2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы автокөлік жүргізушілерін жағымсыз жаңалық күтіп тұр, себебі жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдардың барлығы автоматты түрде өседі. Бұған айыппұл есептеуде қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 10 пайызға ұлғаюы себеп.
Осылайша, енді кез келген құқық бұзушылық жүргізушілердің қалтасына едәуір салмақ салады. Бұл туралы Kolesa.kz-ке сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4325 теңге болып бекітілді. Ал 2025 жылы АЕК бұдан 10 пайыз төмен болған.
Қазақстанда әкімшілік айыппұлдардың барлығы АЕК-ке байланысты болғандықтан, кодекске өзгеріс енгізілмесе де, төленетін сома автоматты түрде өсіп отыр.
Қарапайым тілмен айтқанда, ережелер өзгерген жоқ, бірақ оларды бұзғаны үшін төленетін айыппұл құны артты.
Жолда ең жиі тіркелетін құқық бұзушылықтардың бірі – жылдамдықты асыру.
2026 жылы бұл үшін төленетін айыппұлдар мынадай:
10-20 км/сағ – 5 АЕК (21 625 теңге);
20-40 км/сағ – 10 АЕК (43 250 теңге);
40-60 км/сағ – 20 АЕК (86 500 теңге);
60 км/сағ және одан жоғары – 40 АЕК (173 000 теңге).
Жылдамдық неғұрлым жоғары болса, айыппұл да соғұрлым қомақты. Кей жағдайда оның көлемі тіпті қолданыстағы автокөліктің бағасына жақындап қалады.
Көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу немесе радиостанция қолдану әлі де өрескел құқық бұзушылық саналады.
Айыппұл мөлшері – 5 АЕК (21 625 теңге).
Бар-жоғы бірнеше секундтық алаңдау жолдағы қауіпсіздікке де, жеке бюджетке де айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін.
Шу деңгейі мен зиянды шығарындылар нормасынан асқан көліктер үшін айыппұлдар да айтарлықтай:
жеке тұлғаларға – 10 АЕК (43 250 теңге);
заңды тұлғаларға – 100 АЕК (432 500 теңге).
Егер бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса:
жеке тұлғалар – 86 500 теңге,
заңды тұлғалар 865 000 теңге төлейді.
жолаушы немесе жүк тасымалдау ережесін бұзу – 21 625 теңге;
салоннан тыс жолаушы тасымалдау, терезеден шығу, ашық есікпен жүру – 43 250 теңге;
қауіпсіздік белдігін тақпау немесе мотошлемсіз жүру – 21 625 теңге.
тротуармен, жаяу жүргіншілер жолымен немесе жол жиегімен жүру – 64 875 теңге;
тыйым салынған жағдайда қарсы жолаққа шығу – 6 айға дейін жүргізуші куәлігінен айыру.
қызыл немесе сары түске өту – 43 250 теңге;
жаяу жүргіншіге жол бермеу – 43 250 теңге;
жол белгілері мен таңбаларды елемеу – 12 975 теңге;
авариялық жағдай туғызу – 43 250 теңге.
Теміржол өткелінен өту ережесін бұзу – 86 500 теңге айыппұл.
мүліктік залал – 108 125 теңге;
жеңіл дене жарақаты – 173 000 теңге немесе 9 айға дейін жүргізуші куәлігінен айыру;
жүргізуші куәлігінсіз жол апатына себеп болу – 259 500 теңге.
Оқиға орнынан кетіп қалу:
216 250 теңге немесе 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру (жәбірленушіге көмек көрсету жағдайы – ерекшелік).
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жол ережесін бұзу айтарлықтай қымбатқа түседі. Ережелер өзгермегенімен, АЕК-тің өсуі айыппұлдарды ауыр қаржылық жүктемеге айналдырып отыр. Ал кейбір жағдайларда жүргізуші тек ақшасынан емес, көлік жүргізу құқығынан да айырылуы мүмкін.