Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге кіріс түсті – Жамаубаев

10 Қазан 2023, 10:51 953

Республикалық бюджетке 9,2 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ол сондай-ақ салық бойынша жоспардың орындалмай қалуының себебін түсіндірді.

Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 292 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 23%-ке азаюымен байланысты, - деді ол.

Сондай-ақ министр импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептерін атады:

- тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі;

- Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 6%-ке азаюы.

Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткішінен 11%-ке төмендеуімен байланысты болды. 

Оның сөзінше, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 13%-ке төмендеуі әсер етті.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 116,8%-ке атқарылды және 4,7 трлн теңгені құрады. Жоспар 669 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 622 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалды, - деді Жамаубаев.

Министрдің сөзінше, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ке орындалды. 

Республикалық бюджет бойынша сомасы 16 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 70 млрд теңгені құраса, оның ішінде үнемдеу – 16 млрд теңге. Игерілмегені – 54 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасты, - деді ол.

Ерұлан Жамаубаев игерілмеудің негізгі себептерін атады: 

конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; 

шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; 

шот-фактуралар мен атқарылған жұмыс актілерін уақытылы ұсынбау.

Қаржы министрінің айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстары 9 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 49 млрд теңге. 

Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазанға 1 трлн 112 млрд теңге бөлінген. Оның 98,5%-і игерілген.  Атқарылмағаны – 17 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 16 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу: Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстарында қалыптасты, - деді министр.

Мемлекеттік аудит бойынша биылғы жылдың 9 айында камералдық бақылаумен 10 трлн теңгеге 353 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. 

Тексеру қорытындылары бойынша 47 129 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері кемшіліктерді жою туралы хабарламалардың 93%-ін орындады. 1 709 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 1,2 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. Шамамен 194 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 158 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды, - деді ол.

Оның сөзінше, аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 724 ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 658 объектіні сату көзделген.

Есепті кезеңде 307 млрд теңге сомасына 372 объекті сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 33 объекті сатуға қойылды. 64-і қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 189 – сату алдындағы дайындықта тұр, - деді ол.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: