Жылдың үздік жас спортшылары

21 Желтоқсан 2018, 11:29 12036

Спорт саласындағы дебютанттар кімдер?

Бекарыс Сәдуақас (дзюдо)

Бекарыс Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында алтын медальді жеңіп алды. Ол 2001 жылдың 13 сәуірінде Алматы облысында дүниеге келген. Жас спортшы 2017 жылы өткен кадеттер арасындағы Еуропа Кубогында қолаға қол жеткізсе, осы жылы қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Сонымен қатар, ол кадеттер арасындағы Азияның екі дүркін чемпионы. Қазіргі уақытта 18 жасқа дейінгі халықаралық дзюдо федерациясының рейтингінде 90 келі категориясында көш бастап тұр. Ол 2018 жылы Қазақстандағы «Үздік жас спортшы» марапатына ие болды.

Глеб Брусенский мен Евгений Федоров (велоспорт)

Қос велошабандоз осы жылы «Жыл жаңалығы» номинациясын иеленді. Олар Аргентина астанасы Буэнос-Айроста өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында командалық жарыста топ жарды. 2017 жылы жасөспірімдер арасында өткен Ұлттар кубогында Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орыннан көрінді. Ол велошабондоздардың қатарында Глеб пен Евгений шеберлігімен көзге түсіп, құраманың күмісті еншілеуіне еңбек сіңірді.

Айбек Оралбай (бокс)

Айбек ілгерідегі спортшылар секілді Аргентинада өткен Олимпиадада алтын алып, спорт сүйер қауымды тәнті еткен еді. Осы жылдың сәуір айында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Айбек финалда өзбекстандық былғары қолғап шеберін жеңіп, чемпион атанды.

Әділбек Мусин (жүзу)

Астаналық 19 жасар суда жүзу шебері Индонезияда өткен Азиада ойындарында Қазақстан қоржынына қос қола медаль салды. Сонымен қатар сәуір айында Малага қаласында өткен Испанияның ашық чемпионатында күміспен күптелді. Әділбек еліміздің 50 және 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзу бойынша рекордшысы.

Алина Әділханова (көркем гимнастика)

Алина Қазақстанның абсолютті чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 17 жастағы гимнастшы қыз Азиада ойындарының екі бірдей алтынын жеңіп алды. Оның бірі командалық сайыста қоржынға түссе, келесісін жалғыз көпсайысты сында алды. Осы жылы шымкенттік қыздың еншісінде көпсайысты гимнастикадан Азия чемпионатының алтын медалі бар, ал командалық есепте 2-орыннан көрінді. Әділханова бүгінге дейін бірнеше халықаралық турнирлерде топ жарған.

Диас Бахраддин (ескек есу)

Қызылорадалық ескек есуші жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы. 16 жастағы Диас – байдарка және каноэде есуден ҚР спорт шебері. Қазақстан Республикасының  екі дүркін чемпионы, күміс және бірнеше мәрте қола жүлделермен марапатталған. Биыл Испанияда өткен лицензиялық халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: