13.10.2025
13:17
572
ЖИ жасаған суреттерді қалай ажыратуға болады?

ЖИ жасаған суреттерді қалай ажыратуға болады?

Қазір жасанды интеллект жасаған сурет пен шынайы суретті ажырату қиындап барады. Мұны әсіресе алаяқтар тиімді пайдаланатын болған. Дегенмен мұқият қарасаңыз, «жасандылықтың іздері» бәрібір байқалады. Ендеше басты белгілерін тізіп өтейік, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

1. Қол мен саусақтар

Бұл – ең оңай байқалатын белгі.

Кейде саусақ саны артық немесе олар өзара бірігіп кеткен болуы мүмкін, одан қалды иілуіне табиғи көрінбейді. Себебі ЖИ әлі күнге дейін адамның қолының анатомиясын дәл сала алмайды – бұл нейрожелілер үшін ең қиын аймақтардың бірі.

2. Құлақ, көз, тіс сияқты ұсақ бөлшектер

Көз

ЖИ көзді салуда жиі қателеседі. Қарашығының пішіні дұрыс болмайды (дөңгелек немесе толық емес), ал көздің түсі табиғи емес көрінеді.

Кей суреттерде көздер әр бағытқа қарап тұрады немесе шағылыстар бір-біріне сәйкес келмейді.

Құлақ

Нейрожелілер кейде құлақты да дәл бере алмайды. Егер суретте сырға болса, олардың пішіні мен орналасуын салыстырыңыз, әдетте олар әртүрлі немесе бір құлаққа дұрыс бекітілмегенін байқайсыз.

Тіс

Кей суреттерде тіс қатары біртұтас «ақ жолақ» сияқты көрінеді, арасында саңылау болмайды. Кейде тіс саны тым көп немесе аз болуы мүмкін. Тістер бір жағына қисайып, қызыл иекпен немесе ерінмен қосылып кетуі де ықтимал.

Шаш

Жасанды суреттерде шаш тым тегіс немесе құрылымсыз көрінеді – кейде бір-біріне қабаттасқан штрихтардан құралғандай әсер қалдырады.

Жеке шаш талдары күтпеген жерден шығып тұруы мүмкін. Кейде шаш айналасында түсініксіз «жарық шеңбер» пайда болады.

Жалпы, симметрия мен ұсақ деталь – ЖИ үшін ең ауыр сынақ.

3. Тым мінсіз, симметриялы бет

Нағыз адамның жүзі 100% симметриялы болмайды. Ал ЖИ жасаған портреттерде мұрын, көз, ерін, қас – бәрі мінсіз орналасады.

Тері

Түс тым біркелкі, жылтыр, кейде өңі боз немесе қызарған. Микрошуға, тері бедеріне ұқсас табиғи элементтер болмайды, сондықтан тері «пластик» сияқты әсер қалдырады.

Бет пішіні

Адамның жүзі әдетте сәл де болсын асимметриялы.

Нейрожелілер көбіне екі жағын айнадай етіп салады. Есесіне көздің немесе құлақтың өлшемі әртүрлі болып кетеді.

Дене пропорциясы

ЖИ көбіне пропорцияны сақтай алмайды: қол қысқа, саусақ ұзын, бас үлкен немесе аяқ тым жіңішке болуы мүмкін.

4. Фондағы жазулар мен белгілер

Фондағы мәтін мен логотиптер – ең «әлсіз» тұс. Әріптер қисық, орындары ауысқан немесе мүлде оқылмай қалады.

ЖИ үшін шынайы мәтін жасау өте қиын.

5. Табиғи емес жарық пен көлеңке

Кей суреттерде көлеңке жарық бағытымен сәйкес келмейді, мысалы, жарық оң жақтан түсіп тұрса да, көлеңке сол жақта болуы мүмкін. Бұл әсіресе бірнеше адам немесе зат бейнеленген суреттерде анық байқалады.

Шағылыстар да қате беріледі – мысалы, көз әйнегіндегі немесе терезедегі көрініс шындыққа сәйкес келмейді.

6. Қайталанатын элементтер

ЖИ фондағы немесе киімдегі өрнектерді жиі қайталайды. Әсіресе көп адам бейнеленген суреттерде кей адамдар бір-біріне қатты ұқсайтынын, кейде қосымша қол немесе аяқ пайда болғанын байқайсыз.

7. Контекст пен қисынның бұзылуы

Кейде адам ауада қалқып тұрғандай, не судың үстінде тірексіз тұрғандай көрінеді.

Тарихи немесе мәдени контексте де қателер көп: мысалы, белгілі бір дәуірге тән емес киімдер, заманына сай келмейтін заттар.

Киім

ЖИ сәнді нақты түсінбейді: түймелердің саны сәйкес келмейді, бантик орынсыз тұруы немесе қатпарлар қисынсыз болуы мүмкін.

Архитектура мен заттар

Ғимараттардың қисық, көліктердің қисынсыз, пропорциялардың бұзылғанын көресіз.

8. Жасанды көрінетін текстуралар 

ЖИ физика мен геометрия заңдарын да «ұмытып» кетуі ықтимал:

  • мысалы, теңіз беті айнадай тегіс, ал шөп қисайып кетеді.
  • кейде адам денесі созылып немесе қысылып көрінуі мүмкін.
  • фон тым бұлыңғыр, абстрактілі болса, бұл да ЖИ-дің өз қателіктерін «жасыруының» тәсілі.

9. Мәтіндік қателер

ЖИ мәтінді түсініп, оны суретке дұрыс енгізе алмайды.
Сондықтан жазуларда орфографиялық, мағыналық немесе орналасу қателері жиі кездеседі.

Суреттегі маңдайша, дүкен атауы, жол белгілері – бәрі «әдемі, бірақ түсініксіз» болуы мүмкін.

10. Техникалық белгілер

EXIF-метадеректердің болмауы. Шынайы фотоларда түсірілген құрылғының атауы, уақыты мен орналасқан жері сияқты ақпарат көрінеді. Ал ЖИ суреттерінде мұндай деректер жоқ, бұл да олардың жасанды екенін айғақтайды.