Жүктілік және йога: пайдасы қандай?

18 Шілде 2018, 11:43 12121

Йога сізге таныс па?

Йоганы үйрететін көпшілік мектептер жүкті әйелдерге ерекше мән беріп, мейілінше өздерін жеңіл сезінулеріне көмектескісі келеді. Бұрын-соңды йогамен шұғылданып көрмеген адам спорттың немесе ілімнің осы бір түрін тек көзді жұмып, саусақтарын шошайтып отырады деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде йога жаттығулары сізді тек физикалық тұрғыда ғана емес рухани тұрғыда кемелденуге, гармонияға бөлеп, өзіңізді бағалауға әрі мидың тынығуына керемет көмектеседі.

Бала күтіп жүрген әйелдерге арналған медитациялар мен арнайы жаттығулар оларға жатырдағы баласы сондай-ақ өзін қоршаған жандармен жалпы алғанда әлеммен үйлесім табуына, дене бітімін нығайтып, жеңіл босануға септігін тигізеді.      

Йоганың пайдасы

Йогамен тұрақты түрде айналысатын жүкті әйелдер көңіл-күйлерін жеңілдетіп, токсикозға деген бейімділіктен құталыды, тез шаршау мен ұйқыбастылықтан арылады. Йога жаттығулары қан тамырларының домбығып, жарылуының алдын алса, ісіктен сақтайды, ана мен бала арасын байланыстырып тұрған қан айналымын жақсартады. Түрлі иілмелі жаттығулар болашақ ананың жамбас, іш сондай-ақ арқаның бұлшықетін қатайтып, бұлшық ет талшықтары сіңірлерінің созылмалығын ұлғайтып, денені қосымша жүктемеге дайындайды. Ең бастысы жүктіліктің жеңіл өтуіне әрі жеңіл босануға септігін тигізеді.

Жүктілік кезінде йогамен шұғылдану эндокринді жүйенің жұмысын жақсартып, иммунитетті күшейтеді, денеге артық майдың жиналуына қарсы тұрса, дененің босаңсып, демалуына жағдай жасайды. Ерекше атап өтерлігі гармондары сәт сайын ойнап тұратын жүкті келіншектерге жақсы көңіл-күй сыйлап, әлдебірнәрсеге орынсыз уайымдау, алаңдау сынды жағымсыз әсерден құтылуға көмектседі.

Тыныс алу жаттығулары қанға оттегін алып келсе, өкпенің жұмысы жақсарады, бұл кейіннен толғақты жеңілдетуге таптырмайтын әдіс. Тағы бір ерекшелігі – йога өз денеңді, болмысыңды, эмоцияларыңды жақынырақ тануға әрі бақылауда ұстауға көмектеседі. Бұл ең әуелі күйзеліс кезінде пайдаға жарайды.   

Ескеретін кеңестер

Жүктіліке дейін йогамен шұғылданған немесе жалпы салауатты өмір салтын ұстанған әйелдер жүктіліктің бастапқы кезеңінде өте ұқыпты түрде спорт жаттығуларын жалғастыра алады. Тек өзіне қажет жаттығуларды ғана жасап, кейбір ішкі құрылысқа қатты салмақ түсіретін иілмелі жаттығуларды шектеуге тура келеді. Мұндай күрт қозғалыстар құлап қалуға апаруы мүмкін.

Ал, егер бұрын-соңды спортқа аса қызығушылғы жоқ жандар үшін алдын-ала мамандандырылған топтарға жазылған дұрыс. Ең әуелі жүктілігіңізге зиян келмес үшін дененіңізді жеңіл жаттығуларға үйретіп, бейімден абзал. Жаттығуларды жүктіліктің кез-келген кезеңінен бастауға болады, нұсқаушы сізге ыңғайлысын өзі таңдап береді.

Жалпы екіқабат әйелдер үшін йогамен өте ұқыпты шұғылданған дұрыс. Әсіресе секірістен, жылдам қарқынды қозғалыстардан сақтанған жөн. Бір қалыптан келесі қалыпқа ауысу үшін өте баяу қимылдау керек. Жүктіліктің екінші триместрінен бастап ішке жатып жасайтын жаттығуларды шектеген дұрыс. Ал, үшінші триместрден бастап шалқалай жатып орындайтын жаттығуларды доғарған дұрыс. Бұл – қан айналымды баяулатады. Көбінесе бір қырмен жатып немесе түрегеліп тұрып істейтін жаттығуларды орындаған абзал.   

Қандай жағдайда йогамен шұғылдануға тиым салынады:

Қан кету;

Түсік тастауға қатер болса;

Қатты токсикоз, құсу, салмақ жоғалту;

Тахикардия, қан қысымының тұрақсыздығы, бас айналу;

Су көп болса;

Босанатын уақыт жақындағанда.

Кезеңдердің ерекшелігі

Бірінші триместр

Жүктіліктің бірінші кезеңі – іштегі шаранының дамуына әсер ететін маңызды кезең. Дәл осы кезеңде өте мұқият әрі ұқыпты болу керек. Жаттығуларды тек жатып орындау керек.

Бірінші триместрде йогамен айналысу жатырдың төменгі бөлігіндегі аурусынуды азайтса, бас айналу мен токсикозбен күресуге көмектеседі, бұлшықеттерді қатайтып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

Екінші триместр

Жүктіліктің екінші кезеңінде йогамен шұғылданудың пайдасы зор. Неге десеңіз, йогамен айналысқан жүкті әйел де өзі айтарлықтай деңгейде ләззат алады. Дәрігерлердің түсік туралы қорқынышынан арылып, жүкті әйелдің қалыпты көңіл-күйге бөленетін кезеңі болғандықтан жаттығуларды белсенді жасауға, үйлесім табуға мүмкіндік береді.

Әсіресе тыныс алу жаттығуларын жақсы меңгеріп, омыртқаға түсетін салмақты жеңілдететін жаттығуларды сүйсініп істейді. Жоғарыда атап өткеніміздей қан тамырларының жарылуынан сақтап, қан айналымын жақсартуға мол мүмкіндік осы екінші кезеңде туындайды.

Асқазандағы қыжылдан құтылуға отырып жасайтын жаттығулар көмектеседі.  

Үшінші триместр

Үшінші кезеңде күннен-күнге жаттығуларды жасау ауырға соқса да, үзбей жалғастырған дұрыс. Себебі жүктіліктің үшінші триместріндегі йога физикалық әрі психологяилық тұрғыда сізді босануға дайындайды.

 

Мамандар бұл кезеңде мейілінше аяқ пен омыртқаға аз салмақ салатын жаттығуларды жасауға кеңес береді. Мүмкіндігінше жаттығуларды орындағанда қабырғаға немесе орындыққа сүйеніп істеген дұрыс. Көп жағдайда дененің созылуына жағдай жасайтын жаттығуларды көбірек істеу керек.

Бөлісу: