Рас, бізге мыңдаған білікті жұмысшылар қажет. Жалақысы төмен, беделі қалыптаспаған бұл мамандықтар ел экономикасының іргетасы болып қалуы тиіс. Кез келген мемлекеттің ілгерілеу жолы, даму динамикасы, экономикасының өсімі тек еңбекпен өлшенеді.
Қазақстанда 410 мыңнан астам жұмысшы жетіспейді
Көзкөргендер әлі айтады, кеңестік дәуірде «еңбек адамы» ұғымы құрметпен айтылатын. Механизаторлар мен тракторшылар, слесарьлар мен шеберлер — барлығының маңдай тері ел байлығына айналып жататынын сарғайып үлгермеген тарихтан білеміз. Бірақ нарықтық қатынастар келген соң бұл ұғым біртіндеп беделінен айырыла бастады.
Ағымдағы 2025 жыл – осы көзқарасты түбегейлі өзгертуге арналған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып отыр. Бұл – жай ғана атау емес, мемлекеттің еңбек нарығына деген стратегиясының нақты нүктесі.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында былай деді: «Кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуіміз керек. Бұл — экономикалық өсімнің негізі, инвестициялық тартымдылықтың алғышарты. Сонымен қатар, бұл жыл қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылығын қайта оятуға ықпал етеді».
Бұл сөздердің жай риторика емес екенін түсінуіміз керек. Іс жүзінде Қазақстанның еңбек нарығында 410 мыңнан астам жұмысшы маманға тапшылық бар екен. Статистика осылай дейді. Тек дәнекерлеушінің өзі – 18 мыңға жуық жетіспейді. Құрылысшылар, жүргізушілер, слесарьлар – ел экономикасын алға сүйрейтін әрбір кәсіп иесі бүгінге дейін елеусіз қалып келген.
Колледждерде жастар өз еріктерімен оқымайды...
Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Иран тәжірибесін мысал етіп, Қазақстанға қажет үлгіні нақты көрсетіп берген болатын. Ол Тегеранда болған сапарында энергетикалық колледждің өндірістік кәсіпорынға айналғанын көрген. «Колледж – үш қабатты өндірістік мекеме. Ортасында теориялық аудитория, бір қапталында цех, екінші жағында қойма. Студент сол жерде оқиды, еңбек етеді. Табыс табады. Төлем жасайды. Жұмысшы – бір деңгей, кәсіби маман – екінші деңгей, күрделі тапсырма атқаратын жетекші маман – үшінші деңгей. Дәл осындай жүйені біз де енгізуіміз керек», – дейді халық қалаулысы.
Жалпы, Қазақстанда да осындай трансформацияға бағытталған 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданғанынан хабардармыз. Ол ең алдымен колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты күшейтеді. Сонымен бірге дуальды оқыту жүйесін дамыту мен өндірістік тәжірибеге басымдық беруді көздейді.
Өкінішке қарай, біздің елімізде колледжге көптеген студент өз еркімен бара бермейді, онда Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл алғандықтан ғана бет бұрады. Бұл туралы да депутаттар нақты айтып келеді. Мұның бірден-бір себебі – қоғамда жұмысшы мамандығы– беделсіз деген қате түсінік қалыптасқан.
Сондықтан осы – Жұмысшы мамандықтар жылы жастарға мотивация беру жүйесі жаңармақ. Ресми ашық деректерде айтылғандай, 145 мың грант колледждерге бөлінді, бұл сан өткен жылмен салыстырғанда 12 мыңға көп. Жоғары оқу орындарындағы гранттардың 60 пайызы техникалық бағыттарға берілді. Сонымен қатар нарыққа жаңа мамандықтар енгізілді, олардың қатарында робототехника, агроинженерия, цифрлық механика сынды қат кәсіптер бар.
Жұмысшыларды ынталандыру бағытында не істеліп жатыр?
Ал жұмысшы мамандықтарды жастарға тартымды ету үшін не істеу керек? Бұл орайда тек білім маңызды емес, онымен қоса лайықты еңбекақы мен әлеуметтік қолдау қажет. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің сөзімен айтсақ: «Дәнекерлеуші немесе кран машинисінің жалақысы мардымсыз болса, ешқандай грант не бағдарлама көмектеспейді. Ең алдымен лайықты жалақыны қамтамасыз етуіміз керек».
Осыған байланысты елімізде жұмысшы кадрлар үшін жеңілдетілген ипотека, тұрғын үй жалға алу жүйесі іске қосылып жатыр. «Наурыз-жұмысшы» мемлекеттік бағдарламасы соның бірден-бір көрінісі. Осы секілді жекелеген жобалар да ірі-ірі кәсіпорындарда жүзеге асып жатқанынан хабардармыз.
Сонымен қатар, өндіріс орындарымен келісім негізінде субсидияланатын жұмыс орындары, жәрмеңкелер, ашық есік күндері, кәсіби бағдар платформалары іске қосылу үстінде.
2025 жылы алғаш рет Ұлттық құзыреттер орталығы құрылады. Бұл орталық жаңа технологиялық дағдыларды анықтап, халықаралық стандарттарға сай кадр даярлауды ұйымдастырады. Сондай-ақ Turkiskills сынды халықаралық чемпионаттарға дайындық базасы болады.
Тағы айта кетерлігі, еңбек адамдарына арналған «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты мәртебелі атақтар тағайындалады.
Қазіргі таңда тек 9 өңірде ғана Жаңа кәсіптер атласы дайын. Бұл құжат – болашақтың еңбек нарығын болжауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Әкімдіктер мен министрліктер енді барлық өңірде осы атласты әзірлеп, әр өңірдің нақты қажеттілігін ескеріп маман даярлауға тиіс.
***
«Жұмысшы» сөзі көпшіліктің санасында ауыр жұмыс, төмен жалақы және болашағы бұлыңғыр кәсіп ретінде қалыптасып кеткенін мойындауымыз керек. Бірақ уақыт бұл көзқарасты өзгертуде. 2025 жыл – жаңа парақ ашылады деп білгеніміз жөн және өзіміз де осы тарихи маңызы бар іске атсалысуымыз қажет. Бұл парақта еңбек адамдары – экономиканың тірегі ретінде, ал техникалық мамандықтар – болашақ мамандықтары ретінде бағалануы тиіс.
Қоғамда құндылықтар жүйесі ауысып жатыр. Бұл – жастар үшін жаңа таңдау, мемлекеттің болашағы үшін нақты қадам.
Еңбекке табыну – дамыған елдің белгісі. Қарапайым слесарь мен электрик болмаған жерде технология дамымайды. Сол себепті, біз өзімізді қайта тәрбиелеуіміз керек.