Былтырғы 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында халыққа Жолдауын жариялап, ел дамуының жаңа бағдарын белгілеп бергені есімізден шыға қойған жоқ. «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атауымен өткен сол Жолдауда Президент алдағы жылдарға арналған бірқатар басты міндеттерді айқындап берді. Араға бір жыл салып, 2025 жылғы қыркүйекте кезекті Жолдауын тұрғындарға тағы ұсынары хақ.
Ендеше, былтырғы Жолдауда жүктелген міндеттер бүгінде қалай жүзеге асып жатыр? Осыны зерделеп, ой елегіне салып көрсек.
Экономика мен бизнесті дамытуда берекелі істер бар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық саясатта азаматтардың табысын арттыру, бюджетті тиімді пайдалану және орта бизнесті күшейту міндеттерін қойды.
«Макроэкономикалық тұрғыда белгілі бір ілгерілеу бар: 2025 жылдың қаңтар-шілде аралығында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 6,3 пайызға өсті», - деп хабарлады Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Дерекке қарағанда, өнеркәсіп өндірісі 6,9 пайызға, қызмет көрсету секторы 5,2 пайызға артқан. Үкімет 2029 жылға дейін ЖІӨ көлемін екі еселеу мақсатын көздеп, инвестиция тарту, өнімділікті арттыру және шикізаттық емес секторды кеңейту арқылы соған қадам жасап жатқанын жеткізді.
Алайда сарапшылар экономиканың өсуі көбіне мемлекет шығыны есебінен болып отырғанын ескертеді. Мысалы, 2025 жылы құрылыс саласы 18,5 пайызға ұлғайып, Түркістан облысында мектеп пен жол жобалары есебінен 34,6 пайыз өсім тіркелді. Экономист Ғазиз Әбішевтің айтуынша, мұндай қарқынды кеңейту әлеуетіне сыртқы мұнай бағасы, ірі елдердің сауда саясаты сияқты тәуекелдер әсер етуі мүмкін әрі бюджет мүмкіндігі де шектеулі. Бұл экономикада әлі шешімін таппаған құрылымдық түйткілдердің барын көрсетеді.
Дегенмен, бизнесті қолдау және салық саясаты бағытында маңызды қадамдар жасалды. Биылғы 18 шілдеде Президент жаңа Салық кодексіне қол қойды. Онда есептілікті 30 пайызға қысқарту, салық түрлерін 20 пайызға азайту, салықтық жеңілдіктер мен алымдарды оңтайландыру көзделді. Мәселен, қосылған құн салығының негізгі ставкасы 2026 жылдан бастап 16 пайызға өседі, бірақ дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 5-10 пайыз төмендетілген мөлшерлеме қарастырылған.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарға салыстырмалы салықтық жеңілдіктер ұлғайтылып, арнайы салық режимдері үшке дейін қысқартылды. Бұл шаралар салықты әкімшілендіруді жеңілдетіп, экономиканың «көлеңкеден» шығуына және кәсіпкерлердің жүктемесін азайтуға бағытталған. Орта бизнесті дамытып, оның экономикадағы үлесін 2029 жылға қарай 15 пайызға жеткізу де басты міндет ретінде белгіленген болатын. Бүгінде орта бизнес үлесі шамамен 7 пайызды құрайды, елімізде 3 мыңдай орта кәсіпорын бар. Осыған байланысты Үкімет шағын кәсіпкерлерді өсіп, орта санатқа қосылуға ынталандыруда. Бақылаушы органдарға тиісінше бизнеске алғашында айыппұл салмай, ескерту жасап, заңбұзушылықты түзетуге мүмкіндік беру талабы қойылды.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, енді бизнеске қойылатын артық 10 мыңнан астам талап жойылып, мемлекеттік бақылау «жазалау емес, алдын алу» қағидатына көшіп жатыр. Бұл кәсіпкерлікті қолдауға арналған «реттеуді қайта қарау» реформасының жалғасы десек те болады.
Президент бизнес-климатты жақсартып, инвестиция тарту үшін инвестициялық штаб жұмысын күшейтуді тапсырған еді. Осы бағытта 17 ірі индустриялық жобаның тізімі жасалып, терең өңдеу, мұнай-химия, энергетика, машина жасау, туризм секілді салаларда жүзеге асырыла бастады.
Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірге өндірісте жасанды интеллекті пайдалану жол картасын әзірлеп, еңбек өнімділігін арттыруға кірісті.
Сонымен қатар, банк секторын экономиканы кредиттеуге ынталандыру шаралары қабылданды. Ұлттық банк базалық ставканы төмендету қадамдарын жасап, бизнеске арзан несие ұсыну үшін қаржы институттарына ұзақ мерзімді ресурс беру тетіктерін қарастыруда.
Президент банктердің дивидендтеріне сай салық төлеу керектігін де айтқан болатын. Бұл ретте, бюджеттің тұрақтылығын сақтау басты назарда: шығыстарды шектеу, Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану және трансферттерді азайту тапсырмасы берілді. Бюджет тапшылығын жабу үшін Үкімет жаңа өтемдік көздер іздестіруде.
Дегенмен, экономикалық реформалардың кейбірі ұзақмерзімді нәтижеге бағытталғандықтан, бір жылда толығымен орындалды деп айту қиын. Қоғам өкілдері былтырғы тапсырмалардың орындалуы жайлы нақты есеп берілуін талап еткен еді. Алайда, «мына міндет осылай жүзеге асты» деп ашық есеп берген мемлекеттік орган болмады. Премьер-министр Олжас Бектенов алдыңғы, өткен жылдары атқарылған істерді тізбелеп, ұлттық экономика көлемін 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізуге күш салып жатқанын, ол үшін өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, IT сияқты салаларда ірі жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Үкімет басшысы отандық өндірушілерге қолдау күшейіп, жалпы құны 15 триллион теңгеден асатын 17 ірі жоба басталғанын, соның арқасында 26 мың жұмыс орны құрылып, импортқа тәуелділік 1,5 триллион теңгеге қысқаратынын мәлімдеді.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығын қаржыландыру 4 есеге өсіп, 580 миллиард теңгеге жеткенін, соңғы екі жылда ауыл тұрғындары 100 миллиард теңгеден астам шағын несие алып, 20 мыңға жуық азамат өз кәсібін бастағанын атап өтті.
Ең төменгі жалақыны өсіру туралы тапсырма да бұлжытпай орындалды: 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге көтерілді, нәтижесінде 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмысшының табысы артты. Дегенмен, сарапшылар ең төменгі жалақы өсуі орташа жалақы мен бағаның да өсуіне әкеліп, оның тиімділігі шектеулі болғанын алға тартады.
Нақты сектордағы кейбір мәселелер шешімін таппай отыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында субсидия бөлу жүйесінде былық анықталып, жалған статистика жасалғаны белгілі болды. Арнайы комиссия есебінде 2 миллион ірі қара мен 3 миллионнан астам ұсақ мал «қағаз жүзінде» бар болып, іс жүзінде жоқ екені әшкереленді. Мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған мұндай көзбояушылықтарға тосқауыл қойылып, кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс екені айтылды.
Президент агросубсидиялаудағы заңсыздықтарды қатаң сынға алып, кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды. Ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін жаңа тәсілдер енгізілуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында енді ауыл тұрғындарына төмен пайызбен тауарлық несие беру механизмі қарастырылып жатыр.
Сонымен бірге, әр ауданнан агродәрістер өткізіп, тұрғындарды егіншілікке үйрететін орталықтар ашу бастамасы көтерілді.
Жалпы, бизнес пен инвесторларға әкімшілік кедергілерді азайту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Заңды кәсіпке кедергі келтіру ауыр құқықбұзушылық деп танылып, мұндайға жол берген мемлекеттік қызметшілер жазаланатыны ескертілді.
Білім беру мен кадр әлеуеті біртіндеп жақсарып келеді
Президент былтырғы Жолдауында білім саласын ұлттық кадр әлеуетін арттырудың өзегі ретінде атап өтті. Алдағы жылдары экономика сұранысына сай «білікті маман даярлау» басты назарда болмақ. Осы ретте, жоғарғы білімді интернационаландыру қолға алынып, қазірдің өзінде ел аумағында шетелдердің белгілі 23 жоғары оқу орнының филиалы ашылып, жұмыс істей бастады. Үкімет шетелдік және отандық үздік университеттердің нақты өндіріс салаларымен байланысын нығайтып, ғылым мен инновацияны экономиканың қажетіне бағыттауды көздейді. Болашақта сұранысқа ие салалар бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту қолға алынды.
Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, осы уақыт ішінде колледждер жүйесін реформалауды тапсырды. Мақсат – қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік культін қалыптастыру және әртүрлі саладағы білікті жұмысшы кадрлардың мәртебесін көтеру. Бұл орайда, соңғы жылдары мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», «еңбек сіңірген дәрігері» секілді құрметті атақтар беріле бастағаны белгілі, алдағы уақытта бұл практика инженерлер, ғалымдар сияқты мамандарға да кеңейтілмек. Мұның бәрі еңбек адамының беделін арттырып, жастарды жұмысшы мамандықтарға ынталандыруға бағытталған.
Орта білім инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды ұлттық жоба жүзеге асуда. Президенттің тапсырмасымен 2023 жылы басталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп салу жоспарланған. Қазір осы жобаны «Самұрық-Қазына» қоры үйлестіріп отыр және Үкімет пен жергілікті әкімдіктер жаңа мектептердің уақытылы пайдалануға берілуін қадағалауда.
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, 2023-2025 жылдары барлығы 460 мың оқушы орнына есептелген 217 мектеп бой көтермек. 2025 жылдың мамырындағы жағдай бойынша 105 жаңа мектеп ашылып үлгерді, жыл соңына дейін тағы 112 мектептің құрылысы аяқталмақ.
«Бұл жоба – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында Президент тапсырмасымен іске асырылып жатқан стратегиялық бастама. Мақсат – әр өңірде әр балаға қолжетімді жаңа форматтағы оқу орындарын ашу», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Жайлы мектептерде оқу сыныптары кең, шеберханалар, спортзал, зертханалар қарастырылып, инклюзивті білім мен цифрлық дағдылар үшін заманауи жағдай жасалуда.
Бұдан бөлек, тозығы жеткен мектептерді жаңғырту шаралары жүріп жатыр. Президент алдағы 3 жылда 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізуді тапсырып, оның қаржыландыру көздерін анықтауды міндеттеді. Қазіргі кезде Үкімет пен әкімдіктер демеушілерді тарту арқылы осы тапсырманы орындауға кірісті. 2023-2024 жылдары республикалық бюджет және жергілікті ресурстар есебінен жүздеген мектеп жөнделіп, материалдық базасы жаңартылды деген мәлімет бар. Мұғалімдерді қолдау бағыты да назарда: Педагог мәртебесі туралы заң қабылданып (2019 жылы), ұстаздардың еңбекақысы 2020 жылдан бері жыл сайын 25 пайызға өсірілуде. Жолдау талаптарына сай, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламалары жалғасып, педагогикалық жоғары оқу орындарына қабілетті жастарды тарту талабы қойылды. Үздік түлектерді ауыл мектептеріне жіберу, жас мұғалімдерге көтерме жәрдемақы беру сияқты ынталандыру шаралары да жүзеге асуда.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда әділдікті қамтамасыз ету үшін «ваучерлік» жүйе енгізілуде. Енді балабақшаға жолдама әр балаға, оның отбасы табысына қарай беріледі. Мемлекет қаржысы шынымен мұқтаж жандарға жетуі үшін қолға алынған бұл жүйе биыл бірқатар өңірде пилоттық негізде іске қосылды.
Денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау арта түсуде
Кезекті міндет ретінде Президент ұлт саулығын нығайту және әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртуды тапсырды. Медициналық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және жеке инвестицияларды тарту – Жолдауда айқындалған басымдықтар.
«2024 жылы денсаулық сақтау жүйесіне бюджеттен 3,3 триллион теңге бөлінгенімен, оның қайтарымы әзірге көңіл көншітпейді», - деп атап өтті Президент. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) енгізілгенімен, сақтандыру қоры мен емдеу мекемелері арасындағы байланыста кемшіліктер бары анықталды, кей пациенттер кепілдендірілген тегін қызметті де ала алмай, ақылы негізде немесе айлап кезек күтуге мәжбүр болған жағдайлар кездескен. Осы түйткілді шешу үшін Үкіметке биыл денсаулық сақтау жүйесінде бірыңғай ақпараттық платформа құру тапсырылды. Тарамы тарқатылған ондаған деректер базасының орнына барлық мемлекеттік және жекеменшік медицина ұйымдарын қамтитын бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе жасалмақ. Жаңа жүйе медициналық мекемелердің мемлекет тапсырысын орындауын, көрсеткіштердің шынайылығын қадағалап, халыққа ұсынылатын қызметтің сапасын арттыруды көздейді. Үкімет бұл жұмысты дереу бастап, оның барысы туралы Президент пен Парламентке тұрақты есеп беруге міндетті болды.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігі «Medical Data» атты бірыңғай платформаны әзірлеуге кіріскені хабарланды, 2024-2025 жылдары барлық клиника мен емхананы осы жүйеге қосу жоспарланған. Бұл жаңашылдық дәрігерлерді қағазбастылықтан босатып, әр пациенттің тарихын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Медицина саласына жеке сектор инвестициясын тарту үшін де заңнамалық негіз жетілдірілуде. Президент шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тәжірибесін үлгі ете отырып, «Қазір денсаулық сақтау жобалары тиімсіз, бюджетке жүк көп, сондықтан шетелдік озық үлгі бойынша жаңа ережелер қажет» деген болатын. Осы тапсырмаға сай, Үкімет 2024 жылдың соңында МЖӘ дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Онда денсаулық сақтау мен білім беру салаларында МЖӘ жобаларына инвестор тартудың тиімді шарттары қарастырылды. Мәселен, мемлекеттік міндеттемелерді арттыру (бонустар, тариф кепілдігі), келісім шарттарын жасасуды жеңілдету бағытында ережелер қабылданды. Соның нәтижесінде алғашқы жаңа жобалар іске қосыла бастады: бірнеше өңірде заманауи аурухана құрылысын жеке серіктестердің қаржыландыруымен бастау келісімдері жасалды.
Сондай-ақ, кадр мәселесіне көңіл бөлінуде. Жолдауда Президент «білікті медицина мамандарының тапшылығы өзекті мәселе» екенін айтып, медициналық білім сапасын түбегейлі көтеру қажеттігін тапсырды. Осыған орай, медициналық ЖОО гранттарының құны қайта қаралып, резидентура саны көбейтілді. 2024 жылы медицина мамандықтарына грант саны 20 пайызға ұлғайып, ауыл квотасы енгізілді. Болашақ дәрігерлерді шетелде тағылымдамадан өткізу бағдарламасы да жаңартылып жатыр. Мұның бәрі – алдағы 5-7 жылда дәрігер жетіспеушілігін едәуір қысқартуға бағытталған қадамдар.
Әлеуметтік қолдау жүйесін әділдік қағидатына сай жаңғырту – Жолдаудың маңызды бөлігі болды. Президент «мемлекет қолдауы шынымен мұқтаж жандарға жетуі керек, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық, тиімді болуы тиіс» деп нақты айтты. Соған орай бірқатар бастамалар қолға алынды. 2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды, жас аналарға қосымша мүмкіндік беретін бұл өзгеріс 2023 жылдың қаңтарында күшіне енді.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы төлемдер тағайындалды. 2023 жылдан бастап 55 жасқа толған, кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы жарнасын аударған жұмысшылар мерзімінен бұрын арнайы әлеуметтік төлем алуға құқылы болды.
Бұдан бөлек, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың жинақ шоттарына аудару бастамасы («Ұлттық қор – балаларға») іске қосылды. 2024 жылы бұл ауқымды жоба аясында 7 миллионнан астам баланың шотына Ұлттық қор табысынан жалпы 300 миллиард теңгеден астам қаржы аударылды. Әр бала шамамен жылына 40-50 мың теңге көлемінде қаражат жинақтай бастады, оны 18 жасқа толғанда баспана немесе білім алуға жұмсауға болады.
Әлеуметтік көмекті оқшаулау және цифрландыру үшін «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске асырыла бастады. Президент Үкіметке 2025 жылдың басынан бастап осы цифрлық әмиянды бүкіл елде енгізуді тапсырған еді. Қазіргі кезде бұл жоба пилоттық режимде сынақтан өтуде. 2024 жылы республиканың 2 мыңнан астам мектебінде әлеуметтік осал топтағы оқушыларға тегін тамақ пен қолдауды «әлеуметтік әмиян» арқылы беру жүйесі енгізілді. Арнайы QR-код немесе карта арқылы балалар асханадан тегін тамақ алады, ал ата-ана мен мемлекет тарапынан бақылау қамтамасыз етіледі.
«Бұл жүйе әлеуметтік төлемдерді проактивті форматқа көшіруге, мұқтаж азаматтарға көмек автоматты түрде тағайындалып, артық анықтама жинау машақатынан құтқаруға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.
Осы жаңашылдықтар әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттырып, шын мұқтаж жанға дер кезінде көмек беруге жол ашпақ.
Сонымен бірге, қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырған балаларға қарсы зорлық мәселесі бойынша да нақты шаралар қабылданды. Президент өткен жылғы Жолдауда кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны қатаңдатуды талап еткен болатын. Ізінше 2023 жылы Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер енгізіліп, «балаларға қатысты кез келген зорлық түрі – ауыр қылмыс» деп танылды. Енді балаға жыныстық сипаттағы зорлық жасағандар татуласу мүмкіндігіне ие бола алмайды, жазадан құтылу жолы жабылды. Кәмелетке толмағандарға қасақана ауыр және орта жарақат салу, азаптау сияқты қылмыстарға байланысты бұрынғы «бас бостандығын шектеу» жазасы алынып тасталып, тек түрме жазасы қолданылады.
Сондай-ақ, Қылмыстық кодекске «баланы сексуалдық сипаттағы әрекеттерге тарту» деген жаңа бап енгізіліп, 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылды.
Бұдан бөлек, ата-аналардың балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін орындамауы үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді, буллинг пен кибербуллинг үшін жаза қатайтылды. Осы заңнамалық қадамдар қоғамдағы ең әлсіз топ – балаларды қорғауға бағытталған Президент тапсырмасының орындалғанын көрсетеді.
Инфрақұрылым мен энергетика саласында игілік көп
Инфрақұрылымды жаңарту, әсіресе энергетика және коммуналдық шаруашылықтағы түйткілдерді шешу – Жолдаудың төртінші басымдығы болды. Президент елдегі тозығы жеткен жылу желілерінің жайын өткір сынға алып, жаңа энергия нысандарын салуға қолбайлау болып отырған қаржыландыру мәселесін шешуді тапсырды. 2023 жылы қабылданған «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты аясында электр, жылу желілерін жаңғыртуға жеке компанияларды ынталандыру шаралары жүзеге асуда. Нәтижесінде 2024 жылы республикалық бюджет есебінен 131 шақырым жылу желісі күрделі жөндеуден өтті, 2025 жылы тағы 160 шақырым желіні жаңарту үшін 92,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмыстар жылыту инфрақұрылымының тозу деңгейін 2030 жылға қарай 43 пайызға дейін төмендетуге бағытталған.
Энергетика саласында тарихи шешім қабылданды, Президенттің бастамасымен 2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда бірінші атом электр стансасын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтті. Дауыс беру нәтижесінде сайлаушылардың 71 пайыз шамасы бейбіт атом энергетикасын қолдап, АЭС құрылысын мақұлдады. Бұл – елдегі энергетикалық саясаттағы маңызды бетбұрыс.
Референдум қорытындысы шыққан соң, Үкімет АЭС салу бойынша жол картасын әзірлеп, әлеуетті технологиялар мен станса орнын анықтау жұмысын бастады. Президент халық пікіріне сүйене отырып, АЭС салу жобасын кезең-кезеңімен ілгерілетуді тапсырды.
Қазіргі жоспар бойынша, алғашқы отандық атом электр станциясы 2035 жылға қарай пайдалануға берілмек. Бұл шешім Қазақстанның энергия балансына оң әсер етіп, көмірсутекке тәуелділікті азайтуы тиіс деп бағалануда.
Газ инфрақұрылымын дамыту мақсатында Қазақстан жаңа газ өңдеу зауыттарын салуда. Энергетикалық инфрақұрылымды нығайту бағытының бір маңызды бөлігі – елді газбен қамтамасыз ету. Президент Үкіметке Маңғыстаудағы Жаңаөзен және Атыраудағы Қашаған кеніштерінің ілеспе газын тиімді пайдалану үшін жаңа газ өңдеу зауыттарын шұғыл іске қосуды тапсырды. Бүгінде бұл тапсырма орындалу үстінде, Қашағанда жылдық қуаты 1 миллиард текше метр және 2,5 миллиард текше метр болатын екі зауыт, Жаңаөзенде 0,9 миллиард текше метрлік бір зауыттың құрылысы жүргізілуде.
Энергетика министрлігінің дерегінше, аталған үш ірі зауыт 2025-2026 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске қосылады деп жоспарланған. Бұл жобаларға 2025 жылы 100 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталмақ. Зауыттар іске қосылған соң, ішкі нарыққа берілетін газ көлемі едәуір ұлғайып, экспорттық әлеует те артады.
Сонымен қатар, елді мекендерді газдандыру қарқынды жүріп жатыр. 2025 жылы газбен қамтылған халық үлесін 62,6 пайызға жеткізу көзделген. Республикалық бюджет комиссиясы 2025 жылға газ тарту бойынша 45 жобаға 65,9 миллиард теңге бөлді. Атырау облысында «Финская-120» автоматты газ стансасы мен «Редут-Финская» газ құбыры тармағы аяқталуға жақын.
Алматы облысында 66 ауылға газ апаратын «Талдықорған-Үшарал» магистральды құбыры биыл пайдалануға беріледі, нәтижесінде 124 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізбек.
Сондай-ақ, республикалық маңыздағы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды, бұл да орталық және оңтүстік өңірлерді газбен тұрақты қамтуға, тіпті болашақта солтүстік аймақтарға газ жеткізуге мүмкіндік береді.
Осының бәрі Президенттің газ саласын дамыту жөніндегі тапсырмасының аясында жүзеге асып жатқан шаралар.
Су ресурстарын сақтау және ауызсу инфрақұрылымын жақсарту да басты назарда. Президент Жолдауда су тапшылығын болдырмау үшін 2027 жылға дейін қосымша 2 текше шақырым су қорын жасақтау міндетін қойған еді. Сол мақсатта 2024-2026 жылдарға арналған Су үнемдеу жөніндегі жол картасы қабылданып, су тарифін қайта қарап, саланы цифрландыру шаралары басталды. Былтыр Үкімет 2024-2030 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжатқа сәйкес, еліміздің 9 өңірінде жаңа су қоймаларын салу, 15 ірі су қойманы реконструкциялау және 14 мың шақырым ирригациялық каналдарды жаңғырту жоспарланған.
Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында су қоймаларының құрылысын бастауға дайындық жүргізуде. Мәселен, көлемі 100 миллион текше метр болатын Кеңсай-Қосқорған-2 қоймасы биыл Түркістан облысында іске қосылмақ, бұл өңірді су тапшылығынан құтқарады деп күтілуде.
Су саласындағы бұл жобалар президенттік тапсырмалардың кезең-кезеңімен орындалып жатқанын көрсетеді.
Экология мен тұрақты даму ілгерілеп келеді
Экологиялық ахуалды жақсарту – Президент атап өткен негізгі міндеттердің бірі. Соңғы жылдары Қазақстанда халықтың экосанасын көтеруге бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асты. 2023 жылы тұңғыш рет жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті, оған көктемнен бері бірнеше ай ішінде шамамен 3 миллион адам қатысып, ел аумағында 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Бұл – азаматтардың қоршаған ортаны қорғауға деген белсенділігінің айғағы. Үкімет бұл акцияны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр, нәтижесінде халық арасында экологиялық мәдениет нығая түспек.
Орман қорын көбейту бойынша да нақты қадамдар жасалуда. Президент 2025 жылға қарай елімізде 2 миллиард ағаш отырғызу бастамасын былтырдан бері жеке бақылауында ұстап келеді.
Орман шаруашылығы комитетінің дерегінше, 2021-2024 жылдары 600 миллионнан астам көшет егілген. Биыл Шығыс Қазақстан, Абай және Алматы облыстарында жаңа орман тәлімбақтары ашылып, көшет өсіру қуаты артты. Мысалы, «Семей орманы» жанынан халықаралық стандартқа сай тұқым бағы жұмыс істеп тұр. 2025 жылдан бастап орман алқаптарын ұлғайту халықтық іске айналуы үшін жаппай ағаш егу сенбіліктері ұйымдастырылмақ.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағының небәрі 5 пайызын ғана ормандар алып жатқанын ескерсек, бұл шаралардың маңызы зор.
Бұдан бөлек, өнеркәсіптің экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытында эмиссияларды онлайн-мониторингілеу жүйелері енгізілуде. 2024 жылы жаңа Экология кодексі аясында ірі кәсіпорындарға үздік қолжетімді технологияларды (ҮҚТ) енгізу талабы заңдастырылды. Алдағы 7 жылда 50 ірі кәсіпорын өндірісін экологиялық жаңарту жоспары бар.
Президент атап өткендей, табиғатты ластайтын қалдықтарды бақылаудың заманауи жүйесі толық іске қосылып, заң бұзғандарға жазаны қатайту – мемлекеттің басты міндеті. Осыған сәйкес, 2024 жылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі атмосфералық ауа сапасын қашықтықтан өлшейтін 100-ден астам автоматты станса орнатты. Су көздерін ластаған кәсіпорындарға салынатын айыппұл көлемі 10 есеге ұлғайды.
Мұның барлығы – қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Жолдауда жүктелген міндеттердің нақты орындала бастағанының белгісі.
Жалпы, бір жыл ішінде Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Экономика саласында құрылымдық реформалар басталып, жаңа Салық кодексі қабылданды, ЖІӨ өсімі 6 пайыз шамасында қамтамасыз етілді. Білім беру инфрақұрылымы қарқынды жаңаруда – жүзден аса жаңа мектеп ашылып, мыңнан астамы жөнделуде. Денсаулық сақтау жүйесінде цифрландыру, МӘМС-ті жетілдіру, дәрігер тапшылығын жою шаралары қолға алынды. Әлеуметтік салада ЕТЖ көтеріліп, 7 миллион балаға Ұлттық қордан қаржы бөлінді, әлеуметтік қолдау нақты мұқтаж жандарға бағыттала бастады. Инфрақұрылым бойынша газдандыру жобалары іске асып, энергетика секторында тарихи шешім – АЭС құрылысы халық қолдауымен бастау алды. Экология бағытында миллиондаған адамды жұмылдырған «Таза Қазақстан» қозғалысы пайда болып, орман өсіру, қалдықтарды қадағалау ісінде ілгерілеу бар.
Әрине, орындалу қарқыны әр салада әртүрлі, кейбірі ұзақ уақытты талап етеді. Сарапшылар былтырғы Жолдауда айтылған бастамалардың жүзеге асыру мерзімі 2-3 жыл, тіпті 2029 жылға дейінгі кезеңді қамтитынын айтады. Сондықтан бір жылдың ішінде барлық міндет толық орындалды деуге ерте.
Ең бастысы – Үкіметтің Президент белгілеген реформалар курсын орындауды жүйелі түрде жалғастыруы. Ел азаматтары жаңа жолдау қарсаңында өткен жылғы уәделердің орындалуына бағалау күтетіні анық. Өткен жылы көпшілік бұрынғы жолдаулардағы тапсырмалар бойынша ашық есеп берілсе деген ұсыныс айтқан еді. Сондықтан алдағы Жолдауда осы іске асқан ілгерілеулер мен шешімін таппаған мәселелер бүкпесіз талданып, жаңа кезеңнің мақсат-міндеттері айқындалады деп үміттенеміз.