13.01.2026
15:32
258
Жүрекке жол табатын «Жолдар» сериалы «Хабар» арнасында көрерменге жол тартты

Жүрекке жол табатын «Жолдар» сериалы «Хабар» арнасында көрерменге жол тартты

12 қаңтар күні кешкі сағат 22:00-де Хабар арнасында «Жолдар» атты жаңа телесериалдың премьерасы өтті. Жоба пойыздағы күнделікті өмірді, жолсеріктердің тынымсыз еңбегін және әр сапармен бірге өрбитін тағдырлар мен оқиғаларды шынайы түрде баяндайды.

Сериал арқылы мыңдаған жолаушының жайлылығы үшін аянбай еңбек ететін теміржол қызметкерлерінің болмысын жақыннан тани түсеміз. Өмірдің өзі – үздіксіз сапар, ал пойыздағы әрбір жол жүріс қызыққа толы хикаяға айналады.

Басты кейіпкер – теміржол саласында көп жыл қызмет еткен, тәжірибесі мол жолсерік. Ал ұжымға жаңадан қосылған жас әрі жігерлі мамандар қалыптасқан тәртіпке жаңашыл көзқарас енгізуге тырысады. Тәжірибе мен өзгеріс арасындағы тартыс ортақ шешім табуға жетелейді.

Сериалда танымал актерлер Алмат Сақатов, Еділ Анарбай, Гүлшат Тәкежанова басты рөлдерді сомдайды. Сонымен қатар жобаның ерекше тұсы – өмірде теміржол саласында еңбек ететін нағыз жолсеріктің сериалға қатысуы. Оның кім екенін көрермен тек сериалды көру арқылы біле алады.

Түсірілім жұмыстары Алматы қаласындағы теміржол мен станциялар аумағында жүргізілген. Сондықтан әрбір кадрдан өмірдің шынайы тынысы сезіледі. Жолаушылар мен жолсеріктер бастан өткеретін сәттер арқылы көрерменге нағыз өмір көріністері ұсынылады.

15 бөлімнен тұратын, жылы атмосфераға толы бұл сериал көрерменді бейжай қалдырмайды.

«Жолдар» сериалының премьерасын 12 қаңтар күні кешкі 22:00-де «Хабар» арнасынан тамашалаңыздар!