Жүлде қоры – 15 млн теңге: «Алтын тобылғы» байқауына құжат қабылдау жалғасуда

29 Тамыз 2023, 11:11 1024

«Алтын тобылғы» әдеби байқауы үздік жас ақындар мен жазушыларды анықтайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл игі іс-шараны Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырып отыр. Дәстүрлі байқау биыл тоғызыншы рет өтеді. Басты мақсат – заманауи қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, жас қаламгерлерді қолдау, шығармашылығын насихаттау. 

Әдеби байқауға 18-35 жас аралығындағы жас қаламгердің қазақ және/немесе орыс тілдеріндегі шығармасы қабылданады. Автор екі номинацияға қатысуға құқылы. Байқаудың бұрынғы жеңімпаздары қатыстырылмайды. Бір автордан бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған екі шығармаға дейін қабылданады. 

Байқау номинациялары: 

- «Жылдың үздік прозасы»; 
- «Жылдың үздік поэзиясы»; 
- «Жылдың үздік драматургиясы»; 
- «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы»; 
- «Жылдың үздік киносценарийі»; 
- «Жылдың үздік фантастикалық шығармасы»; 

Қор биыл «Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы номинациясын да тағайындаған. Жеңімпаз «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атанып, 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық алады. Ал арнайы номинация жеңімпазына 3 млн теңге беріледі. 

Қатысу үшін өтінімді (шығарманы) пошта арқылы Астана қаласы, Ә.Бөкейхан көшесі, 1А, Нұрсұлтан Назарбаев қорына немесе at2023@fnn.kz электрондық мекенжайына жіберу керек. Өтінім 30 қазанға дейін қабылданады. 

Толық ақпарат fnn.kz сайтында немесе 8 (7212) 767012 телефон нөмірі арқылы біліңіз.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: