Зілзала болған жағдайда не істеу керек?

8 Ақпан 2023, 21:00 4566

Ең бірінші үрейге бой алдырмау керек

Алматы қаласы ТЖ департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бекболат Бұғыбаев зілзала кезінде есте ұстауға тиіс сақтық шаралары туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Түркияда болған жойқын зілзала түркиялықтарды ғана емес, бүкіл әлемді үрейлендірді. Осы орайда зілзала кезінде қандай кеңестерді есте ұстаған жөн? Осы туралы Алматы қаласы ТЖ департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Бекболат Бұғыбаев есте ұстауға тиіс сақтық шараларын атап өтті.


«Үрейге бой алдырмау керек. Жер сілкінісі кезінде жедел саты мен баспалдақты  қолдануға болмайды. Өйткені жер сілкінісі кезінде электр жарығы өшіріледі, жедел сатыдан шыға алмай қалуыңыз мүмкін. Баспалдақты 15-20 секунд ішінде сыртқа шығып үлгеретін болсаңыз ғана қолдануға болады. Үйдегі жиһаздарды жақсылап бекіту керек. Себебі жер сілкінісі кезінде үйдегі адамдарды басып қалуы мүмкін. Сосын үйдегі ауыр кәдесыйларды жиһаздың жоғары жағынан төменге түсіріп қойған дұрыс. Зілзала қайталануы мүмкін. Сондай-ақ зілзаладан кейін су басу, газ жарылу секілді төтенше жағдай орын алуы мүмкін», – деді Бекболат Бұғыбаев.

Төтенше жағдай басқармасының өкілі әр үйде дабыл шабаданы болу керек екенін тілге тиек етті.


«Оның ішіне құжаттар, ақша, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек, үш тәулікке жететіндей азық-түлік, су, жылы киім, жуынатын гигиеналық заттар салуға болады. Сондай-ақ үйде балалар болса, ойыншықтарды да дабыл шабаданына салыңыз. Өйткені зілзала болған кезде балалар психологиялық травма алып жатады. Сол кезде балалардың көңілін көтеру үшін ойыншық қажет болады. Үйдегі қауіпсіз жерлер: үйдің бұрыштары, балконның есігі. Бұрыштың қасында терезе, жиһаз болмауы керек. Мекемелердің ішінде жүрген болсаңыз, мектептерде, ауруханаларда қолшатыр суретімен жер сілкінісі кезінде қауіпсіз жер деп көрсетіледі. Жер сілкінісі кезінде далада жүрген болсаңыз, шифр құламайтындай, ғимараттар басып қалмайтындай ашық алаңға шығыңыз. Саябақ, стадион қауіпсіз жер болып саналады. Зардап шеккен адамдар хабарласуға болатын 384 пункт бар. Оны 2gis қосымшасы арқылы табуға болады», – деді аға офицер.


Сонымен қатар «Darmen» қосымшасын телефонға көшіріп алуға кеңес берді.


«Бұл қосымша арқылы жер сілкінісі басқа да төтенше жағдай кезінде push-хабарлама арқылы жедел хабарландыру алатын боласыз. Үйде отбасы мүшелерінің суреті болуы да аса маңызды. Және суреттің артқы жағына сол адам туралы толық ақпарат: аты-жөні, туған жылы, қан тобы секілді ақпараттар болуы керек. Жер сілкінісінен кейін ғимаратқа 2-3 сағатқа дейін кіруге болмайды. Ғимарат жартылай құласа, жер сілкінісі қайталанған жағдайда ғимараттың қалған бөлігі құлауы мүмкін. Алматы қаласында 11 сейсмикалық датчик бар. Бұл датчиктер жер сілкінісі кезінде жер қозғалысын өлшеу үшін орнатылған», – деді ол.

Егер жер сілкінісі кезінде автокөлікте болсаңыз не істеу керек?


«Ашық алаңға тоқтаңыз, есік-терезелерді ашып, жан-жақты бақылау керек. Егер жер екіге жарылса, автокөлікті тастап, ол жерден кетуіңіз керек. Сондай-ақ балаларға, қарт адамдарға көмек қолын созуға дайын болыңыз», – деді Бекболат Бұғыбаев.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: