Oxford Insights халықаралық талдау орталығы жариялаған Government AI Readiness Index 2025 рейтингінде Қазақстан әлемнің 195 мемлекеті арасында 60-орынға ие болып, бір жыл ішінде бірден 16 позицияға жоғарылады. Бұған дейінгі (2024 жылғы) рейтингте еліміз 76-орында тұрған еді. Өңірлік бөліністе Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектіні енгізу және басқару деңгейі бойынша көш бастап, “аймақтағы ең дамыған цифрлық мемлекеттердің бірі” мәртебесін растады.
Government AI Readiness Index үкіметтердің жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда, экономикада және қоғамдық процестерде тиімді қолдану қабілетін, сондай-ақ ЖИ-дің қауіпсіз, жауапты және орнықты дамуына жағдай жасау деңгейін бағалайды. Зерттеу 195 елді қамтиды және мемлекеттердің жасанды интеллект саласындағы рөліне ғана бағытталған бірегей халықаралық рейтинг болып саналады.
Қазақстанның рейтингтегі ілгерілеуі институционалдық және инфрақұрылымдық базаның нығаюын, сондай-ақ ЖИ-дің мемлекеттік секторда белсенді енгізілуін көрсетеді.
Еліміз әсіресе Public Sector Adoption бағыты бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, 73,59 балл жинады. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қызметтерде цифрлық шешімдердің кеңінен қолданылып жатқанын, электрондық үкіметтің дамуын және азаматтар мен бизнеске арналған сервистердің проактивті форматтарға көшуін айғақтайды.
Президенттің Жолдауы мен негізгі мемлекеттік құжаттарында жасанды интеллект пен цифрлық трансформация ел дамуының басты ұлттық идеясына айналды. Бұл бағыт бүгінде экономиканың барлық саласына жүйелі түрде енгізіліп жатыр. Биылғы Жолдаудың өзі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оларды түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталды.
Мемлекет басшысының айтуынша, цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп келеді. Әлемде жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс күн санап артып отыр. Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы іске қосылды.
Алайда жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын тек жоғары оқу орындарында емес, әлдеқайда ертерек - мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру қажет. Осы мақсатта мектеп оқушыларына арналған ЖИ негіздері бойынша оқу бағдарламалары мен оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу, сондай-ақ мұғалімдердің жасанды интеллект технологияларын меңгеру құзыретін арттыру міндеті қойылып отыр.
Сонымен қатар қашықтан оқыту мен ЖИ мүмкіндіктеріне сүйенген «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу ұсынылды. Бұл платформа ауылдағы оқушыларды сапалы біліммен қамтып, білім беру саласындағы теңсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан жасанды интеллект саласын заңнамалық деңгейде реттеген әлемдегі алғашқы елдердің қатарына қосылды. «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы былтырғы парламенттік сессия барысында Мәжіліс қабырғасында таныстырылып, бірінші оқылымнан өткен еді. Күзде депутаттар құжатты қайта қарап, түпкілікті қабылдады.
17 қарашада заңға Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл – елдің технологиялық дамуы жолындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді.
Құжатқа сәйкес, Қазақстанда жасанды интеллект адамды алмастыратын жүйе емес, оған көмек көрсететін құрал ретінде заң жүзінде танылды. ЖИ қолданудан туындайтын жауапкершілік оның меншік иелеріне, иелік етушілеріне және пайдаланушыларына - әрқайсысына өз рөлі аясында жүктеледі.
Заңда адам санасына ықпал ететін, заң бұзуға немесе жеке деректерді заңсыз жинауға қабілетті ЖИ-жүйелерді қолдануға тыйым салынады. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен алынған барлық нәтижелер міндетті түрде таңбалануы тиіс. Бұл ашықтық пен сенімділікті арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ құжатта ұлттық жасанды интеллект платформасын құру қарастырылған. Ол ЖИ-модельдерді әзірлеуге, оқытуға және белгілі бір уақыт шеңберінде сынақтан өткізуге арналған қауіпсіз орта болмақ.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жарлыққа сәйкес, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылды. Бұл туралы 18 қыркүйекте Ақорда ресми түрде хабарлады.
Жарлыққа сай, инновациялық қызмет саласындағы бірқатар функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзыретіне берілді.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект министрлігін құру қажеттігін биылғы Жолдауында көтерген болатын.
Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы аясында Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығының таныстырылымы өтті. Alem AI орталығы ғылым, өнеркәсіп, шығармашылық индустриялар мен мемлекеттік қызметтер сияқты негізгі салаларда технологияларды дамыту мақсатында құрылған.
Ғимарат 8 қабаттан тұрады. Орталықтың бірінші қабатында ЖИ саласындағы жетістіктерге арналған форумдар мен ашық дәрістер өткізуге арналған қоғамдық кеңістік және AI мұражай орналасады.
2-3-қабатта әйгілі TUMO Education бағдарламасы іске қосылады. Мұнда 12-18 жас аралығындағы оқушылар 3D-модельдеу, компьютерлік графика, фильм және музыка өндірісі, генеративті ЖИ және робототехника бойынша қосымша білім алады.
Біз мұнда жылына 12-18 жас аралығындағы 5 мың баланы оқытуды жоспарлап отырмыз. Олар 11 түрлі бағыт бойынша білім алуына болады. Бұл қосымша білім беру бағдарламасы болғандықтан, оқушылар сабақтан кейін немесе сабаққа дейін келіп оқи алады. Осылайша балалар TUMO-да үздік мұғалімдерден озық технологияларды меңгеруді үйренеді, - деп түсіндірді Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тен.
4-5-қабатта Tomorrow School жасанды интеллект мектебі ашылады. Ол 18 жастан асқан азаматтарға арналған. Мұнда олар peer-to-peer форматында оқытушысыз білім алады. Жылына шамамен 1000 студент 50-ден астам нақты жобаны бірлесіп жүзеге асырады деп жоспарланып отыр. Мектеп тәулік бойы тегін жұмыс істейді.
Бірнеше жылдан бері айтылып келген, көпшілік «Илон Масктің интернеті» деп атап кеткен Starlink қызметі Қазақстанда ресми түрде қолжетімді болды. Алғашқы кезеңде бұл спутниктік интернет пилоттық жоба ретінде ауылдық мектептерде сынақтан өткізілген еді. Ал биылғы тамыз айынан бастап қазақстандықтар Starlink-ті үйде де, сапар барысында да заңды түрде қосу мүмкіндігіне ие болды.
Starlink - SpaceX компаниясы ұсынған спутниктік интернет жүйесі. Оның басты артықшылығы - шалғай елді мекендерде де жоғары жылдамдық пен тұрақты байланыс қамтамасыз етуі. Қызмет мыңдаған жасанды жер серігі арқылы жұмыс істейді.
Дәстүрлі спутниктік интернеттен айырмашылығы - Starlink спутниктері төменгі орбитада, шамамен 550 шақырым биіктікте орналасқан. Соның арқасында сигнал әлдеқайда жылдам жетіп, кідіріс деңгейі төмендейді. Бұл бейнеқоңыраулар, стриминг, онлайн ойындар және қашықтан жұмыс істеу үшін аса маңызды.
Қысқасы, Starlink - шалғай аймақтар үшін интернет мәселесін шешуге бағытталған жаңа буын технологиясы. Қазақстан үшін бұл цифрлық теңсіздікті азайтудың тағы бір нақты қадамы.