Кеше, 17:35
Әйелді ерте қартайтатын төрт гормон: олардың ағзаға әсері қандай?Журналистика сырттай жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде арпалысқа толы мамандық. Әсіресе ақпарат айдыны тереңдеген сайын қалам ұстағандардың кәсібилігі күн сайын сынға түседі. Ел аузында жүрген талай журналист бұл сыннан сүрініп те, сабақ алып та жүр. Шашасына шаң жұқтырмай, журналистиканың шоқ жұлдызына айналғандар да бар. Солардың бірі – Дана Нұржігіт. «Хабардың» қарапайым журналисінен Сенат депутатына дейін көтерілген қоғам қайраткерінен БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында сұхбат алдық.
Ауырған баламды қалдырып, студияға кеттім
– «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» дейді жазушы Шерхан Мұртаза. Бұл пікір әлі де өзекті ме?
– Материал дайындағанда жанын жегідей жейтін журналист үшін солай. Бұл жерде тек материалдық тұрғыдан емес, моральдық жағынан да қарау керек. Өз басым материалым шыққанша жан-жағымды ұмытамын. Үй де, бала да жайына қалады. Өкінішке қарай, солай! Қаншама рет балам қатты ауырып жатса да, ауруханадағы дәрігерлерге тапсырып, студияға кеткен кездерім болды. Қаншама жаназа мен туыстардың қуанышына да қатыса алмадым. Материал шықсыншы, «елге жеткізу керек» деп ақы сұрамай-ақ еңбектендім. Қазір де солай. Бұл мамандық сонысымен де қызық.
Әрине, кәсіпкерлік пен журналистиканы қатар алып жүрген әріптестер бар. Олар материалдық жағынан құнтталғандықтан, мүмкіндіктері де көп. Оны да жоққа шығармау керек. Қаржылай еркін болғандықтан кейіпкерлері де, іссапарлары да биографиялық, географиялық жағынан кеңірек болады. Бірақ бұл тереңірек болуы шарт емес. Бәрі журналистің білімі мен кәсібилігіне байланысты. Кейде бар мүмкіндік бола тұра журналистің «біліктілігінің» кесірінен материал шикі, тұшымды болмай шығатыны да бар.
– Журналистикада жүргеніңізге 30 жылға жуық уақыт болыпты. «Хабарға» алғаш келген Дана қандай еді? Ақпарат майданы қалай өзгертті?
– Бұл сала әу бастағы Дананы қатты өзгертті. Журналистикаға керекті қабілет болған шығар, сірә, бірақ тәжірибе ширатты. Батыл болуды, ақпаратты тез меңгеріп, жинақтап қорытуды, сыни ойлауды, маңыздысын тез аңғарып, сөзден мүлт кетпеуге тырысуды, жауапкершілікті үйретті. Тыңдай білуді үйретті, сөздің парқын, салмағын ұғындырды.
– «Дара жол» бағдарламасы әлі күнге дейін көрерменнің жүрегінде сақталған жобалардың бірі. Сіздің ойыңызша, оның халыққа жақын болуының сыры неде? Бүгінгі қоғам шынайы әңгіме мен сыршыл форматтарды сағынып қалды ма?
– «Дара жол», «Өмір өрнегі» сияқты форматтар, әрине, 5-7 секундтық TikTok-ты көріп отырған жас ұрпаққа дәл қазір қызық емес. Мойындаймын. Бірақ, олар дәл біз жасап жатқан ақпаратты іздеген кезде алдынан «Өмір өрнегінің» кейіпкерлері шығады және бұл басқаның аузынан емес өз заманынының атқамінерлерінің аузынан шыққан әңгімелері.
Сондықтан қазір бізді көріп отырған көрермен – ең саналы көрермен дер едім. Хайп іздемейтін, әлеуметтік желінің жылтырағынан алшақ жүрген, шын өмірде адал еңбек етіп, қоғамға бір күндік емес, мәңгіге қалдыратын іс жасап жүрген нағыз қайраткерлер.
Қоғамды журналистер өзгертеді деп айтуға келмейді
– Сіз журналистикадан саясатқа келген санаулы тұлғалардың бірісіз. Жалпы, журналист қоғамдағы мәселені көтереді, ал депутат оны шешуге мүмкіндік алады деген пікір бар. Сонда журналист үшін қоғамдық өзгеріске қол жеткізудің ең тиімді жолы саясатқа келу ме, әлде журналистикада жүріп-ақ ықпал етуге бола ма?
– Қоғамды тек саясаткерлер өзгертеді, журналистер өзгертеді деп айтуға келмес. Қоғамда азаматтық позициясы бекем, айтары бар, ақиқат үшін әлеуметке үндеу тастап, өзгерісті бастайтын көшбасшылар бар. Солар қоғамды өзгертеді. Қоғамды дүр сілкіндірген оқиғалар өзгертеді. Бишімбаевтың ісін алыңыз: ел аузында «Салтанат заңы» деп қалған заң қалай қабылданды. Еске түсіріңіз! Мен өзім депутаттықтан кеткеннен кейін сталкинг туралы баптың қабылдануына бастамашы болдым. Сондықтан қоғам деген – БІЗ. Әлеуметтік желі арқылы бастама көтеріліп, резонанс тудырып, арты өзгеріс әкелетін шешімдерге ұласып жатқан оқиғаларды көріп жүрміз ғой.
– Соңғы уақытта YouTube платформасында белсенді көрініп жүрсіз. Бұл дәстүрлі телевизияның мүмкіндігі азайғанын білдіре ме, әлде аудитория жаңа медиаға көшкендіктен, журналист те сол жақты игеруі керек пе?
– YouTube – жаңа медиа. Оны меңгеру мен үшін қызық болды. Екі жыл бұрын мен телевидениедегі жұмыстан босап, сол саланы зерттеп, тәуекел етіп, бастап кеттім. Кейін «ертерек неге бастамағанмын» деп өкіндім. Бұл да жаңа мүмкіндік!
Кезінде зейнетке шыққан ата-апаларымыздың телеарна ғимаратын жағалап, кәсібін сағынып, редакцияға кіре алмай, көзінің жасын сығып, өткенін сағынышпен еске алып тұрғанын көрген едім. Жаным ауыратын. Олар үшін ешқандай таңдау жоқ еді. Қазір YouTube бастаймын деген кез келген адам үшін жаңа мүмкіндік. Ал біз сияқты ТВ мамандары үшін тез меңгеріп, дөңгелетіп әкететін кәсіп. Тек сол ізденістен шаршамай, ауырмай еңбектенсең болғаны.
Ақпарат айдынында эмоция көп
– Әлеуметтік желіде бірінші болып жариялау жарысы күшейген сайын ақпараттың дәлдігі мен журналистік жауапкершілік екінші орынға ығысып бара жатқандай көрінеді. Жаңа медиа дәуірінде кәсіби этиканы қалай сақтап қалуға болады?
– «Тез жеткізуге» байланысты айтарым, мен бүгінде қоғамда болып жатқан әрбір құбылысқа «үн қосуды» жарысқа айналдырғанды құптамаймын. Біз ПІКІР мен ФАКТ дегеннің айырмашылығын түсінуіміз керек. Ақпарат айдынында эмоция көп. Субъективті, объективті факторларды салқынқандылықпен сараптау үшін уақыт керек, тыныштық керек. Дабырада ақиқат тұншығып, жұтылып кетеді. Сондықтан мен фактіге сүйенетін объективтілік жағындамын.
– Бірнеше ай бұрын «Қазақ радиосының бұлбұлы» атанған Сауық Жақанованың мәселесін көтеріп, бұл тақырып қоғамда кең талқыланды. Қазір апамыздың жағдайы қалай? Көтерілген мәселе өз шешімін тапты ма?
– Сауық Жақанованың мәселесі шешілді. Оған жан-жақтан әріптестер де ықпал етті. Апай дәрігерлердің қамқорында, ем қабылдап жүр деп естідім.
Марапаттың қуанышы бір ғана сәт
– Журналистикада «бұл мамандықтың жасы қысқа, 40-тан кейін басқа салаға кету керек» деген пікір жиі айтылады. Сіз бұл көзқараспен келісесіз бе? Жалпы журналистің кәсіби ғұмырының шегі бар ма?
– Журналистің кәсіби өмірі денсаулығына ғана байланысты. Жас келді деп бәрін жинап қойып, қол қусырып отырған әріптестерді көрмедім. Гүлмәрия Барманбекова мен Ғалия Балтабайды көріңіз, Кәкен Хамзин ағамызды көріңіз – бірде-бірі жай отырған жоқ!
Бұл – интеллект мамандығы. Денсаулық сыр бермесе, ақыл-есің сау болса, жаз, видео түсір, репортаж жаса!
Рене Декарт айтпақшы: «Мен ойлаймын, демек, мен бармын» («Я мыслю, следовательно, существую»).
– Журналистер күні қарсаңында БАҚ өкілдерін мемлекеттік органдар мен түрлі мекемелердің марапаттауы дәстүрге айналған. Алайда қоғамда бұған қатысты екі түрлі пікір бар: бірі оны журналист еңбегіне көрсетілген құрмет десе, енді бірі журналистің тәуелсіздігіне әсер етуі мүмкін деп санайды. Сіздіңше, осы екі көзқарастың қайсысы шындыққа жақын?
– Мен марапат алған адам ретінде айтсам, марапаттың қуанышы бір ғана сәт. Шын айтамын!
Екінші күні-ақ мен кешегідей жұмысқа кірісемін. Журналистиканың қызығы мен шыжығына батамын. Кейіпкерлерімді зерттеймін, кездесулерге барамын, материал дайындаймын, командаммен талқылаймын. Сол сәтте «келесі марапатты алайын» деп ойлайтын адам болсам, демек ақымақ болғаным ғой (күледі)! Журналист марапат үшін жұмыс істемейді, сайып келгенде, ешкім үшін емес! Өзі үшін! Оның табиғаты сондай! Ол әлемде болып жатқан құбылыстарға енжар қарай алмайтын, соны қоғамға жеткізуге асық, бірге біліп, бірге зерттеуге, ойлануға, саралауға шақыратын адам болғаны үшін осы мамандықта жүр. Бұл салада амалсыздан жүрген бірде-бір адамды көргенім жоқ!
Мереке құтты болсын, әріптестер!
– Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Кеше, 17:35
Әйелді ерте қартайтатын төрт гормон: олардың ағзаға әсері қандай?Кеше, 12:33
Grand Prix: Ғұсман Қырғызбаев пен Хифуми Абе финалда күреседі25 Маусым, 17:11
«Мәңгілік жасайтын өлең – шындықпен жазылған өлең»: ел сүйген «Бала Жамбыл» қайда жүр?23 Маусым, 16:14
Жазда шаш үлгісіне сән беретін ерекше әшекейлер