Жоғарғы Палата сессия барысында барлығы 25 заңды мақұлдады

27 Шілде 2023, 04:30 1184

Сенатор Серік Өтешов Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттарымен кездесті, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысында болды. Сенатор облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттық корпусының өкілдерімен кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін талқылады. 

Атап айтқанда, кеншілер астанасы мен моноқалалар тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, индустриялық аймақтарды одан әрі кеңейту, денсаулық сақтау және білім беру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерінің тиімділігін арттыру мәселелері көтерілді.

Депутат әңгіме барысында VIII шақырылымның бірінші сессиясы қызметінің қорытындылары туралы хабардар етті.

«Жоғарғы Палата сессия барысында барлығы 25 заңды мақұлдады. Олардың 10-ы депутаттардың бастамасымен әзірленгенін атап өткен жөн. Оның ішінде еліміз бен халық үшін аса маңызды «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Ол Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз сатып алынған активтерді қайтаруға, сондай-ақ мүлікті заңсыз сатып алу мен қаржыны елден шығаруға ықпал еткен жағдайларды жоюға мүмкіндік береді», - деп атап өтті сенатор.

Өңірдің мемлекеттік органдарының өкілдері өз кезегінде Қарағанды облысының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы сенаторға айтып берді, ал жергілікті депутаттар көмек көрсету қажет болатын бірқатар проблемаларды парламентшінің назарына жеткізді. Кездесуге қатысушылар ауылдық аудандарды электрмен жабдықтау, жолдарды жөндеу және құрылыс материалдары бағасыының қымбаттауы, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру, елді мекендердегі коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.

Сенатор кездесуді қорытындылай келіп, көтерілген барлық мәселелер парламентшілердің назарында болатынын атап өтті.

Берік Арманов
Бөлісу: