Жолдаудың басым бөлігі қоғамның нақты қажеттілігі мен сұраныстарына негізделді – Мәжіліс төрағасы

4 Қыркүйек, 10:38 862

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауының басым бөлігі қоғамның нақты қажеттілігі мен сұраныстарына негізделгенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ерлан Қошанов өңірлерде халықпен кездескенін және президент айтқан мәселелер жұршылықты толғандырып жүргенін жеткізді.

Соның ішінде соңғы жылдары жол апаттарының артуы, соның салдарынан адамдардың опат болуы. Әскер қатарында жарғыға сай келмейтін заңсыздықтардың жиілеп кетуі халықтың алаңдаушылығын туғызып отыр. Заңнаманы қатаңдатқанымызға қарамастан, халық арасында есірткі тұтыну әлі де қиын мәселе болып қалуда. Сан түрлі өршіген алаяқтық әрекеттермен халық күн сайын дерлік ұшырасып жатыр. Осы мәселелерді шешуге депутаттық корпус – біз атсалысуымыз керек. Енді мемлекеттік органдармен бірлесіп, ең алдымен заң мен құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған жұмысты жалғастыруға тиіспіз, - деді мәжілісмен.

Ол президент жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанына тоқтала кетті.

Бұл – өте маңызды қадам. Өйткені елімізде инженерлер, құрылысшылар, биологтар, ветеринарлар, су саласы мамандары тапшы. Қазір бізге зауыт, жол, үй салатын кадрлар көбірек қажет. Сондықтан біз оларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесін де қарастыруымыз керек. Алдағы уақытта осы тақырыпқа арнап Үкімет сағатын өткізген жөн деп санаймын. Сонымен қатар жұмыскерлердің осындай санатын жеке мемлекеттік наградамен марапаттау елеулі ынталандыру болмақ. Біз – депутаттар президенттің бұл идеясын өз тарапымыздан заңнамалық деңгейде қолдайтын боламыз. Цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жұмысын да одан әрі жалғастырамыз. Мәжіліс қабырғасында жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі заң жобасы әзірленіп те қойды, - деді ол.

Қошанов жақын арада Мәжілісте жобаны талқылау басталатынын атап өтті. Сонымен бірге биылғы күзде киберқауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобасы және Цифрлық кодекс қаралады.

Миражан Махан
Бөлісу: