Жыл сайын елімізде балаларға қарсы екі мыңға жуық қылмыс жасалады – мәжілісмен

13 Қыркүйек 2023, 11:54 1936

Депутат Елнұр Бейсенбаев премьер-министр мен бас прокурорға кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етіп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мәжілісмен мемлекет басшысы халқына жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап еткенін айтты.

Президенттің бұл позициясын «АМАНАТ» фракциясы толығымен қолдайды және аталған мәселені соңына дейін жеткізу үшін біз бар күш-жігерімізді саламыз. Өкінішке қарай, күн сайын балаларға қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстар туралы жаңалық оқып, жан дүниеміз бен сана-сезіміміз сансыз соққы алуда. Бұл қылмыстар әлемнің басқа түкпірінде болып жатқан жоқ! Өзіміздің елде, өз балаларымызға қарсы болып жатыр.

Халықтың назары мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек. Сондықтан біз бүгінгі депутаттық сауал арқылы қоғамның назарын бала құқығын қорғау мәселесіне аударуды жөн көріп отырмыз, – деді ол.

Депутаттың сөзінше, жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады. Яғни күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл өте қорқынышты статистика екенін айтты.

Сонымен қатар жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі екен. Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан, көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді. Президенттің бұл мәселеге араласуы жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді. Осы депутаттық сауалымды жазып отырған сәтте Ақмола облысындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысының зорланғаны туралы жаңалықты оқып, төбемнен жай түскендей болды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар біздің қоғамда жиілеп барады. «Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі» дейміз. Бейкүнә балаға қол көтерген азаматтар арам ойдың алдында осыны ойланса екен! – деді депутат Елнұр Бейсенбаев.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: