ЖЫРДАРИЯ САРҚЫЛМАЙДЫ - 2

3 Наурыз 2014, 05:46

Сонда Абыл: «Әліп деген бір Алланың аты еді, ләм деген періштенің аты еді, һай деген ақ пайғамбардың аты еді.

Сонда Абыл: «Әліп деген бір Алланың аты еді, ләм деген періштенің аты еді, һай деген ақ пайғамбардың аты еді. «Мүйімнің құйрығы имек, ортасы ақ» дегені пайғамбардың үмбетінің икемдігі, жүрегінің ақтығы еді. «Он бүркіт» дегені Мұхамбет пайғамбарымның кеңесшілері еді. Отыз аққу дегені Дәуіттің өлген отыз ұлы еді. «Лашын қақпай қанат дәмін татқан» дегені сәждеден басыңды көтеруге мұрша бермей жаныңды алатын жаналғыш әзірейілдің аты еді. Махамбет оң көзім болғанда, Шернияз сол көзім еді. Екі көзімді таластырмас үшін ортасына мұрын қойыпты ғой. Бұл екеуін бітістірейін. Шерниязға айта бар, ауызына абай болсын, жараның аузын тырнай бермесін»,- депті. Кейін Махамбеттің өліміне байланысты Шернияздың Баймағанбет сұлтанға қияс сөйлегені осыдан екен дейді.

Ардақтаған ағалары Абыл мұндай болғанда, ел мақтайтын Өгізбай мен Қалниязы қандай екен?! Ылғи ел арасы ала шабуылдың ортасында жүретін Қалнияз деген күреңіңнің күнде бастан кешіп жүргенінің өзі тірі тарих болып шығады.

Жау жағадан алған соң,

Жапалақ қонған жапанда

Қармыс жалғыз қалған соң

Омыртқадан он жота,

Сансыз найза салған соң,

Қабырғадан қырық жота

Шалажансар болған соң, 

Ертеңгі сәске кезінде

Басшысы Төлеп жүз кісі

Соңынан іздеп келеді,

Келе сөйлей береді:

– Қуғыншының ішінде,

Әнеттің ұлы Төлеп бар,

Белгілі ерден Бегей бар,

Бексауытты Жанақ бар,

Қойсарыдан Қонай бар.

Он бес жасар Шабай бар,

Шабай түгіл талай бар.

Өле кетсең, Саты бар,

Ту ұстаған Адайда

Белгілі ердің бәрі бар.

Балықшыдан Балуанияз батыр бар,

Қайсы бірін айтайын

Бірі айыр, бірі нар,

Бірі жая, бірі жал,

Бірі шекер, бірі бал,

Бірі қайың, бірі тал.

Айналайын, ағеке,

Сенің көрген жауыңды

Бір көруге ынтазар,-

дейді. «Қыземшектегі» қырғынның тірі протоколы түгел тұр.

Ал Жаманадай Нұрым Шыршығұлұлы жүрген бір энциклопедия ғой. «Әуелі тәңірім жаратқан он сегіз мың ғаламды, бұлардан соң жаратқан лауқы мен мақфоз, кәламды, атамыз Сафи адамды, тоқсан құрсақ көтерген жаратқан Хауа-анаңды... Сіздер түгіл өткізген Мұхаммед досы жаранды»,- деп бастайтын Нұрекең жер бетінде кісі тастамай түгел жырлайды. «Әуелі бастан айтайын, атамыз Әнес Жабалдан, құлақ қойып тыңдасаң, қандырайын хабардан»,- демекші, Жабалдан Ноғай, Естек, Микорай тарайды. Микорайдан Зағипыран, одан Саһис, одан Ақшолпан мен Қурай, Қурайдан Аламан, Аламаннан Сегіз арыс Сейілхан өреді. Ақшолпаннан Майқы, Жаһан, Жайылқан дүрейді. Майқыдан Өзбек, Жаһаннан Қарақалпақ, Жайылқаннан Қазақ, Қазақтан Қырғыз, Алау өрбиді. Алаудан Алаш, Маңғыбай туады. «Маңғыбайдан дүрейді Алаштың алты баласы, қатар екен көгені, мал мен басы тең өскен, бір Алла берген ел еді, үш шешеден туған соң, үш жүз болған себебі. Ақарыстың баласы – Үйсін, Найман ұлы жүз, Бекарыстың баласы – Арғын, Қыпшақ орта жүз, Жанарыстың баласы – Алшын, Кеншін кіші жүз»,- деп толғайды. «Алшынға бақыт орнаған, інісі Кеншін ер екен халқын жаудан қорғаған». Алшыннан Әлімқожа, Байқожа, Қыдырқожа өрбиді. Жиырма бес ата ел тарайды. Бәрін сұңғыла Нұрым қойдай өргізіп, қозыдай көгендейді. Адамдарды бұлайша өрбіткен даңғұла перілер мен періштелерді де көзінен тізеді.

Ол заманда не көп, той көп. Қай заманда да солай. Біреуінің үстінде өзінен бата сұрай кірген Қашағанға қиқар ақын құрулы қақпандай шап береді. Шариғаттан алдына жан салмайтын Нұрым балтырына енді мінген бәтшаһарды қалың сұрақтың астына алады. Сонда ел алдында енді танылып келе жатқан Қашаған айтулы ағасынан еш саспайды. «Бала, білсең хабар бер, үдірегелі Хауа анадан қанша заман өтті арада? Дүниенің басы неден жаралған? Жер мен аспан бұл не зат? Мақұлық қалай таралған?» деген сұраққа Қашаған:

Дүниенің басы әуелі

Меруерт тастан жаралған,

Меруерт тас еріп су болған,

Судан түтін бу болған.

Аспан, жер содан жаралған

Адам, лаухы, ғалам, абзал баршасы

Сол заттан дейді озалдан.

Он сегіз мың ғалам болғанда

Үш бөлім болып тараған

Алтауы болар жәмәдат,

Алтауы болар нәмәдат,

Алтауы болар хайуанат,

Үш алтыны қоса ғой,

Он сегіз мың жан болад,

Білмеген адам таң болад...

Нұреке, енді тілің тарт,

Көп ішінде көлденең

Туысына ұрынған

Дүниедегі жаман зат,-

дейді.

«Қашаған саған бір сұрақ,

Екеу жансыз, екі арам

Бейішке кім ед баратын?»,-

деп Нұрекең де қасарған жеріне қадала түседі. Қашаған да шамалыда сыр бере қойса, Қашаған бола ма?

Нұреке, сенің «қаңқуың»

Қапталымнан жабысқан

Жақтырмайтын шаншуым.

Ұраным Қосай болғасын

Бүйірімнің тартуын.

Бүйірім әттең, бұрып тұр,

Амалы түскір құрып тұр,

Басқа біреу болғанда

Маған қиын емес ед

Табаныммен тарпуым,

Азуыммен қарпуым.

Өзім әзер жүргенде

Қай-қайдағы пәлелерді артуын?!

Білсең қылма келемеш,

Келемешің жөн емес.

Сол дүниені жаратып жатқанда

Қасында тұрған мен емес.

Бірінші айтқан жұмбағың –

Әзіреті Мұса пайғамбар

Арша ағланы кезгенде

Екі арамы дегенің

Еріп барған қасына

Қытымыр деген қызыл ит

Жеті қазынаның бірі еді.

Екіншісін айтайын

Астына мінген есегі.

Дүниенің бәрін сұрайсың

Бар деп пе ең менде есебі?

Екі жансыз дегенің

Біреуі Айсаның аса таяғы

Біреуі Ідірістің киген кебісі

Естуіміз шын болса

Сол төртеуі Нұреке

Тергеусіз барады дейді бейішке.

Сүйтіп қытымыр ағаның қыспағынан қысылмай өткен Қашаған сұраған батасын алады.

Содан қуғанға қайыртпаған Қашаған аты шығады. Қайда барса да, барса келместің шөліне тап болатын талайсыз жұртының өткеніне қайғырады. «Адай тегі» дастанында ел қорғаған ерлік жолында қаза тапқан Елтай батырдың іште қалған бершімегінің қиямет-қайым тағдыры сөз болады. Бір жағынан ел басына түскен ауыр күндерден, екінші жағынан жұрт аузындағы сімсік сөздерден қиналып, анасы ерте шетінейді. Кішкентайынан өжет өскен жетімек Қыдырқожаның сүйікті перзентіне айналады. Одан туғандар бір тайпа ел болады. Алғи судың бойында Қытайменен жау болып, бөліне көшеді. Барған жерінде отырықшы жұрт мінген аттарын есек деп, өздері жайлы өсектеп, тағы да ит қосып мазақтайды. Намысқа шыдамаған сабаздар алысқанмен алыса, жұлысқанмен жұлыса жүріп, Маңғыстау мен Үстіртті қайта иемденеді.

...басы 

жалғасы...

Бөлісу: