«Жолдасым исламды қабылдады». Кәріс жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызымен сұхбат

23 Шілде, 19:00 2043

Бүгінгі таңда елімізде аралас некелерді жиі кездестіруге болады. Статистикаға үңілсек, жыл сайын 100 мыңнан астам жұптың некесі қиылса, оның ішінде шамамен 20 мыңы аралас неке. Дегенмен қазір аралас неке үлкен жаңалық емес. Бақыттарын іздеген жандар теңіз асып – түрікке, мұхит асып – америкалыққа, қырдан асып – қытайлыққа, тіпті Араб пен Африка елдерінің азаматтарына күйеуге шыққан жағдайлар тіркелуде.  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі кәріс жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы Назым Жұматовамен тілдесіп, Оңтүстік Кореядағы отбасылық өмірі жайлы сұрады.

Назым Жұматова – 32 жаста. Қызылорда облысы Шиелі ауданы Әбділдә Тәжібаев ауылының тумасы. Бүгінде Оңтүстік Кореяның Канвонда провинциясының Индже ауданында тұрып жатыр.

Отбасында кеңже қызбын. Туған әпкем бар. Кішкентай кезімізде анамыз қайтыс болған соң нағашы әжемнің қолында өстік. 2015 жылы Оңтүстік Кореяға құрбыларымның кеңесімен жұмыс істеуге келгем. Бірақ тағдырдың жазуымен осы елге келін болып қалдым, - дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Назым үш баланың анасы. Бала тәрбиесімен үйде отыр. Дегенмен әлеуметтік желі арқылы кәсіп жүргізіп, Қазақстанға Оңтүстік Кореяның тауарларын жіберіп отырады.

2017 жылы Тэгу қаласындағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істеп жүріп, жолдасымды кезіктірдім. Сол уақыттан бері танысып, жақын араласып кеттік. Содан міне, үш баланың анасы атандым. Күйеуім Джон Хеджин – 38 жаста.  Тэгу қаласының тумасы. Жеке кәсіпкер. Ата-анасы, қарындасы мен інісі бар. Тұла бойым тұңғыш қызым Джон Джихенды 2018 жылы дүниеге әкелдім. Екінші ұлым Джон Джихек 2020 жылы дүние есігін ашты. Ал кеңже қызым Джон Сохён 2022 жылы дүниеге келді, - деп атап өтті Жұматова.  

Назым әлеуметтік желіде өте белсенді, парақшасын толық қазақ тілінде жүргізеді. Бүгінде 390 мыңға жуық оқырманы бар. Ол балаларының кәріс тілімен қатар қазақ тілінде де еркін сөйлейтінін айтты. Сөзінше, жолдасы бұған қарсы емес.

Кейіпкеріміз шетел азаматтарына тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздары жайлы пікір білдіре кетті.

Расымен, қазіргі таңда шетел азаматына тұрмысқа шығып жатқан қазақ қыздары өте көп. Бірақ мен кәріс азаматын таңдағаныма еш өкінбеймін. Себебі мені бағалап, қадірлейтін адамды жолықтырдым. Негізінде шетел азаматына тұрмысқа шығам деген ой мүлде болған емес. Барлығы бір Алланың қалауы екен. Тұрмысқа шығар алдында еш қорқыныш, үрей болған жоқ. Жолдасымды алғаш көргенде-ақ оның қандай жан екенін түсіндім. Әрдайым қамқор болып, жанымнан табылды, - дейді ол.

Кәріс жігітіне тұрмысқа шығатынын алғаш әпкесімен бөліскен. Әпкесі бірден қолдау көрсеткен. Ал туыстарының тарапынан қарсы болғандары да, қолдағандары да табылған.

Отбасы құрған соң Назымның жолдасы Джон Хеджин ислам дінін қабылдаған.

Тұрмысқа шыққан соң күйеуімнен ислам дінін қабылдауға қалай қарайтыны туралы сұрадым. Ол бірден ешқандай қарсылығы жоғын айтты. 2023 жылы Қазақстанға келіп, дәу мамамның шаңырағына қыдырып барғанымызда ұсынысымды айтып, сөйтіп ислам дінін қабылдады. Кәрістердің доңыз етін жей беретінін білесіздер. Бала кезінен жеп үйренген тағамын күйеуім әлі де жегісі келеді. Бірақ оның мұсылмандар үшін тыйым салынғанын айтып отырамын. Өзі де жеуге болмайтынын біледі. Дегенмен алдағы уақытта шынайы мұсылман болуға іштей дайындалып жүреді, - дейді кейіпкеріміз.

Назым кәрістің келіні болу қиын емес екенін айтады. Ол ата-енесінен бөлек тұрады. Сөзінше, Кореяда жастар отау құрған соң көп жағдайда ата-анадан бөлек шығады екен. Қазақстанның келіні мен Кореяның келіндік өмірі екі бөлек дүние екенін жеткізді. Десе де, екі елдің салт-дәстүрлері, ырым-тыйымдары қатты ұқсайды.

Ол Қазақстанға жылына екі рет келіп тұрады. Айтуынша, жолдасы Джон Хеджин Қазақстанды қатты ұнатады. Тіпті көшіп келуге де қарсы еместігін айтқан. Назым алдағы уақытта Қазақстанға көшіп келу жоспары барын да айтып қалды.

Бүгінде Оңтүстік Кореяда тұрып, кәріс азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қыздары өте көп. Біз барлығымыз бір-бірімізбен араласып, кездесіп тұрамыз. Жиі бас қосамыз десем де артық болмайды. Бір-біріміздің үйімізге қоңаққа барып, Қазақстанға деген сағынышымызбен бөлісеміз. Біздің балаларымыз да, жолдастарымыз да танысып, араласып кетті, - дейді Назым.  

Суреттер: кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

Миражан Махан
Бөлісу: