Жыл басынан бері 160 мыңнан астам тұрғын ел ішінде қоныс аударған. Бұл туралы ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасының іске асырылу барысын таныстырды.
Сөз басында Ертаев Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде соңғы 11 жылдықта алғаш рет көші-қонның оң үрдісі қалыптасқанын атап өтті.
Елімізге негізінен ТМД елдерінен, Қытай және Моңғолия мемлекеттерінен азаматтар тұрақты тұруға келуде. Бұл ретте техникалық, экономикалық, педагогикалық және медициналық мамандықтары бар шетел азаматтары көбірек келе бастады, – деді Асқарбек Ертаев.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 160 мыңнан астам тұрғын ел ішінде қоныс аударды. Бұл ретте еліміздің мегаполистері ішкі мигранттарды тартудың орталықтары болып қала береді: олардың үлесіне бүкіл ішкі ағынның 40%-ы тиесілі.