Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі бойынша Қазақстан ТМД-да көш бастап тұр

17 Сәуір, 12:06 712

Мәжіліс депуттары «Жол жүру туралы» заң жобасын талқылап жатыр. Отырыста депутат Ерлан Саиров Қазақстанда жолда жүру ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі ТМД елдерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін айтып, мысал келтірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ресейде айыппұл көлемі 3 мың теңгеден, Беларусьте 5 мың теңгеден басталады. Қазақстанда айыппұл 17 мың теңгеден басталады. Бұл бүгінгі таңда профилактика емес, азаматтарға қарсы қаржылық репрессия тәрізді. Қазақстандағы өте күрделі гуманитарлық жағдайда осы айыппұлдар азаматтарды шаршатып жіберетіні анық. Осы заң аясында айыппұлды азайтып немесе белгілі бір амнистия жасайтын жағдай бар ма? Осы мәселеге сіздер қалай қарайсыздар? - деді мәжілісмен.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айыппұл бойынша мәселе даулы екенін айтты.

Айыппұл бойынша мәселе даулы. Өкінішке қарай, атқарылып жатқан іс-шараларға қарамастан, былтыр жол апаттарына байланысты аздаған өсім байқалды. Биылғы бірінші тоқсан бойынша өсім – 70 пайыз. Бұл заңда айыппұлдар тек жол жүру ережесін өрескел бұзатындар үшін ғана өседі. Мәселен, жылдамдықты сағатына 10 км-ден артық асырған азаматтарға тиіспейміз әрі айыппұлды да өсірмейміз, - деді Лепеха.

Миражан Махан
Бөлісу: