Жол полиция қызметкерінің бір күндік өмірі

24 Желтоқсан 2016, 15:49 10424

 Жетістігім деп сүйген жарымды, кішкентай қызымды айтар едім.

Астанада күннің шығу уақыты — 05:03. Бұл уақытта қала тұрғындарының көбі әлі тәтті ұйқыда жатады. Алайда ортамызда таңмен таласа оянатын мамандық иелері де бар. Олар балаларын ерте мектепке жеткізетін, жаттығу залына баратын немесе ыстық кофе ішіп, газет оқитындардың қатарынан емес. Біз бүгін «күн» демей, «түн» демей қала тыныштығын қадағалайтын жол полиция қызметкерінің бір күндік өмірімен таныстырмақпыз. 

Аға лейтенант Садыбеков Арман Абылханұлы. Астана қаласы ІІД Жол - партульдік полициясының взвод командирінің орынбасары. Тараз қаласының тумасы. Жол полиция қызметінде төрт жыл қызмет етіп келеді. Отбасы құрған. Бір қызы бар.

Полиция қызметкерін тапаншасыз елестету мүмкін емес. Аға лейтенант Арман Садыбеков үшін де жұмыс күні табельді тапаншасын алудан басталды. Қару алу өте жауапты іс. Оны жоғалтып алу немесе оқты себепсіз жұмсау — жауапқа тартылатын іс-әрекет. Сондықтан барлық оқты санап, арнайы кітапшаға қол қойып, Арман тапаншасын кобураға салды.   

Түнгі кезекшілікке шығатын полицейлерден басқа барлық қызметкер таңғы сағат 6:30-да сапта тұрулары қажет. Күндік жоспарын белгілеп, орындалуы қажет жұмыстар тізімін алған соң тәртіп сақшылары жұмыс көліктеріне отырып Алматы, Есіл және Сарыарқа аудандарына бөлініп жоспардағы тапсырманы орындауға жолға шықты. Аға лейтенант Садыбеков — полиция полковнигі Төлеубай Бисенбиннен «жол полиция қызметкерінің жұмысымен таныстыр» деген тікелей бұйрық алды.

Астана қаласында таңғы сағат 8:00 – 10:00, 13:00 – 15:00, 18:00 – 20:00 аралығында көлік қозғалысы өте тығыз болады. Мұны жол полиция қызметкерлері халықтың жұмысқа баруы, түскі асқа шығуы және жұмыстан қайтуымен түсіндіреді. Ал егер мұндай уақытта жол көлік оқиғасы немесе жол жөндеу жұмыстары өтіп жатса — кептелістің көкесін сонда көресіз. Біз де полиция экипажымен бірге осындай көшелердің біріне жол тарттық.

Абылайхан мен Пушкин көшелерінің қиылысында жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Өзге уақытта Пушкин көшесімен жүретін көліктер саны Абылайхан көшесіне қарағанда едәуір аз. Осыған сәйкес бағдаршамның жасыл түсі де азырақ жанады.  

Алайда қазір таңғы уақыт болған соң, оның үстіне жолды бөгеп тұрған жұмысшылардың себебінен Пушкин көшесінде үлкен кептеліс болды. Туындаған қиындықты тек жол полиция қызметкері ғана шеше алады. Арман үшін бұл тансық жағдай емес. Ол бағдаршам жұмысын тоқтатып, кептелісте тұрған көліктерді өткізе бастады. Жұмысына асыққан кейбір азаматтар реніштерін білдіріп жатыр. Алайда полиция қызметкері көше жағдайын сізден жақсырақ біледі. «Неге?» деген сұрақ туындаған болса, ары қарай оқыңыз.  

Бұл  — ІІД жедел басқару орталығы. Бұл жерден қаланың кез-келген бөлігін бейнекамера арқылы бақылауға болады. Жалпы, Астанада 797 бейнекамера үздіксіз жұмыс істеп тұр. 

Полиция инспекторы Айгүл Оразалинаның міндеті — көшелердегі кептелістерді, заң бұзушылық фактілерін тіркеп, жол полициясы қызметіне рация арқылы тікелей баяндап отырады. Айтыңызшы, көше жағдайы көліктің ішінен отырып қарағаннан, бұл ракурстардан әлде қайда жақсырақ көрінеді емес пе?

Нақтырақ көз жеткізу үшін біз инспектордан жол ережесін бұзу фактісін анықтауды өтіндік. Камераны бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап тұрған көліктердің біріне бағыттағаны сол еді, ұялы телефонмен сөйлесіп отырған жүргізушіні байқадық. Айгүл рация арқылы жол полиция қызметкеріне тіркелген заң бұзушылық жайлы хабарлады.

Міне жол ережесін бұзған жүргізушіні көз алдымызда тоқтатып жатыр. Бұл бейнекамералар көліктің алдыңғы бөлігін ғана емес, артқы жақта отырған адамдарды да анық көрсетеді екен. Мұны көрген мен «бұдан былай жол ережесін бұзбаспын» деген шешімге келдім. Айтпақшы, полиция инспекторы Айгүл Оразалина  — бес баланың анасы. Полиция мақтанышы.     

Түскі астың уақыты да жақындап қалды. Осыны пайдаланып біз Арман Абылханұлын сұрақтың астына алдық.

—  Арман, не себепті жол полиция қызметін таңдадыңыз?  

—  Бұл  — менің бала күнгі арманым.

—  Осыған дейін қол жеткізген ең үлкен жетістігіңіз қандай?

—  Жетістігім деп сүйген жарымды, кішкентай қызымды айтар едім.

—  Нені армандайсыз?

Қазақ халқының әлеуеті артып, барлығының тұрмыс жағдайы жақсы болса екен деп армандаймын.  

—  Жұмыстан тыс уақытта жол ережесін жиі бұзасыз ба?

—  Жеке көлігім жоқ.

—  Қызметіңіз үшін жеке принциптеріңізден аттаған кезіңіз болды ма?

— Жұмыс уақытында жеке принцип дегенді ұмытамын. Полиция қызметкері психологиясы өте тұрақты адам болуы қажет.

— Халық пен полиция қызметкерлері арасында түсініспеушіліктер жиі болып тұра ма?

— Әрине, жұмыс болғасын ондай жағдайлар да кездеседі. Мысалы: түнгі қызмет кезінде бізге қара түсті Lexus автокөлігінің жоғалғаны жайлы хабар түсті делік. Ұрлықшы автокөлік нөмірін ауыстырып алуы немесе мүлдем алып тастауы мүмкін ғой. Сондықтан біз сол сәттен бастап қаладағы барлық қара түсті Lexus автокөліктерін тоқтата бастаймыз. Әрине, ешқандай жол ережесін бұзбай келе жатқан автокөлік иелері ренжіп жатады. Бірақ мұндай шаралар халықтың қамы үшін жүргізілетінін түсінсе екен дейміз.  

Аға лейтенант Садыбеков түскі асын енді ғана алдына алғаны сол еді, рация арқылы үлкен жол көлік оқиғасы болғаны жайлы хабар алды. Амал жоқ, оқиға орнына тура тарттық.

Көліктер соқтығысқан жерде әдеттегідей үлкен кептеліс туындаған. Жүргізушілердің өзара бір келісімге келісімен жолды босату жұмыстары жүргізілді.

Жол ережесін тек қана көлік жүргізушілері ғана бұзбайды. Жаяу жүргіншілердің тыйым салынған жерлерден жүгіріп бара жатқанын байқаған кездеріңіз болған шығар? Оларды тоқтатып түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қажет болса айыппұл салу да жол полиция қызметкерінің міндетіне кіреді.

Жол полиция қызметкерлерінің айтуынша, егер жүргізуші жол ережесін абайсызда бұзған болса, тәртіп сақшылары ауызша ескертумен шектелуі мүмкін. Сонымен қандай заң бұзушылықтар кешірілуі мүмкін? Анықтап көрейік.

  1. Жаңа ғана қозғалып, көлігіңіздің фараларын қосуды ұмытып кетсеңіз.
  2. Жаңа ғана қозғалып, қауіпсіздік белдігін тағып үлгермесеңіз.
  3. Жауын-шашыннан кейін мемлекеттік нөміріңіз көрінбей қалған болса.
  4. Алдыңызда қозғалып келе жатқан көлік тоқтап қалып немесе кептеліс кезінде жол қиылысында қалып қойсаңыз.
  5. Үлкен шұңқырды айналып өтемін деп жол сызығын басқан болсаңыз.
  6. Көлігіңіз бұзылып, тоқтауға тыйым салынған жерде тұрсаңыз.

Осы секілді кез келген жүргізушінің басынан өтуі мүмкін жол оқиғаларында полиция қызметкеріне болған жағдайды түсіндіруіңізге болады. Ал егер үлкен жол ережелерін бұзған болсаңыз, (мысалы: бағдаршамның қызыл түсіне өту) жалынып уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Ең дұрысы мұндай ережелерді мүлдем бұзбағаныңыз абзал.

Күннің екінші бөлігінде аға лейтенант Садыбеков жұмыс бабымен Астана-Қарағанды тас жолына беттеді. Мұндай мүмкіншілікті пайдаланып, біз де бекет жұмысымен танысып қайтуды ұйғардық.

Бекет алдында бізді Виа есімді ит қарсы алды. Көлігімізде ешқандай есірткі жоқ екенін түсінген ол бізге бекетте тұрған қызметкерлермен танысуға рұқсат етті.

Ерік Рахметов, Астана қаласы ІІД Жол - потрульдік полициясының аға инспекторы:

— Жол полициясы қызметіне келгеніме он жылдан аса уақыт болды. Түрлі оқиғаларды бастан кешірдік. Постта тұру екі есе жауапкершілікті талап етеді. Өйткені қалаға кіріп жатқан, қаладан шығып жатқан көліктерге де біз жауаптымыз. Бір тәулік бойы көз ілмей қызмет ету оңай шаруа емес. Бірақ уақыт өте барлық қиындығына үйреніп кетеді екенсің. Қазіргі таңда біз қалаға есірткі заттарын алып кірушілерге қарсы іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Осы іс-шара аясында кинологтар жұмыс атқарып жатыр.  

Күдікті деген көліктің Виа іші-сыртын тінтіп шықты. Бұл көлік те таза. Тәртіп сақшылары Вианың арқасында осыған дейін бірнеше қылмыскерді қолға түсірген  екен.  

Бұл жерде де ұзақ кідіруге уақыт болған жоқ. Себебі, қалада тағы бір үлкен жол көлік оқиғасы болған екен.

Қуанышқа орай, көлікте зардап шеккендер жоқ. Алайда бұл көлік өздігінен жүре алмасы анық. Сондықтан эвакуатордың көмегіне жүгінуге тура келді.  

Айтпақшы, «полиция қызметіне орналасқысы келіп жүрген жігіттер болса, бос орындар бар» дейді полиция капитаны Анар Сүлейменова. Талаптары мынадай: 25 жасқа дейінгі, бойы — 175 см жоғары, В,С санатары бойынша жүргізуші куәлігі бар, спорттық және психологиялық нормативтерден сүрінбей өткен жігіттер «тәртіп сақшысы» атана алады.

Осымен бізге берілген уақыт та өз мәресіне жетті. Полиция қызметкерінің көлігінен өз көлігімізге отырып, жол ережесін бұзбай үйімізге қайттық. Бірақ аға лейтенант Садыбеков үшін жұмыс күні аяқталған жоқ. Ол бүгін — түнгі кезекшілікте. Демек, қала халқы алаңсыз ұйықтай берсе болады.  

Рүстем Әлпи
Бөлісу: