Жаңалықтар

Қамшының қасиеті

Қамшы – қазақтың көне жәдігері
13.10.2015 11:16 34412

Қазақта көне кезден бүгінге жеткен киелі жәдігерлер өте көп. Олардың барлығы да ата-бабалардың көшпелі өмір салтынан сыр шертіп, дала құпиясын алдымызға тосады. Жаратылыспен етене араласып, өмірінде, тұрмысында кеңінен пайдаланған халқымыздың көптеген құнды мұраларынан көз жазып қала жаздағанымыз шындық. Ерліктің, ерен күштің, қайсарлықтың белгісі болып, «ер қаруы – бес қарудың» қызметін қапысыз ақтарған қамшы бұйымының қасиеті жайлы бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейтіні тағы анық.

Қамшы қазақ халқында мал айдайтын немесе атқа отырғанда тұлпардың арынын күшейтіп отыратын құрал ғана емес, қанды шайқаста ердің бағын ашар, қас жаудан құтқарып алар сенімді серігі. Мал айдайтын таяқты қазақ «бишік» немесе «шыбыртқы» дейді. Қамшы болмаса, қазақта көрген адамның айызын қандырып, ерекше күйге бөлейтін, қанын қыздыратын «қамшыгерлік» сайысы болмас еді.

Қамшының қасиеті

Ат-көлiкке мiнгенде қамшысы қолында, қонышында, бiлегiнде, белiнде, тақымында, ерiнiң алды-артында, үстiнде iлулi тұрады. Кейде тiптi қарбаластықтан ауызға да көлденең тiстеледi. Ал үйде отырған кезде керегенiң басында, көгiнде, уық қарында, сыртқы дәдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кезде жабық, киiз-сырмақ астында, тiптi тiзесi астында жатады. Өмiр талабына орай әркiмнiң қамшысы өзi қойған жерiнде тұруға тиiстi.

Қамшы арқылы жауынан қорғана алатын не жайратып салатын адамдар қамшыгер атанады. Қамшыгерлiк тума қабiлет десек те, адам табиғатындағы тездiк, ептiлiк, оралымдылық, дәлшiлдiк, мергендiк, қарақтылық, сезiмталдық, өткiрлiк, батылдық, қарулылық, қатты қолдылық, сескенбейтiн серттiлiк сияқты iшкi қасиеттермен ұштасып жататын өнер.

Жастайынан қамшыгерлiкке құмарту не жастайынан қамшыгерлiкке баулу, тәрбие алу, қамшыгер мамандардан үйрену, қамшыны ұстай бiлу, қамшымен ұра бiлу, қарсыласын қай жерiнен қалай ұрғанда естен танады, аттан түседi, жараланады, мұның бәрiн қолмен қойғандай, қапы жiбермейтiндей бiлу шарт. Қамшы көп сәттерде ат үстi шайқастың қаруы. Қамшыны бiр-ақ рет ұрған, бiр ұрғанда дәл тигiзген және айтылған шарттарды бұлжытпай орындаған адам қамшыгер бола алады.

Қамшының қасиеті

Әрi мықты, әрi шып етпе өткiр, қолға ұстауға қолайлы, жеңiл қамшы мен бишiк көп. Қамшының: ат қамшы, дырау қамшы, дойыр  қамшы, дүре қамшы, күдерi қамшы, жортуыл қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, бiлеу қамшы, сарала қамшы, барбас қамшы, орама қамшы, мүйiз сапты қамшы, «сайтан» қамшы, «киелi» қамшы, «қасиеттi» қамшы, жыланбауыр қамшы, өзектi қамшы, шашақты қамшы, тобылғы сапты қамшы, бала қамшы, шыбыртқы қамшы сияқты көптеген түрлерi бар. Ат-көлiктi айдау жабдықтарының бiр түрi — бишiк. Түрлерi – жалғыз таспа шыбыртқы бишiк, екi таспа, үш таспа, төрт таспадан есiлген, ширатылған ұштарына таспа жалғанған ұзын және қысқа сапты бишiк. Төрт таспа, бес таспа, алты таспа, сегiз таспадан өрiлген, ұштарына таспа жалғанған қысқа түрлерi көп кездеседi. Қамшы төрт таспа, алты таспа, сегiз таспа, он екi таспа, он алты таспа деп аталады. Таспаны тiлiп қырнап, сыдырып, өңдеуiне қарай жуан-жiңiшке болады.

Қамшы да таспаның өңделуiне орай жуан, жiңiшке болып өрiледi. Көп таспалылар мен iшiне өзек салып өргендерi әдейi жуандатылады. Өрiлгеннен кейiнгi үлгiсi жұмыр, төрт қырлы, алты қырлы болып шығады. Сапталмай тұрып түрлi-түрлi ысқыдан өткiзiледi. Қамшының сабынан өрiмi қысқа түрлерi де бар. Ерлерге арналған, әйелдерге арналған, балалар мен шал-шауқанға арналған түрлерi молдау кезiгедi. Жастар мен жiгiт ағалары ұстайтын қамшылар алты тұтам ат қамшы, жетi тұтам жер қамшы деп аталады. Өткiрлiк жағынан өлшемi сабы алты тұтам, өрiмi жетi тұтам қамшы дұрысырақ саналады.

Мүйіз тұтқалы қамшы

Қамшы өлшемi мұнымен шектелмейдi. Терiнiң иленуi, таспаның тiлiнуi, терi мен таспаның ерекше қасиеттерiне байланысты атаулары бар. Қалай өрiлуi, өрiм мен саптың өзара ұзын-қысқалық салыстырмалы, қамшының алақаны, алақанның ұзын-қысқалығы, қатқыл не жұмсақтаулығы шарт боп айтылады. Қамшыгерлер өз дағдысы, өз есебi бойынша қалағанын өздерi жасап алады немесе өрiмшiлерге арнайы тапсырма берiп өргiзедi. Қолайына жаққан қамшыларын ұстаған қамшыгерлер өздерiн қарулы адамдай сезiнедi.

Қамшының қасиетін сипаттар болсақ, ең алдымен оның тобылғыдан жасалған сабына бір тоқталып өтелік. Тобылғы қазақ жерінің нулы-сулы, тоғайлы жерлерінде (ашық далаларда да) кездесе береді. Осы топталып өсетін ағаш келе-келе қатайып, темірдей берік болады және ыстық-суыққа төзімді, судан қорықпайды, жарылмайды. Тобылғының майы теміретке сияқты жараға жағуға емдік қасиеті өте шипалы және тіс шұқығыш құралы ретінде де қасиеті сол – тістегі бактерияларды жояды. Тобылғыдан тәспі, моншақтар жасалынады. Уақытысында алынған тобылғы жүздеген жылдарға сыр бермей, сынын да сырын да жоғалтпайды, өміршең. Тобылғыны қамшыға сапқа дайындайтын мерзімі желтоқсан айы. Осы мезгілде өсімдіктердің жер анадан нәр алу мерзімі (мұсылманша оразасы басталады) толықтай тоқталады, міне осы кезде оны Жаратқан Иеге сиынып, кесіп, керегінше дайындайды. Өсімдік майымен тазалап, сүртіп, күннің көзі, желдің лебі тимейтін көлеңкелі жерге кептіреді. Осыдан кейін ғана ол қамшыға сап жасауға қолданылады. Неден істелінсе де қамшылардың сабының ұзын-қысқалығы тұтаммен өлшенеді. Тобылғы дайындауға бара жатқанда былай дейді екен: «Ассалаумағалейкум! Қайда барасың? Тобылғыға. Маған да, саған да – мінеки!»

Осы сабы тобылғыдан жасалынатын қамшылардың өзіндік атаулары болады, ол сол қамшының қандай мақсатқа қолданылатынына байланысты бірнеше түрге бөлінеді:

1. Сүндет қамшы. Атадан – балаға, баладан – немереге, немереден – шөбереге, шөбереден – неменеге келе жатқан ата дәстүрі бойынша баланы сүндетке отырғызғанда оған тума-туыстары тобылғы сабы төрт тұтам қамшыны сыйға тартады екен.

2. Бәйге қамшы. Бәйгеге шабатын тобылғы сапты қамшының ұзындығы төрт тұтамды құраса, оның ұзындығын шынтақтан шынашаққа дейінгі аралықпен де өлшей берген және сабының жуандығы шынашақтай болады. Бәйгеге түсерде шабандоз қамшысына былай серт береді екен: «Шаба алмасам маған серт, шаба алмаса астымдағы атыма серт, шаптыра алмаса қолымдағы қамшыға серт!»

3. Көкпар қамшы. Көкпар тартуға арналған қамшының тобылғы сабының ұзындығы үш-ақ тұтам және жуан болады. Көкбар қамшының сабына, жылан басты алақанына көкбаршының қолын жыртып, зақым келтірмес үшін ешқандай әшекей салынбайды, темір атаулы қолданбайды. Додаға түскенде мынандай серт айтылады: «Атыма – айбат, тақымыма – қуат, қамшыма – жігер бер!»

4. Дойыр қамшы. Дойыр қамшының тобылғы сабының ұзындығы бес тұтам, сабы мен өрімі өте жуан болады. Оған да серт айтылады: «Дойыр қамшым доңыздай (жуандығы) болсын, ауырлығы қорғасындай, мықтылығы емендей болсын. Білек күшіме қуат қосып, жауым әрдайым құлап жатсын, халқым жеңіске жете берсін!»

5. Неке қамшысы. Бала ер жетіп, кәмелет жасына келгенде отау құрар кезінде ол дос-жораларын шақырып алып; «Мен үйленемін. Маған жігіт жолдас (күйеу жолдас) керек» – дейді екен. Жолдастары қамшыларын бір жерге құпия жинап, алып келіп алдына тастағанда үйленетін жігіт соның ішінен ең жақсысын таңдап алып, қамшы иесін өзіне жігіт жолдасы етіп тағайындайды. Қазіргі бәрінің «Дала демократиясы» деп шулап жүргендерінің мәнісі бар, сол кездегі жігіт жолдасын таңдау кезінде олардың арасында ешқандай қызғаныш, өкпе болмас үшін жаңағыдай әділетті әдісті қолданған.


 Мұса АМАНҚҰЛОВ

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға