Жыл басынан бері Астанаға миллионнан астам турист келді

Бүгiн, 03:09 218

2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Астанаға 1 097 413 адам келді, олардың басым бөлігін ішкі туристер құрайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылы туристер Астанаға бұрынғыға қарағанда 12 пайызға көп келді. 1 097 413 адамның 261 964-і немесе 23,9 пайызы – шетелдіктер.

Астанаға ең үлкен туристік ағын жаз айларында тіркелді. Сонымен, маусымда қалаға 757 068 адам келсе, олардың саны шілдеде – 807 219, тамызда – 829 627 адамға жетіп, бұл бір жылдағы ең жоғары көрсеткішке ие болды.

Астана ірі халықаралық іс-шараларды өткізу алаңына айналды. Биыл елордада «Automechanika Astana 2024», «Eurasian Book Fair», Astana Half Marathon халықаралық көрмелері, әйгілі Дат актері Мадс Миккелсеннің қатысуымен «Comic Con» заманауи гик-мәдениет фестивалі, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Димаш Құдайбергеннің концерті, «Enactus World Cup 2024» студенттік кәсіпкерлік бойынша Enactus Әлем кубогі, грэпплингтен әлем чемпионаты және т. б. сияқты ірі іс-шаралар өтті, - делінген мәліметте.

2024 жыл Қытайдағы қазақстандық туризм жылы болып жарияланды. Осы бастамашыл жыл аясында Астана 6 ірі іс-шараны жүзеге асырды:

1. «Қытайдағы қазақстандық туризм жылының» ашылуы мен жабылуы (2024 ж. 28 наурыз), онда Астана туристік әлеуетті үздік көрсеткені үшін Гран-При және қытай нарығында үздік ілгерілегені үшін марапатқа ие болды;

2. Қытай туризм академиясының президенті Дай Биннің, MaFengWo маркетингтік компанияларының, С-trip, Қытай туристік қауымдастықтары мен туроператорларының қатысуымен Қазақстан-Қытай бизнес диалогы (2024 ж. 14 қараша) ұйымдастырылды;

3. Қытайдың 7 қаласынан (2024 ж.13-16 қараша) 25 туристік қоғамдастық өкілдеріне арналған ақпараттық тур, Бейжің қаласында (2024 ж. 18 қазан) роуд-шоу өткізілді және «China International Medical Tourism Beijing» (2024 ж. 21-23 қараша) халықаралық медициналық көрмесіне қатысты, бұл елорданың заманауи туристік орталық ретіндегі имиджін айтарлықтай нығайтты.

2024 жылғы 30 қазанда Visit Astana бренді әлемнің түкпір-түкпірінен туристік саланың 240-тан астам компаниясын біріктіретін Дүниежүзілік туристік альянстың (WTA) ресми мүшесі болғанын атап өткен жөн.

Перизат Саденова
Бөлісу: