2025 жыл жұлдыздар үшін қуанышқа толы жыл болды. Бірі жаңа өмірге қадам басып, ана атанса, енді бірі сәбиін тағатсыздана күтуде. El.kz интернет порталының тілшісі аналық бақытқа кенелген танымалдарды шолып шықты.
Жұлдыз Әбдікәрімова
Актриса әрі тележүргізуші Жұлдыз Әбдікәрімова өзінің жүктілігіне байланысты жан сырын ақтарып, әлеуметтік желіде ұзақ әрі шынайы жазба қалдырды. Көпшілік оны төрт баланың анасы ретінде білсе де, бұл жолы ол жұрт күтпеген шындықты жайып салды – бұл оның бесінші емес, жетінші жүктілігі екен.
Жұлдыз алғашқы кездері өзінің аяғы ауыр екенін мүлде сезбегенін айтады. Сол кезеңде өмірінде түрлі қиындықтар қатар келген. Қоғам назары мен жеке басындағы мәселелердің тасқыны оны абыржытқан сәтте, Жаратқанның тосын сыйы дәл осы мезетте келген екен.
Ол жайлы білмесем де, менің ағзам қабылдап, өз процессін атқарып жатқанын сезбедім. Әрине, сол сәтте сезбеу – заңдылық. Өйткені басыма біраз мәселе үйір болған кезең еді. Оған халық куә болды. Одан бөлек, көпшілік білмейтін жеке мәселелерім де тағы бар... Әбден әбігерге түстім. Ішім алай-дүлей... Сол сәтте жатырыма жайғасқан бір түйір тамшы, өз уақытында, өз несібесімен келіпті, – деп жазды.
Актриса бұл жүктілікті өміріндегі үлкен өзгерістердің бастауы ретінде сипаттайды. Құрсағында соғып тұрған кішкентай жүрекше оның жан жарасын емдеп, рухани жаңаруына себеп болған.
Құрсағымдағы соғып тұрған кішкентай ғана жүрекшем барлық түйіндерді шешіп жіберді деп айтсам, асылық айтқаным болмас. Өйткені өмірімде үлкен өзгерістер бастау алып, мен күтпеген, мүлдем ойламаған таңғажайып жайттар орындалды. Құдды бір киноның сценарийі тәрізді, – деп жазды ол.
Бұл жүктілікті Жұлдыз Әбдікәрімова «Жаратқанның маған берген ең ғажайып сыйы» деп атады.
Бергенінен берері мол дегенді мен сонда ғана түсіндім. Адам мұқтаждығын өзгеден емес, Алладан сұраса, Алла оның абыройын асырып, жоқ нәрсесін түгелдеп қояды екен. Әрине, ниеті таза, жүрегі түзу болса, бәрі өз орнына, өз ретімен келеді екен, – деді ол.
Желі қолданушыларының құттықтауына ризашылығын білдірген актриса оларға шын жүректен алғыс айтты.
Еске сала кетсек, Жұлдыз Әбдікәрімова мен Қайрат Нұртас бүгінде екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Жақында актриса әлеуметтік желіде жүкті кейпіндегі видеосын бөлісіп, көпшілік назарына іліккен болатын.
Айжұлдыз Адайбекова
Мамыр айында дүркіретіп тойларын өткізген жас жұбайлар – блогер әрі дизайнер Айжұлдыз Адайбекова мен әнші Сәкен Қағаров көп ұзамай ата-ана болмақ. Қуанышты жаңалықты олар Instagram парақшаларында бөлісіп, оқырмандарына «Біз сені күтеміз, балақай» деген жүрекжарды жазу арнады.
Айжұлдыз жүктілігінің алғашқы айларының оңай өтпегенін жасырмай, төрт айға дейін қатты таксикоз болғанын, гормон деңгейінің жоғарылағанын айтты.
Өте қиын болды – тек шыдап жүрдім. Бірақ жұмысым арқылы көңілімді бөлгім келетін. Тек кептірілген нан жедім, мұз қосылған газдалған су ішіп, жай ғана медитация жасадым. Кей кездері қытай лапшасын жей алатынмын, – дейді ол жазбасында.
Болашақ ана бұл кезеңде ішкі тыныштығын сақтауға тырысқан. Медитациямен айналысып, пайдалы кітаптар оқып, түрлі подкасттар тыңдап жүргенін атап өтті. Бұл уақытты ол өзіне, сәбиге және рухани дамуына арнаған.
Әйгерім Рақыш
«Ayree» лақап атымен танымал отандық әнші Әйгерім Рақыш өзінің туған күнінде көпшілікпен ерекше қуанышын бөлісті. Жақында ғана екінші рет тұрмысқа шыққан өнер иесі жұбайы Нұркенмен бірге сәби күтіп жүргенін жариялап, оқырмандарын қуанышқа бөледі. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.
Туған күніңмен, Ayree! Өткен жылға тек алғыс. Аллаға сансыз шүкір. Жаңа жасымды ең керемет сезіммен қарсы алып отырмын. Мені бақытты қылған Нұркен, рақмет, сүйіктім. Ата-анама, жақындарыма және ең бастысы сіздерге – менің сүйікті тыңдармандарыма алғысымды білдіремін. Баршаңызға жұғысты болсын! Ал балапан, біз сені тағатсыздана күтудеміз, – деп жазды әнші.
Бұл жаңалықты естіген желі қолданушылары Ayree-ге жылы лебіздерін жаудырып, қуанышына ортақтасты.
Айта кетейік, Ayree осы жылы өзінен екі жас кіші сүйіктісімен шаңырақ көтерген болатын.
Айым Алтынбекова
Отандық танымал блогер «Aeka Posh» лақап атымен белгілі Айым Алтынбекова өзінің аяғы ауыр екенін айтып, қуанышты жаңалығымен оқырмандарымен бөлісті.
Блогер бұл жолы ерекше сәтті жасыра алмағанын мойындап, әлеуметтік желіде жүрекжарды жазба қалдырды.
Міне, бізде осындай жаңалық. Сендер – менің туғандарымдайсыңдар, сондықтан бұл қуанышты енді жасыра алмадым. МашАллаһ деп қойыңыздар. Жүрегінің астында сәби көтеріп жүрген әр ананы Алла сақтасын. Бұл – жұбайыммен арадағы махаббаттың жалғасы. Сәби күтуші әр анаға осындай нығмет нәсіп етсін. Әмин, – деп жазды Айым.
Блогердің оқырмандары қуаныштарын бөлісіп, ақжарма тілектерін жаудырып жатыр.
Айта кетейік, Айым Алтынбекова 2024 жылы екінші рет тұрмысқа шыққан. Желі жұлдызы бұл туралы да Instagram парақшасында хабарлаған еді. Блогер бұған дейін белгілі әнші әрі сазгер Дидар Кәденге тұрмысқа шыққан. Алайда бұл неке ұзаққа созылмай, ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен. Екеуінің ортақ ұлы бар.
Таңшолпан Шотаева
Отандық танымал блогер, «Колобок» лақап атымен танылған Елдос Қадырханов көптен күткен арманына қол жеткізді – ол алғаш рет әке атанбақ. Желіде тараған видеосында блогер мен жұбайы Таңшолпан Шотаеваның ұл күтіп отырғанын қуанышпен жариялады.
Сүйінші, қазақ елі! Аллаға шүкір, жеттік осы күнге. Балапан, біз сені күтеміз, – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Елдос пен оның жары бұл сәтке оңайлықпен жеткен жоқ. Бұған дейін Елдос Қадырханов бедеулікке қарсы күрделі ота жасатқанын айтқан болатын. Шипа іздеп Түркияға да барып көрген. Бірақ көптің үмітін үзген дерттің шешімін Астанадан тапқанын айтады.
Түркияда ота 20-30 минутта жасалады екен. Ал Астанада менің операциям 3,5 сағатқа созылды. Дәрігерлер ең маңызды тұстың бітеліп қалғанын айтты. Хирург бұрын қолданылмай кеткен бір әдісті еске түсіріп, соны іске асырған. Жабысып тұрған жерді кесіп жібергенде бір дыбыс шығып, артынша бұлақтай аға жөнелген. Кейін эмбриологтарға тапсырғанда, ішінде тірі жасушалар жыбырлап жүргенін көріпті. Ондай бұрын менде мүлде болмаған, – дейді блогер.
Ерке Есмахан
Отандық танымал әнші Ерке Есмахан 40 жасында ана атанып, жақында үшінші перзентін дүниеге әкелді. Қуанышты жаңалықты алғаш болып оның жұбайы – әнші RaiM Instagram парақшасында жариялады. Ол жаңа туған ұлымен түскен әсерлі суретті жүктеп, фотода: «Қош келдің, ұлым. Райымбек Батыр, – деп жазды.
Суреттен әке махаббатын сезінуге болады – RaiM нәрестесінің кішкентай қолынан сүйіп отыр. Бұл көрініс желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, бірден жылы лебіздерге толы пікірлерге ұласты.
Оқырмандар мен отандық шоу-бизнес өкілдері жас ата-ананы құттықтап, ақ тілектерін жаудырды.
Виктория Жансейітова
2025 жылдың 16 мамыры «Бүркіт» лақап атымен танымал қазақстандық өнер иесі, әнші Айбек Жансейітов үшін ерекше күнге айналды. Сол күні отбасында тағы бір сәби дүниеге келіп, көпбалалы әке атанған әнші Instagram парақшасында қуанышын бөлісті.
Ал, қазақ елі, сүйінші! Қызды болдым! Аиша аман!, – деп жазды ол желіде үйінші сұрап.
Айта кетейік, Айбек пен Виктория Жансейітовтер 2010 жылы отбасын құрған. Қазір олардың Зейін, Омар және Сафия есімді екі ұлы мен бір қызы бар. Жаңа туған сәби жанұядағы төртінші перзент.
46 жасында тағы бір мәрте әке атану – өнер иесі үшін үлкен бақыт. Бұл қуанышты жаңалықты естіген жұртшылық пен достары, туыстары отбасына құттықтауларын жаудырып, «Бауы берік болсын!» деген ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін істі болған қазақстандық жұлдыздар туралы жазған едік.