Жұбанов университетінің ғалымдары Қытайда білім алуда

12 Желтоқсан 2023, 22:33 891

Heriot-Watt халықаралық факультетінің доценті, PhD, қауымдастырылған профессор Нұргүл Жантурина және «Физика» кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Зухра Аймағанбетова «Өртке қауіпсіз инженерлік материалдарды әзірлеу және бағалау әдістері» ғылыми-техникалық курсына қатысуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқыту Қытайдың Хефей қаласындағы Ғылым және технологиялар университетінің мемлекеттік өрт туралы негізгі ғылымдар зертханасының (State Key Laboratory of fire sciences) базасында өтеді.

«Қазіргі уақытта өрт жағдайларының жиі орын алуына байланысты полимерлер негізінде өртке қауіпсіз материалдарды әзірлеу өзекті тақырыптардың бірі. «Flame retardant materials» деп аталатын бұл материалдар отқа төзімді, жанбайды. Оны құрылысқа, электр желісінің кабельдеріне және автокөліктер, ұшақтар, пойыздарда қолдануға болады»,- дейді Heriot-Watt халықаралық факультетінің доценті Нұргүл Жантурина.

Курс қатысушылары отқа төзімді материалдарды жасау, синтездеу механизмдері мен әдістерін және олардың қандай салада әлеуетті қолданылуын зерттейді.

Оқыту екі аптаға созылады. Осы уақыт аралығында 3 сағаттан тұратын 12 дәріс, 5 зертханалық сабақ, Хефей қоғамдық институттарына бару және брейнсторминг сессиясы жоспарланған. Курс толығымен ағылшын тілінде өтеді.

Курсқа Ресей, Египет, Тайланд, Пәкістан, Иран ғалымдары да қатысады. Дәрісті профессор Юань Ху (Хирша индексі=98), профессор Джи-Хин Чжу (Хирша индексі =69), БИН Ю (Хирша индексі=64), Хин Ванг (Хирша индексі =61) және басқа да білікті ғалымдар өткізеді.

Жұбанов университетінің ғалымдары Қытайға білім алуға жанғыштығы төмен жаңа полимерлі композиттерді алу жолдары тақырыбындағы ғылыми жобаларын таныстыра отырып, іріктеуден өтті. Қытай тарапы жобаны өзекті деп танып, жоба авторларын тәжірибе алмасуға шақырды.

Берік Арманов
Бөлісу: