Бас прокуратурада Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен және отандық IT-мамандардың қатысуымен әзірленген есірткі қылмысына қарсы күреске бағытталған екі инновациялық жоба «CryptoTrace» және «ProkAi» таныстырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Екі жоба да Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» идеясын жүзеге асыру шеңберінде өтеусіз негізде жасалып, прокуратураның балансына берілді.
«CryptoTrace» - онлайн транзакцияларды талдау арқылы есірткі саудасымен байланысты қаржылық ағындарды анықтауға мүмкіндік беретін жаңа буындағы іздеу жүйесі.
«ProkAi» - интернеттегі есірткі саудасын анықтайтын интеллектуалды жасанды интеллект платформасы.
Берік Асыловтың айтуынша, «ProkAi» тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді және кәсіби мамандарға қарағанда жүздеген есе көп іздеу операциясын орындай алады.
«ProkAi чат-боты іске қосылған үш ай ішінде 2 мыңнан астам дропперлердің шоты анықталды. Бағдарлама қылмыскерлер пайдаланған SimBox құрылғылары арқылы есірткі дүкендерінің нөмірлерін анықтап, қылмыстық қаржы шоттарының кең желісін әшкереледі», - деп жазды Бас прокурор.
Жобалар нақты тергеу тәжірибесінде сынақтан өтті. Бағдарламаның көмегімен 15 мыңнан астам дроппер шоты, оның ішінде 2 мыңы қазақстандық, 13 мыңы шетелдік және 620 криптовалюта әмияны анықталған.
Тексеру нәтижесінде жүзден астам тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тергеу барысында есірткі саудасынан түскен 5 млн USDT көлеміндегі заңсыз активтердің ізі табылған.
«Жасанды интеллект құқықтық тәртіп жүйесінің маңызды бөлігіне айналады. Ол тек тергеу ісін тиімді етпей, сонымен қатар технологиялық әдістер арқылы қылмыстың алдын алуға да көмектеседі», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, жуырда Қарағанды облысында 900 келіден астам есірткі заты тәркіленгені белгілі болды.