Музыка бұрын тек адамға тиесілі өнер сияқты қабылданатын. Ән жазу сезімнің, тәжірибенің, ішкі күйдің көрінісі еді. Алайда соңғы жылдары бұл түсінік түбегейлі өзгеріп жатыр. Бүгінде жасанды интеллект тек көмекші құрал емес, кей жағдайда толыққанды автор мен орындаушыға айналып үлгерді. Ең қызығы – AI арқылы жасалған кейбір әндер жай тәжірибе деңгейінде қалып қоймай, әлем бойынша хитке айналып, миллиондаған тыңдалым жинап отыр. Бұл – музыка индустриясының ережелері қайта жазылып жатқанын көрсететін құбылыс.
Оқи отырыңыз:
Алғашқы үлкен резонанс тудырған мысалдардың бірі – 2023 жылы ghostwriter977 жариялаған «Heart on My Sleeve» әні. Бұл тректе Drake пен The Weeknd-тің дауыстары жасанды интеллект арқылы дәл көшіріліп, тыңдарманға ұсынылды. Көпшілік оны шынайы орындаушылардың жаңа туындысы деп қабылдап, бірнеше күн ішінде ән миллиондаған қаралым жинады. Кейін авторлық құқық мәселесіне байланысты өшірілгенімен, бұл трек AI музыкасының мүмкіндігін бүкіл әлемге паш етті.
2025 жылы бұл үрдіс одан әрі күшейді. Breaking Rust атты толықтай жасанды интеллект негізінде құрылған орындаушының «Walk My Walk» әні Billboard чартында көш бастап, үлкен жетістікке жетті. Бұл жобада ән де, орындаушы да – түгелдей алгоритмнің өнімі.
Тағы бір қызық құбылыс – The Velvet Sundown жобасы. Бұл – өмірде жоқ топ. Бірақ олардың әндері миллиондаған тыңдалым жинап, тыңдарман оны шынайы топ деп қабылдаған. Бұл қазіргі аудитория үшін әннің артында кім тұрғанынан гөрі, оның қалай естілетіні маңыздырақ бола бастағанын көрсетеді.
Жасанды интеллектпен ән жазу үрдісі Қазақстанға да жетті. Соның айқын мысалы – Айқын Төлепберген мен Shiza орындаған «Сен» әні.
Бұл трек көпшілік арасында тез тарап, биылғы хит әндердің бірі ретінде бағаланып жүр. Ең қызығы – әнді дайындауға жасанды интеллект қолданылған.
Айқын Төлепберген бұл туралы өз жазбасында ашық айтып, жаңа технологияны алғашқылардың бірі болып пайдаланғанын жеткізді:
Жалпы Қазақстанда жасанды интеллектіні ән жазуда алғаш қолданған әншілердің бірімін деп ойлаймын. «Сен» – осы бағыттағы жобалардың бірі. Бұл әннің аранжировкасын жасанды интеллект жасап берді, бұл – тректің басты фишкасы. Куплеті толықтай Шизаның стилінде жазылса, қайырмасы поп бағытта, менің стиліме жақын етіп жасалды. Соңғы екі-үш жылда жазылған көптеген ән осы студиядан, жасанды интеллекттің көмегімен шықты.
Әнші сондай-ақ бұл технологиядан қорықпау керегін атап өтті:
Біз бұл әнді түрлі музыкалық элементтерді біріктіріп жасадық. Сондықтан жасанды интеллекттен қашпау керек. Керісінше, оны дұрыс пайдалану қажет. Бұл – жаңа мүмкіндік.
@aikyn_tolepbergen «SEN» әнінің шығу тарихы 💛
♬ оригинальный звук - Aikyn
Жасанды интеллект музыканы сезіммен емес, дерекпен жасайды. Ол мыңдаған, тіпті миллиондаған әнді талдап, олардың құрылымын, әуенін, ритмін зерттейді. Қай жерде тыңдарман көбірек тыңдайды, қай тұста ән «ұстап қалады» – соның бәрін есептейді. Сол заңдылықтардың негізінде жаңа трек құрастырады. Сондықтан AI жасаған әндер көбіне құлаққа таныс әрі жеңіл қабылданады.
Біріншіден, олар цифрлық платформалардың алгоритміне бейімделген. TikTok пен Spotify сияқты сервистер үшін ең маңыздысы – тыңдарманның назарын ұстап тұру. Ал ЖИ дәл осы жайтты ескереді. Екіншіден, мұндай әндер таныс стильде болады. Тыңдарман жаңа трек тыңдап тұрса да, оны бұрын естігендей қабылдайды. Үшіншіден, қызығушылық факторы бар. «Бұл әнді адам жазды ма, әлде ЖИ ме?» деген сұрақтың өзі контентті тез таратады.
Бүгінде ән жазу үшін міндетті түрде кәсіби студия немесе үлкен команда қажет емес. Жасанды интеллекттің көмегімен кез келген адам қарапайым құралдар арқылы өз трегін жасай алады. Қазір әлемде AI арқылы музыка жасауға арналған бірнеше танымал платформа бар. Соның ішінде ең көп қолданылатындары:
– Suno AI – мәтін жазсаңыз жеткілікті, ол толық ән (вокалмен бірге) жасап береді;
– Udio – сапалы дыбыс пен әртүрлі жанрда ән құрастыруға мүмкіндік береді;
– AIVA – көбіне инструментал, киноға арналған музыка жасауға ыңғайлы;
– Soundraw – фондық музыка мен коммерциялық тректер жасауға қолайлы.
Бұл сервистердің ерекшелігі – қолданушы тек идея береді: тақырып, стиль, көңіл күй. Қалғанын алгоритм өзі құрастырады. Кейбір платформаларда тіпті «романтикалық поп», «қайғылы әуен» сияқты қысқа сипаттама жазсаңыз, дайын трек шығарып береді. Яғни музыка жасау процесі бұрынғыдай күрделі емес. Бірнеше минут ішінде толық ән дайындауға болады.
Жасанды интеллекттің дамуы музыканттар арасында алаңдаушылық та тудырып отыр. Авторлық құқық, дауысты рұқсатсыз пайдалану, шығармашылықтың құнсыздануы сияқты мәселелер жиі көтерілуде. Дегенмен бұл технология жаңа мүмкіндіктер де ашты. Енді кез келген адам үлкен студиясыз-ақ ән жазып, аудитория жинай алады.
Сөйте тұра сарапшылар болашақта музыка толықтай тек ЖИ-мен жасалады деген пікірмен келіспейді. Керісінше, адам мен технологияның бірлескен жұмысы күшейеді деп санайды. Адам идея мен эмоция береді, ал жасанды интеллект оны өңдеп, толыққанды өнімге айналдырады.