Жолдауды жүзеге асыру тетіктері талқыланды

26 Қыркүйек 2022, 22:09 1940

Ел Президенті Үкіметке қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырды.

ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, ҚР Президенті жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабартимен кездесті, деп хабарлайды EL.KZ.

Министрліктің мәдіметіне қарағанда, кездесу барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру тетіктері талқыланды. Атап айтқанда, қала құрылысы Кодексін әзірлеу және инфрақұрылымдық даму мәселелері әңгіме арқауына айналды.

ИИДМ басшысы атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен оларды іске асырудың негізгі тетіктері пысықталды.

Ел Президенті Үкіметке қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырды. Осы ретте әрбір қаланың жер телімдері мен коммуналдық желілердің схемасы көрсетілген функционалды интерактивті картасы жасалатын болады. Жер кадастрында өнеркәсіптік мақсатқа арналған жер телімдерінің картасын қолданыстағы көлік және коммуникация инфрақұрылымының схемаларымен толықтырылып отырады, – деді Қ.Өскенбаев.

Айта кетерлігі, ҚР ИИДМ-де құқықтық және талдамалық мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ғылыми және бизнес қоғамдастықтың өкілдері кірді. Сондай-ақ министрлік аталған тапсырманы іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеп, бекітті.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ автомобиль жолдары құрылысының сапасы, индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру және елдің транзиттік әлеуетін нығайту мәселелерін талқылады.

EL.KZ
Бөлісу: