15.07.2025
12:53
2582
Жоғары несие пайызы кәсіпке кедергі: министр не дейді?

Жоғары несие пайызы кәсіпке кедергі: министр не дейді?

El.kz порталының тілшісі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен қазіргі несие пайызының жоғарылығы кәсіпкерлер мен халық үшін қиындық тудырып отырғаны туралы сұрады. Министр бұл мәселеге қатысты Үкімет пен Ұлттық банктің ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Серік Жұманғариннің айтуынша, Үкіметтің негізгі мақсаты — экономикалық өсімді 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету. Алайда, Ұлттық банк инфляцияны тежеуге бағытталған саясатты ұстануда.

Жақында Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлеме бойынша өткізген конференцияда инфляцияны 5 пайызға дейін түсіру мақсаты тұрғанын айтты. Бірақ осы екі саясат — экономикалық өсімді ынталандыру және инфляцияны тежеу — кейде бір-біріне қайшы келеді, – деді министр.

Қазіргі уақытта базалық мөлшерлеме 16,5 пайызға дейін көтерілген. Бұл нақты сектордағы кәсіпкерлер үшін несие алуды қиындатып отыр. Министрдің айтуынша, 20–22 пайызбен бизнес жобаны жүзеге асыру өте қиын. Алайда, тұтынушылық секторда бұл көрсеткіштің айтарлықтай әсері байқалмайды.

Осындай жағдайда Үкімет шешім қабылдап, даму институттары арқылы қолдау көрсетуге көшті. “Бәйтерек” ұлттық холдингіне қаржы бөлінуде. Биыл 1 триллион теңге бөлінді, бұл ішкі және сыртқы нарықтардан қосымша 7 трлн теңге тартуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, 8 триллион теңге қаражат айналымға енеді, – деді Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, оның 4 трлн теңгесі 12,6 пайызбен беріледі. Қалғаны экспорттық бағыттағы жобаларға валютамен есептеліп, 1,3 пайыздық мөлшерлемемен ұсынылады. Бұл жалпы ішкі өнімнің өсуіне оң әсер етеді.

Бұл жұмыстар жалғасады. Келесі жылы инфляцияны 8–10 пайыз деңгейінде ұстап тұрамыз деп жоспарлап отырмыз, – деп түйіндеді ұлттық экономика министрі.