Жол апатынан ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз – Мемлекет басшысы

30 Маусым 2023, 14:30 696

Қазақстанда жол апатынан қайтыс болатындар саны азаймай тұр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру керектігін аңғартады. Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өссе, оның салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алды. Бұл мәселеге Президент те ерекше мән беру керектігін тілге тиек етті.

Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек, - деді Тоқаев.

Одан қалды жаяу жүргіншілер де тәртіпке бағынбай, көшеден кесе-көлденең өтіп кете беретіні жасырын емес. Соның салдарынан жыл басынан бері 164 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 24 адам қаза тапты, 142 адам жарақат алды. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты, - деді Мемлекет басшысы.

Одан қалды электр самокаттарын және басқа да жеке көлік құралдарын пайдалану тәртібін реттейтін заң қабылданғаны айтылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: