23.12.2025
14:17
2280
Жыл соңында не үшін өзіңе рахмет айту керек?

Жыл соңында не үшін өзіңе рахмет айту керек?

Әдетте жыл аяқталғанда «өткен жылға рахмет» айтып, оның әкелген жақсылығын, жасаған өзгерісін тізіп жатамыз. Бірақ шын мәнінде жыл деген – уақыттың ғана өлшемі. Минуттар сырғып өтті, сағатқа, күнге, айға айналды. Ал сол уақыттың ішінде сені бүгінгі биігіңе жеткізген кім? Өзің.

Сол үшін алғыс айтатын ең лайықты адам да – өзің. Егер бірден не үшін өзіңе рахмет айтуың керектігін таба алмасаң, мына тізімге көз жүгірт. Мүмкін, өз жүрегіңді осы жерден танырсың.

1. Бұрын ұнжырғаң түсетін жерде сынбағаның үшін

Уақыт бізді есейтіп қана қоймай, шыңдайды да. Кеше ғана күйрететін жағдай бүгін жай ғана өткінші сынақ болып көрінеді. Биыл сен бұрын еңсені түсірер еді дейтін дүниелерден өттің. Бұл – сенің өскенің.

2. Қабылданған шешімдерің үшін, тіпті олар мінсіз болмаса да

Өмірді «оңтайлы сәтке» қалдыра берсең, ол сәт мүлде келмеуі мүмкін. Сондықтан тәуекел етіп, шешім қабылдағаның үшін өзіңді мақта. Әрбір қадам, ол тіпті мінсіз болмаса да, құнды екенін ұмытпа.

3. Кей сәттерде өзіңді таңдағаның үшін

Өзгеге жанашыр болу – сауап. Ал өзіңе жанашыр болу – парыз. Егер бір кезде өз қалауыңды тыңдап, өзіңді бірінші орынға қойған болсаң, бұл үшін өз-өзіңе алғыс айтуға әбден лайықсың.

4. Артықтан бас тартып, керегін сақтағаның үшін

Жүк ауыр болса, алысқа шаппайсың. Артық дүние, қажетсіз байланыс, ескірген ой – бәрі алға жылжуға кедергі. Сен соны түсініп, бірқатарынан арылдың. Бұл – ерлік.

5. Сабыр сақтап, салқынқандылық танытқаның үшін

Айнала астан-кестен болып жатқанда, байыппен ойлап, жоспардан таймау – оңай шаруа емес. Егер биыл соған шамаң келсе, сен жеңдің.

6. Өзіңе қамқор болуға тырысқаның үшін

Өзіңді күту – бір рет жасалатын іс емес, үздіксіз үрдіс. Кейде қолыңнан келді, кейде шаршадың. Бірақ талпыныстың өзі – алғысқа лайық.

7. Жаңа нәрсеге қадам басқаның үшін

Қорықсаң да, үйренбесең де, жаңа дүниеге бет бұрдың. Әрбір жаңалық – рухтың өсуі. Мұны да бағала.

8. Ұсақ қуаныштарды байқай алғаның үшін

Кішкентай шаттықты сезіне білу – үлкен өнер. Сол қасиет сенің ішкі тірегің болды.

9. Қателіктен сабақ алғаның үшін

Қателеспейтін адам жоқ. Бірақ сол қателікті түсініп, одан түйін шығара білген жан ғана ұтады. Сен сол жолды таңдадың.

10. Тырысқаның үшін

Нәтиже болмаса да, ниет болды. Ал ниетпен жасалған еңбек ешқашан зая кетпейді.

11. Қайта тұра алғаның үшін

Жығылсаң да, еңсеңді тіктедің. Таңертең күш болмаса да, орныңнан тұрдың. Кеше қол жетпеген сатыға бүгін аяқ бастың. Бұл – үлкен жеңіс.

12. Өзіңе демалуға рұқсат бергенің үшін

Үнемі өзіңді қамшылай беру дұрыс емес, кейде тоқтап, тыныстау да керек. Өзіңді еркелеткен сәттерің үшін де рахмет айт.

13. «Жоқ» деп айта алғаның үшін

«Жоқ» деу – батылдық. Шындықты таңдап, жалтармағаның – құрметке лайық.

14. Күмәнге қарамай «иә» деп айтқаның үшін

Қорықсаң да, мүмкіндіктен қашпадың. Кеме үшін айлақ қауіпсіз, бірақ ол жүзу үшін жасалған. Сен де солай еттің.

15. Тағы бір жылды өткергенің үшін

Қысқасы, сен бұл жылда өмір сүрдің. Қанша қиын болса да, бағыттан таймадың. Бұл – үлкен іс.

Сен жарадың. Өзіңе рахмет айт.