Бүгін, 29 тамыз күні, португалиялық маман Жозе Моуринью Ыстамбұлдың «Фенербахче» клубының бас бапкері қызметінен кеткені ресми түрде жарияланды. Бұл шешім түрік командасының УЕФА Чемпиондар лигасынан шығып қалуынан кейін қабылданды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Fanatik мәліметінше, «Фенербахче» басшылығы Моуриньюмен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін оған қомақты өтемақы төлеуге мәжбүр. Ал оның көлемі – 15 миллион еуро.
Айта кетейік, «Фенербахче» плей-офф кезеңінде португалиялық «Бенфикаға» есе жіберіп, Чемпиондар лигасындағы жолын аяқтады. Жозе Моуринью 2024 жылдан бері түрік клубын жаттықтырып келген.
Клубтың баспасөз қызметі әлеуметтік желіде арнайы мәлімдеме жариялап, Моуриньюға алғысын білдірді:
2024/2025 маусымынан бері бас бапкер қызметін атқарған Жозе Моуриньюмен қоштасу туралы шешім қабылдадық. Командаға қосқан үлесі үшін оған алғыс айтамыз және алдағы бапкерлік жолында табыс тілейміз, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Моуринью бұған дейін әлемнің жетекші клубтарында жұмыс істеген. Оның қатарында мадридтік «Реал», ағылшынның «Челси» және «Тоттенхэмі», италиялық «Интер», сондай-ақ «Рома» бар.