Жолаушылар құқығын бұзған әуе компаниялар жауапкершілікке тартылды

24 Шілде, 19:47 514

Жазғы кезеңде рейстер санының ұлғаюына байланысты ҚР заңнамасында көзделген қызметтерді уақтылы көрсетпеу немесе рейсті кешіктіру кезінде қызметтерді көрсетпеу туралы әуекомпанияларға жолаушылардың шағымдары жиілеп кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуі кезінде қызметтерді тиісінше ұсыну бөлігінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін отандық және шетелдік әуекомпанияларды жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты жалғастыруда.

Мәселен, Алматы – Қарағанды бағыты бойынша рейс кідіртілген кезде Қызметтерді ұсынбауға байланысты (жолаушылар қонақ үйге орналастырылмады, сонымен қатар жолаушыларды әуежайдан қонақ үйге және кері тасымалдау ұйымдастырылмады) ағымдағы жылдың 11 шілдесінде «FlyArystan» әуе компаниясына қатысты ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды, оған сәйкес әуе компанияға 1000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Бұған дейін, сондай-ақ Атырау-Алматы бағыты бойынша рейсті кешіктірген кезде тиісті қызмет көрсетпегені үшін ағымдағы жылдың 24 маусымында «SCAT» әуе компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) құрады.

Жолаушылардың құқықтарын сақтауға қатысты заңнаманы мүлтіксіз сақтау Азаматтық авиация комитеті жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып табылады және әуе компаниялар тарапынан бұзушылық фактілері анықталса, белгіленген шаралар қолданылатындығын атап өткен жөн.

Зарина Арман
Бөлісу: