Жасанды интеллектпен жазылған мәтіндер интернет кеңістігін жаппай жаулап алды деуге болады. Олар әлеуметтік желілерде ғана емес, оқу материалдарына еніп, сараптамалық пікір ретінде ұсынылып, тіпті ғылыми ортада да қолданыла бастады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ал бұл дегеніміз жазылған дүниенің қайсысы рас, қайсысы жалған екенін анықтау қиындап барады деген сөз.
Айталық, сіз «Қазақстан экономикасының болашағы» деген мақаланы ашасыз. Мәтін жинақы, сенімді, жеңіл оқылады. Бірақ авторы көрсетілмеген, дереккөз де жоқ, сілтеме де жоқ. Айтылған ойды тексеру де мүмкін емес.
Зерттеушілер мәтіннің қайдан шыққанын «көзбен шамалап» емес, оның ішкі құрылымын талдау арқылы анықтауға тырысты. Олар нақты сөздерге емес, мәтіннің артындағы ойлау стиліне назар аударды.
ЖИ-мен жазылған мәтін де автор жазған мақала секілді сауатты болуы мүмкін. Бірақ біреуі тірі адамның ой толғауына ұқсаса, екіншісі эмоциясыз, мінсіз құрастырылған есеп сияқты көрінеді.
Жасанды интеллект ұзақ, анықтамасы мен жалғауы көп сөйлемдерді құп көреді. Мұндай сөйлемде түпкі ойды түсіну қиын.
Адам да күрделі сөйлемдерді пайдалануы мүмкін, бірақ үнемі емес.
Мысалы: «Жаһандық экономикалық үдерістердің көпфакторлы трансформациясы жағдайында…» – сөйлем ұзара береді, ал мағына көмескілене түседі.
ЖИ мәтіндері көбіне өте кесім сөзбен қорытындыланады. Яғни «мүмкін», «ықтимал», «болжам бойынша» деген секілді сақтық формалары сирек кездеседі.
Мысалы:
«Бұл әдіс аталған мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы» – не балама жоқ, не контекст жоқ.
ЖИ тақырыптың маңызын ұзақ түсіндіреді, есесіне нақты дерекке көшуге асықпайды.
Нәтижесінде оқырман өзіне керек мәліметке жеткенше-ақ шаршап қалады.
Мысалы, мақала технологияның адамзат үшін маңызы жайлы үш абзац болуы мүмкін, бірақ бірде-бір нақты мысал, сан немесе дәлел жоқ.
Ғылыми мақалаларда нейрожелілер терминдерге тым әуес. Ал тұрмыстық тақырыптарға келгенде, керісінше, көзге анық жайттарды қайта-қайта түсіндіре береді.
Мысалы, несие туралы мақалада «ақша деген не» деген сұрақтың жауабы ұзақ баяндалады да, қарыз шарттары үстірт қана айтылуы мүмкін.
ЖИ бір ойды қайталай береді. Алғашқыда мазмұны бай сияқты көрінгенімен, кейіннен айтпағы бір екенін түсінесіз.
Мысалы:
«Түсіну маңызды», «осы жайтты ескеру қажет», «бұл факторды назардан тыс қалдыруға болмайды» – мағына бір, форма әртүрлі.
Қазіргі нейрожелілер әдейі «ұсақ қателер» жіберіп, тірі адамдай көрінуге тырысады.
Мәтінде қажетсіз сызықшалар, артық бос орындар немесе жасанды ауызекі тіркестер пайда болуы мүмкін. Бірақ олар мазмұнды тереңдетпейді.
ЖИ мәтінін тану үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Саналы түрде оқып шығудың өзі жеткілікті.
Зерттеушілердің айтуынша, стандарттан тыс стиль мен жеке сұранысқа бейімделген мәтіндер бұл айтылғандарды жоққа шығаруы мүмкін. Себебі ЖИ тез бейімделіп, ал шекара барған сайын бұлдырап барады.