Кеше, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен НарбайҰлттық тарихты көркем тілмен сөйлету - театр өнерінің маңызды миссияларының бірі. Осы тұрғыдан алғанда Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Жошы хан» тарихи драмасы көрерменді XIII ғасыр оқиғаларына жетелеп қана қоймай, қазақ мемлекеттілігінің бастауы, елдік идеясы мен тарихи сабақтастық туралы терең ойға жетелейді.
Спектакльдің тұсаукесері 2023 жылы өтті. Премьераға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, қойылымның тарихи сананы жаңғыртудағы маңызын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы ұлттық тарихқа қатысты шынайы көзқарас қалыптастыруда мұндай шығармалардың орны ерекше екенін айтып, өскелең ұрпақтың тарихи танымын кеңейтудегі рөлін жоғары бағалады. Бұл театр ұжымының шығармашылық жетістігін айқындап қана қоймай, кейін театрдың Ұлттық мәртебе алуына негіз болған маңызды мәдени оқиғалардың бірі саналады.
Шығармашылық топ
Биыл Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия алдын ала іріктеуден өткен және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармалар тізімін ұсынды. Тізімде драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драмасы бар. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Қоюшы суретшісі – Ерлан Тұяқов, композиторы – Еділ Құсайынов. Шығарма тарихи деректерге сүйене отырып жазылғанымен, драмалық тартыс пен көркемдік қиял арқылы тарихи оқиғалар сахналық тілмен әсерлі жеткізіледі.
Қойылым екі бөлімнен тұрады: «Шыңғыс ордасы» және «Қазақ ордасы». Алғашқы бөлімде Үргеніш жорығы кезіндегі Жошы мен Шағатай арасындағы көзқарас қайшылығы, Шыңғыс хан әулесіндегі ішкі тартыс және оның мемлекеттің тағдырына ықпалы суреттеледі. Шыңғыс ханның иелігіндегі ұлан-ғайыр жерді төрт ұлына бөліп беруі арқылы оның мемлекет басқарудағы саяси көрегендігі көрсетіледі.
Жошы хан тұлғасының ашылуы
Екінші бөлімде Жошының жеке тұлғалық болмысы терең ашылады. Ол тек жауынгер немесе қолбасшы емес, өзіне қарасты халықтың тыныштығын, елдің тұтастығын ойлайтын көреген басшы ретінде танылады. Ертістен Оралға, Сырдариядан Еділ бойына дейін созылған ұлан-ғайыр даланы өз ұлысының негізі деп танып, Ұлытауда орда тігуі – болашақ қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастауларын меңзейтін маңызды көркемдік шешімдердің бірі.
Спектакль Жошы ханның түркі жұртын бір тудың астына топтастыруға ұмтылған тұлға болғанын көрсетеді. Оның ел басқарудағы ұстанымы күш көрсетуге ғана емес, халықтың бірлігі мен тұрақтылығына негізделген. Осы арқылы қойылым Жошы тұлғасын тарихи оқиғалардың қатысушысы ғана емес, мемлекетшіл қайраткер ретінде таныстырады.
Актерлік шеберлік
Қойылымның әсерлі шығуына актерлік құрамның еңбегі зор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Қапаев сомдаған Шыңғыс хан бейнесі қатал билеушінің ішкі толғанысын ашса, Қайыржан Садықов орындаған Жошы хан бейнесі парасатты басшының, әділ билеушінің және әкелік мейірімі мол адамның болмысын сенімді жеткізеді. Кейіпкерлер арасындағы психологиялық тартыс тарихи оқиғаларды көрерменге жақындата түседі.
Қойылымның көркемдік ерекшелігінің бірі – оның сахналық шешімі. XIII ғасырдағы Ұлы даланың кеңістігін бейнелейтін декорациялар, тарихи үлгіде тігілген костюмдер, ұлттық музыкалық әуендер мен пластикалық көріністер спектакльдің атмосферасын күшейтіп, көрерменді тарихи дәуірдің ортасына жетелейді. Символикалық көріністер шығарманың идеялық мазмұнын тереңдетіп, тарихи оқиғаларды әсерлі қабылдауға мүмкіндік береді.
Кеше, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?1 Шілде, 17:12
Спорттағы қазақ тілі: сәннен сұранысқа дейін30 Маусым, 14:11
«Керек болып қалар»: үйіңізде бекер шаң басып жатқан 18 зат