Жұмысшы мамандықтары жылына орай Қарағанды облысының колледждерінде гранттар саны артып, жаңа мамандықтар іске қосылуда, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтары жылы бастамасы шеңберінде және Үкімет бекіткен жоспарға орай, Қарағанды облысы жұмысшы мамандықтарын белсенді дамытуда. Жаңа өндірістердің ашылуымен қосымша 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Мұндай мәліметтерді Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты.
Аймақ басшысының сөзінше, өңірде жұмысшы кадрларды даярлау реформасы басталды. Жұмысқа облыстың ірі кәсіпорындары тартылған. 52 колледж 128 мамандық бойынша кадрлар даярлайды, өткен жылдан бастап оқу орындарын сегіз жетекші бағыт бойынша кластерлеу іске қосылған. Әрқайсысы бойынша тірек колледждер бекітілген, олардың негізінде 2 заманауи құзіреттілік орталығы мен 10 шеберхана ашылады.
Реформаның маңызды бөлігі дуалды оқытуды енгізу болып саналады, Qarmet, Kazakhmys, QazTehna, KamaTyresKZ, Silk Road Electronics сияқты 300 ірі кәсіпорынмен белсенді ынтымақтастық жүргізілуде. Олар түлектердің барынша жұмыспен қамтылуына кепілдік бере отырып, қажетті мамандарды даярлауға тікелей қатысады.
Келесі бағыт – өңірдегі еңбек нарығының өзгеруіне байланысты қажетті мамандықтарды ашу. Мәселен, өткен жылы Саран қаласының колледжінде резеңке-техникалық және шина өндірісі бойынша мамандықтар ашылды. Осы жылдың күзінде «Полимер өндірісі», «Жылжымайтын мүлікті басқару», «Газбен жабдықтау», «Гидротехникалық құрылыс» және «Гидротехникалық мелиорация» мамандықтарына студенттер қабылданады.
Болашақта колледжге түсушілер көп болады деп күтеміз. Сондықтан біз гранттар санын 20%-ға арттырдық. Өткен жылы 8,5 мыңға жуық түлек колледждерді бітірді, биыл біз жұмысшы мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты 1,1 мың орынға ұлғайттық, — деді Қарағанды облысының әкімі.
Айта кетсек, өңірде мүгедектігі бар адамдарды колледждер базасындағы арнайы ресурстық оқу орталықтарында жаңа кәсіптерге оқытатын болады. Әр түрлі себептермен профильді өзгертуге шешім қабылдаған ересектерге жаңа мамандық алуға жағдай жасалады.