Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға қоғам болып атсалысуымыз қажет - Гүлзада Шакуликова

4 Қыркүйек, 17:21 425

«С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында көтерген өзекті мәселелеріне тоқталып, оған қатысты жоғары оқу орнында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Гүлзада Шакуликованың сөзінше, Жолдауда мемлекеттік саясаттың тоғыз басым бағыты қамтылған. Оның ішінде еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру мәселесі де бар. Болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау ісі жоғары оқу орындарына зор жауапкершілік жүктейді.

Президент «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет» деп атап өтті.  Биыл елімізде болған табиғи апаттар жаңа мамандыққа деген қажеттілікті арттырып, кадр тапшылығын көрсетті. Су тасқыны, жер сілкінісі секілді апат салдарына бақылау жасап, алдын алудың маңыздылығын сезіндік. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Геоақпараттық жүйелер», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардағы бизнес талдау» және «Материалтану және жаңа материалдар алу технологиялары» білім беру бағдарламалары ашылды, - деді Басқарма төрағасы-ректоры.

Гүлзада Шакуликова сарапшылардың 2030 жылға қарай Қазақстанда 57 мамандық жойылып, оның орнына 180 білім беру бағдарламасы енгізіледі деген болжам айтқанын атап өтті. Жоғарыда аталған университет белсенді трансформациялану кезеңінде білім беру үдерісіне үздік тәжірибелерді енгізу бағытында бірқатар жобаны қолға алып отыр. АтМГУ ел индустриясына білікті ұлттық кадрларды даярлау үшін жұмыс берушілер мен еңбек нарығының талабын, сұранысын сарапқа сала отырып, «Білім-өндіріс-ғылым-бизнес» интеграциясы аясындағы жұмысын жалғастырады.

Жоғары білім беруді интернационалдандыру бағытында елімізде Президент тапсырмасымен шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орнының филиалы ашылған болатын. Соның бірі – И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінің филиалы. Студенттер Губкин университетінің филиалында «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» мамандықтары бойынша «Қос дипломды білім беру» бағдарламасына қатысуда. Бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу, кадрлар мен профессорлық-оқытушылық құрамның біліктілігін, кәсіби даярлығын арттыру арқылы Ресей мен Қазақстанның жетекші мұнай-газ университеттері арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамыту бойынша жұмыстар атқарылып келеді, - деді ол.

Басқарма төраға-ректорының айтуынша, университет халықаралық стратегиялық серіктестермен бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуда. Атап айтқанда, Лешнодағы Ян Амос Коменский атындағы қолданбалы ғылымдар университетімен (Польша) келісімшарт жасап, қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосты.

Petronas технологиялық университетімен ғылым және білім беру саласындағы  ынтымақтасты дамыту жөніндегі  меморандумға қол қойылды.  Соның аясында АтМГУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен докторанттарына Малайзияда білімін жетілдіруге мүмкіндік беріліп отыр.  Жаңа оқу жылындағы тың бастаманың бірі – Хуатек компаниясының қолдауымен Атырау мұнай және газ университетінде Jingshi Institute ашу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Біздің студенттеріміз АҚШ, Малайзия, Әзербайжан, Ресей, т.б. елдерде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алады, - деді Гүлзада Шакуликова.

Оның сөзінше, Жолдауда сонымен қатар әр саладағы инновацияға серпін беріп,  жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыру, ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын тиімді ұйымдастыру жайында айтылды. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау қажет екенін айтқан Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. 

Еліміздің жыл сайынғы даму стратегиясын айқындайтын Жолдауда алға қойылған міндеттер орындалып, өз нәтижесін беріп келеді. Биылғы  Жолдауда айтылған міндеттің барлығы елдің тұрақты дамуына ықпал ететін қадамдар.  Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға қоғам болып жұмылып, атсалысуымыз қажет, - деп сөзін қорытындылады Гүлзада Шакуликова.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: