Жыл сайын осындай жағдай болады: Әшімбаев министрліктер жұмысын сынға алды

15 Маусым 2023, 12:11 975

Cенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың Абай облысындағы өртке қарсы жұмысын сынға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Абай облысындағы өрт төтенше жағдай кезінде әрекет ету жүйесінің қаншалықты тиімсіз екенін анық көрсетті. Бұл – ақиқат. Мұнымен дауласудың да керегі жоқ. 15 адам қаза болды. Оларға көңіл айтып жатырмыз. Өзіміздің тарихымызда бірінші рет осындай (алапат) өртпен күресіп жатсақ, ол түсінікті болар еді. Бірақ жыл сайын осындай жағдай болады. Былтыр күзде Қостанай облысында үлкен өрт болды. 40 мыңнан астам гектар орман, жер өртеніп кетті. Осыған байланысты Үкімет те біраз жұмыс істеді. Сіздер Президент тапсырмасын орындап жатырмыз деп ақпарат та бердіңіздер. Бірақ Абай облысындағы жағдай осы бүкіл жүйенің уақытылы әрекет етпегенін, құрылымдар арасында үйлесімнің, тәртіптің жоқ екенін анық көрсетті, - деді Сенат төрағасы.

Әшімбаевтың айтуынша, төтенше жағдай саласын түбегейлі өзгертетін, дұрыстайтын уақыт келді. Президенттің тиісті тапсырмаларын нақты жүзеге асыру керек.

Енді тиісті бағдарлама қабылданады деп әріптестеріміз баяндама жасап жатыр. Басқа да шаралар қабылданады. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның қорытындысы бойынша біраз іс-шара жүзеге асатыны сөзсіз. Қазір біз бюджетті қараған кезде барлық ұсынысты қолдап, келесі жылдың бюджетінен біраз қаржы кіргіземіз. Төтенше жағдай кезінде әрекет ететін барлық құрылымды қаржыландыру үшін. Сондай-ақ осы қаржыдан жүздеген миллиард доллар бөлінеді. Бәріміз олардың дұрыс пайдаланылуын, олардың мақсатты түрде жұмсалуын, нәтижесі болуын қамтамасыз етуіміз керек, - деді Мәулен Әшімбаев.

Миражан Махан
Бөлісу: