіп, артынша онымен байланыс үзілген. Жедел қызмет өкілдерінің айтуынша, экипаж әуеде ешқандай ақау туралы белгі бермеген.

Ұшақты іздеуге құтқарушы тікұшақ жіберілген. Ол әуеден ұшақтың өртеніп жатқан фюзеляжын байқап, бірақ жер бедерінің қиын болуына байланысты қону мүмкін болмаған.  

ТАСС агенттігіне жедел қызмет өкілдері хабарлағандай, апаттың негізгі себебі ретінде нашар көрінетін жағдайда қону кезінде экипаждың қателігі қарастырылып жатыр. Тергеу комитеті апаттың екі нұсқасын басты себеп ретінде зерттеп отыр: техникалық ақау және адам факторы."Әуе көлігін пайдалану және қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсызда үш және одан да көп адамның қаза болуына әкеп соғу" бабы (Қылмыстық кодекстің 263-бабы, 3-бөлігі) бойынша тергеу жүргізілуде.

Апатқа ұшыраған ұшақ шамамен 50 жыл бұрын Киевтегі "Авиант" авиациялық зауытында жасалған. 2021 жылы оның ұшу жарамдылығы сертификаты 2036 жылға дейін ұзартылған. Әуе компаниясының мәліметінше, рейс алдында ұшақ барлық қажетті тексеруден өткен.

Біз бұған дейін жоғалған Ан-24 ұшағының өртеніп жатқан қирандылары табылғаны туралы жаздық.