Жүгіруді жаңа бастағандарға 7 кеңес

7 Сәуір 2017, 12:13 9259

Тәннің саулығы – жанның саулығы

Жүгірудің сіздің денсаулығыңыз бен қоса, ішкі жан дүниеңізге де тигізер пайдасы орасан екенін білесіз бе? Егер осы спорт түрімен айналысуды ойлап жүрсеңіз, сізге берер кеңесіміз бар.


Ең алдымен спорттық аяқ киімге назар аударыңыз. Оның сәнді болғанының еш маңызы жоқ. Маманның кеңесі бойынша арнайы жүгіруге арналған аяқ киім алғаныңыз абзал.

Жоспарлаңыз. Жүгіру уақыты мен қашықтығын өзіңізге ыңғайлы етіп алғаныңыз дұрыс. Белгіленген уақыт пен ойша бекіткен жүгіру аралығын өзгертпеуге тырысыңыз, келе-келе оны ұзартқаныңыз жөн. Денсаулығыңызға аса ауырлық ететін жаттығуларды әзірге қоя тұрып, әлеуетіңіз жететін пайдасы көбірек жағына көшіңіз. Жоспарды денсаулық жағдайыңызға сәйкестендіргеніңіз дұрысырақ.

Шыдамды болыңыз. Жүгіруге шығатын күні бар жылдамдығыңызбен, ойыңыздағы қашықтықты айналып келе қоямын десеңіз қателесесіз. Әріге бармай-ақ, қалжырайтыныңызды айтпаса да түсінікті. Бұл сіздің жоспарыңызды бұзатын «қара күш». Ұзақ қашықтыққа қалыпты жағдайда жүгіріп жетуіңізге үш айдан көбірек уақыт жұмсайсыз. Шыдамдылықты жаныңызға серік етіңіз.

Қосымша жаттығу жасаңыз. Осы спорт түрімен ары қарай да дос болам десеңіз, қосымша жаттығулар арқылы бұлшықеттеріңізді шынықтыра түсіңіз. Йоганы да жоспарыңызға қосып қойсаңыз болады.

Бірге жүгіретін серік табыңыз. Егер екеу боп жүгіретін болсаңыз, бұл үлкен мотивация беріп қана қоймай, жүгіру уақытыңызды қызықты етуге көмектеседі. Өзара ақылдасып, пайдалы кеңестермен де бөлісері хақ.

Дұрыс тамақтануға көшіңіз. Спортпен шұғылдану сіздің тамақ мәзіріңіздегі бірнеше тағамдардың орнын ауыстыруы мүмкін. Жұмсалған энергия мен күштің орнын қалайда толтыру керек. Сондай-ақ, пайдалы, дәруменге бай асқа жиірек ұмтылыңыз. Сол секілді суды да молырақ ішіңіз. Күніне 2 литр су қолдану денсаулығыңызды нығайта түседі.

Уақыт өте келе, жылдамдығыңыз бен қашықтықты арттыра түсіңіз. Бірінші, баяу жүгірістен бастасаңыз, келе-келе жылдамдығыңызды арттыра беріңіз. Күш-қуатыңыз тасып тұрса да, денеңізге ауырлық түсірмегеніңіз абзал. Апта сайын үш рет жүгіріп тұрсаңыз, сол да жеткілікті. Бұл көрсеткішті тек азайта көрмеңіз.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: