«Жолды пенопластпен жамаған»: «ҚазАвтоЖолдың» былығын ашқан тілшіге қоқан-лоқы жасалуда

19 Қазан 2023, 15:08 2431

Журналист Диас Нұрақын Алматы-Шелек бағытындағы жолдың пенопластпен жамалғанын көрсетіп, бұл видеоны өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«ҚазАвтоЖол» жол салудың тың технологиясын тауыпты. Алматы-Шелек бағытындағы бетон жолдың жыртығын пенопластпен жамап қойыпты. Енді қазақтарға жол салу үшін бетонның да битумның да керегі жоқ, - деп жазды ол.

Тілші Көлік министрлігінің парақшасын белгілеп, бұған қатысты қалай жауап беретіндерін сұраған:

ҚР Көлік министрлігі, не деп ақталасыздар? Әлде жаңа технологиямызды талқандап, жолды бүлдірдің деп жауапқа тартасыздар ма мені? – деді Нұрақын.

Бір қызығы, көп ұзамай-ақ журналиске жан-жақтан қоқан-лоқы көрсету басталып кеткен. Әріптесіміздің сөзіне қарағанда, пенопластты алып тастағаны үшін оны кінәлі етіп, тіпті сол жолдың күмітіне жауапты қылып қойған.

«ҚазАвтоЖолдың» былығын ашып едім, жан-жақтан талап жатыр. Тіпті қоқан-лоқы жасауға көшті. Алматы-Шелек-Қорғас тас жолының учаске басшысымын деген біреу «кешірім сұра» деп дікеңдеуде. Мехмет Шахин деген жігіт «көзіңе көк шыбын үймелетемін» дейді. Тіпті «бетонкадағы» пенопластты алып тастағаным үшін бұдан былай «осы жолдың күтімі сенің мойныңда» деді. Себебі бетон жолды қаудыраған пенопласт ұстап тұр екен. «Енді үгітіліп кетсе, басыңмен жауап бересің» деп доқ көрсетті. Қарап отырмай, Шелектің тұсындағы «бетонканың» күтіміне жауапты болып кеттім, - деді журналист.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: