19.01.2026
17:21
685
ЖИ заң аясында: не істеуге болады, неден аулақ болу керек?

ЖИ заң аясында: не істеуге болады, неден аулақ болу керек?

Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Аталған заңда ЖИ-ді қалай пайдалану керегі, оның авторлық құқықпен байланысы және қандай контент жасауға тыйым салынатыны жазылған. Сол үшін құжаттың түртіп алар тұсын тізіп шықтық.

ЖИ-ді қолдану талабы

Айта кетерлігі, «Жасанды интеллект туралы» заң 6 тарау, 31 баптан тұрады. Заңда жазылғандай, ЖИ-ді пайдалануға қойылатын бірнеше талап бар. Алдымен, жасанды интеллекті қолдансаңыз, әділдік пен теңдік сақталуы керек. Оның қалай жұмыс істейтіні ашық әрі түсінікті болғаны жөн. Мысалы, әлеуметтік желіге ЖИ жасаған сурет не  бейнеүзік жүктесеңіз, міндетті түрде не қолданғаныңызды белгілеу шарт. Пайдаланушылар тауардың не белгілі бір қызметтің ЖИ-ді  арқылы жасалғанын білуі керек. Синтетикалық контентке міндетті түрде таңба қойып және ескерту арқылы белгілеу қажет. Бұдан бөлек, пайдаланушылардың дерегі мен жеке мәліметі қорғалып, жасанды интеллект жүйесі қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеуі міндет.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ жасанды интеллекті пайдаланатын әр адам заң алдында жауапты. Бұл – қарапайым халыққа да, осы салада еңбек ететін адамға да қатысты. Сіз жасаған дүниенің екінші бір адамға зияны тимеуі тиіс. Сол үшін оны үнемі бақылап, заңға сай қауіп-қатерін ескеруі қажет.  ЖИ жүйесінде энергияны үнемдеп, қоршаған ортаға кері әсерін мүмкіндігінше азайтқан дұрыс. Сапалы әрі сенімді деректі пайдалану  керегі тағы бар. Жеке деректің қорғалуын мұнда да естен шығармаңыз.

Автор құқығы және ЖИ

Жоғарыда айтқанымыздай, егер контент жасанды интеллект көмегімен жасалса, бұл туралы ескерту қажет. ЖИ жасаған материалда адамның ақыл-ой еңбегі, шығармашылық үлесі болса ғана авторлық туынды болып есептеледі. Оған қоса ЖИ-ге тапсырма беру арқылы жазылған промпта да авторлық құқық қорғалады. Себебі мұнда да адамның ойлау қабілеті рөл ойнайды. Ал промпт дегеніміз не? Бұл –  жасанды интеллектке берілетін тапсырма, сұрақ не болмаса нұсқау. Мысалы, «осы мәтінді қазақшала», «мен туралы өлең шығар», «қысқа жазба жазып бер» деп сұрау салып, тапсырма орындауды айтамыз.

Қандай жағдайда ЖИ-ге тыйым салынады?

Аталған заң бойынша жасанды интеллект жүйесін тәуекел деңгейіне қарай жіктейміз. Сәйкесінше төмен, орташа және жоғары тәуекел деңгейіне бөлеміз. Мысалы, адам тағдырына, қауіпсіздікке, мемлекеттік ақпараттық ресурста, қоғамға маңызды салаға әсері бар ЖИ жүйесін жоғары тәуекел деңгейіне жатқызамыз.  Ал төмен тәуекелі бар деңгейдің адамға, қоғамға айтарлықтай зияны жоқ, көмекші қызметін атқаратын жүйе. Мәселен, мәтінді түзетіп не аударып беретін бағдарлама, чат-бот, сурет өңдеу, тағы басқасын жатқызуға болады. Орташа тәуекел деңгейіне келсек, адамға не оның құқығына әсер етуі мүмкін. Сол үшін оны бақылап, қадағалаған жөн. Мысалы, білім беру саласындағы бағалауға көмектесетін ЖИ, банктегі скоринг жүйесі және тағы басқасын атап өтеміз.  Оған қоса автоном деңгейіне қарай да бөліп қарастырамыз. Мысалы, ЖИ-де белгілі бір адамның қатысуымен жасалатын жүйе бар, толықтай автоном түрде жұмыс істейтіні де бар. Мысалы, толық автоном жүйеде алдын ала берілген дерек пен ережеге сүйеніп жұмыс істейді. Ескерерлігі, жоғарыда жіктелген жүйе бойынша тыйым салынады:

  • манипулятивті әдістерді қолдануға (адамның жасына, денсаулығына немесе әлеуметтік мәртебесіне байланысты осал тұсын пайдалануға);
  • әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беруге (адам эмоциясын оның келісімінсіз көрсетуге)
  • жеке деректер туралы заңнаманы бұзуға;
  • тыйым салынған контент жасауға немесе таратуға.