Маңғыстаулық дәрігерлер мамыр айында алғаш рет жүкті әйелдің жүрегіне күрделі операция жасап, науқасты аман алып қалған болатын. 8 қыркүйекте жүкті келіншек 36 апта 1 күн мерзімде кесарь тілігі арқылы сәбилі болды, - деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Облыстық аурухананың мәліметінше, гинеколог-хирург Юлия Досаханова басқарған босандыру отасы шамамен 30 минутқа созылып, еш қиындықсыз өтті. Операцияға ассистент Алима Тапишова мен анестезиолог Серік Төкебаев қатысты. 1997 жылғы науқас қыз баланы дүниеге әкелді. Сәбидің салмағы – 2 келі 640 грамм, бойы – 50 см. Қазір ана мен нәрестенің жағдайы жақсы.
Еске сала кетейік, жүкті келіншек мамыр айында Жаңаөзеннен санитарлық авиация арқылы облыстық ауруханаға жеткізілген еді. Дәрігерлер оған митралды қақпақшаның жедел инфекциялық эндокардиті, митралды қақпақша жеткіліксіздігінің III-IV сатысы, өкпе гипертензиясы диагнозын қойған. Сол кезде кардиохирург дәрігерлер Агзам Алдешев, Ербол Кудабаев бастаған команда митралды қақпақшаны ауыстыру бойынша күрделі ашық операция жасап, ананың да, баланың да өмірін сақтап қалған. Бүгінде ол өзін жақсы сезінетінін айтып, облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлеріне ризашылығын білдірді.
Мамыр айындағы алғашқы ота да, кешегі босандыру отасы да сәтті өтті. Өмірімді ақ халатты абзал жандарға сеніп тапсырмағанда, мұндай бақытты сәтті сезінбес едім. Дәрігерлердің біліктілігі мен мейірімділігінің, қолдауының арқасында қызымды аман-есен бауырыма басып отырмын. Аурухана дәрігерлері денсаулығымды әрдайым жіті бақылауда ұстады, қолдау көрсетіп, кеңесін айтты. Осы ретте аурухана басшылығына, дәрігерлер мен медбикелерге, соның ішінде кардиолог Алия Ахмадуллаевнаға және гинеколог Юлия Асенбаевнаға алғысым шексіз. Елдің алғысына бөленіп, жетістікке жете беріңіздер, – деді сәбилі болған келіншек.