Жыл басынан бері 16 есірткі зертханасы жойылды

29 Наурыз, 15:39 601

ІІМ брифингінде ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Алекешев елдегі есірткі ахуалы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл туралы айтты. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл 2063 қылмыстық есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Есірткі өткізудің 517 фактісі тоқтатылды. Әрбір үшінші факт интернет арқылы жасалады. Сондай-ақ есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 149 фактісі анықталды, – деді спикер.

Жыл басынан бері төрт ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Оның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топ бар. Ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін сегіз қылмыстық іс қозғалды. 16 есірткі зертханасы анықталды. Оның сегізінде синтетикалық есірткі өндірілген. Есірткі өндірісіне қатысқан 15 адам ұсталды. Олардан 128 кг есірткі мен 390 литр прекурсор тәркіленді.

Тәркіленген синтетикалық препараттардың көлемі артып келеді. Егер 2018 жылы бір жылда жалпы 5 кг жаңа психоактивті зат тәркіленсе, былтыр бір тоннадан астам психоактивті зат тәркіленді. Ал биыл үш айда 225 кг «синтетика» тәркіленді. Жалпы тоқсан ішінде бір жарым тоннаға жуық түрлі есірткі заңсыз айналымнан алынды, оның ішінде 946 кг марихуана, 237 кг гашиш, – деді Шыңғыс Алекешев.

Полиция интернет арқылы жасалатын есірткі дилерлігіне қарсы тұруға ерекше назар аударады. «Кибернадзор» ақпараттық жүйесінің көмегімен есірткі сайттары анықталып, оларды бұғаттау үшін мәліметтер Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберіледі. Үш айдың ішінде есірткінің таралуы туралы ақпараты бар мыңға жуық сайт анықталып, бұғатталды.

Сондай-ақ есірткі тарататын интернет-дүкендерді анықтау үшін Telegram-бот құрылды. Оған 2000-нан астам қызметкер қосылған. 52 ірі интернет-дүкен, сонымен қатар жалпы аудиториясы 75 мыңнан астам әлеуметтік желі қолданушыларынан тұратын 37 бот жойылды, – деп атап өтті Шыңғыс Алекешев.

ІІМ «OLX Group» өкілдігімен өзара іс-қимылды жолға қойды. Соның арқасында курьерлік жұмыстың атын жамылып, есірткі жасырушыларды жалдау бойынша жасалған 4300-ден астам хабарландыру өшірілді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: