Жойылу қаупі жоқ. Күтім балығы Қызыл кітаптан шығарылады

23 Шілде 2022, 03:37 2958

Осыған байланысты зоологиялық комиссия күтімді Қазақстанның Қызыл кітабынан шығаруды ұсынды. 

Ведомствоаралық зоология комиссиясының отырысында күтім балығын сирек кездесетін жануарлар тізбесінен алып тастау мәселесі қаралды, деп хабарлайды EL.KZ. 

Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, күтім балығы популяциясына қауіп төнгендіктен бұрын ол Каспий маңы мемлекеттерінің Қызыл кітабына енгізілген және кейін шығарылған.

Көпжылдық ғылыми зерттеулердің нәтижесі Каспий теңізі акваториясы мен Маңғыстау облысының жағалауында күтім популяциясы қалпына келгенін көрсетті. 

Ғалымдардың пікірінше, популяция мен күтімнің тұрақты өмір сүру жағдайы генофондтың сақталуын қамтамасыз ететін және олардың табиғи көбеюіне қауіп төндірмейтін шамаға жетті. 

Осыған байланысты зоологиялық комиссия күтімді Қазақстанның Қызыл кітабынан шығаруды ұсынды. 

Бұл Каспий теңізінің қазақстандық секторында кәсіпшілік балық түрлерінің түрлік құрамын кеңейтуге мүмкіндік береді және Каспий маңы өңірінде балық шаруашылығын одан әрі дамытуға ықпал етеді. 

Зоологиялық комиссияның ұсынымы негізінде белгіленген тәртіпте күтім балығын Қазақстанның Қызыл кітабынан шығару туралы Үкімет қаулысының жобасы дайындалады.

EL.KZ
Бөлісу: